Атырау, 21 желтоқсан 06:57
 бұлттыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

АМӨЗ-ді жаңғырту жөніндегі тыңдау: Перетаска, обком комиссиясы және 88-жылғы жарылыс

Сурет
6 953 просмотра


15 наурызда «Ренессанс» қонақ үйінде «АМӨЗ-дегі мұнайды терең өңдеу кешенінің (МТӨК) құрылысы» жобасын түзету шеңберінде қоршаған ортаға әсерді бағалау (ҚОӘБ) жобасы бойынша жұртшылық тыңдауы өтті.

«ҚАЛДЫҚТАР – НОРМА ШЕҢБЕРІНДЕ»

Тыңдауды ұйымдастыруға облыстық әкімдіктің де едәуір ықпал еткені сезіліп тұр. Облыстық ардагерлер кеңесінің басшысы Қатимолла РИЗУАНОВ төраға болып сайланды. Залда зауыттықтар да, студенттер де біршама болды. Экологтардан тек Махамбет ХАКИМОВ пен Ғалия ҮМБЕТӘЛИЕВАНЫ байқадым. Тыңдауда сөз сөйлейтіндердің көпшілігі келмеді. Сөйлегендер ішінен, негізінен зауыттың ардагерлері, мақұлдау сөздерін айтты. Залдан «тәуелсіздер» сұрақ қоюға үлгермес үшін әдейі уақыт созып отыр деген наразы дауыстар да естілді.

Жобаның бас инженері, «Казгипронефтетранс» инжинирингтік компаниясы» ЖШС өкілі Владимир ВАСИЛЕНКО өз баяндамасында қазір Қазақстандағы үш АМӨЗ-дің барлығы жаңғыртудан өтіп жатқанын хабарлады. «Жаңғырту кезінде АМӨЗ-ді техникалық жарақтау 4 есеге көбейді», - деді ол. МТӨК құрылысының мақсаты ақшыл түсті мұнай өнімдерін шығаруды көбейту, жоғары октанді бензин мен авиаотын тапшылығын жою, мұнай өңдеу тереңдігін 60%-дан 85%-ға көбейту, мотор отынының сапасын К-4 және К-5 стандартына жеткізу болып табылады.

ҚОӘБ жобасын 2011 жылы «Омскнефтехимпроект» институты әзірлеп, сол жылы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды.

Жобаны түзету бас мердігер «Синопек» компаниясы енгізген өзгерістерге сәйкес туындады. Құрылымдық шешімдер, қондырғылардың қуаттылығы, құрылыстың сметалық құны өзгерді, - деп хабарлады Василенько.

Жоба шеңберінде зауытта қуаттылығы сағатына бір жарым тонна болатын бу ұстау жүйесі мен ақшыл түсті мұнай өнімдерін нүктелік құю қондырғысы, понтонды шатыры бар резервуар парктері мен қуаттылығы тәулігіне 58 тонна болатын түйіршіктелген күкірт өндіретін қондырғы салынады. МТӨК-тің базалық элементі – мұнай қалдықтарының каталитикалық крекингі жылына 2,4 млн тоннаға дейін ауыр фракцияларды өңдеуге, ал бұл мазуттан анағұрлым бағалы өнімдерді: сұйтылған газды, бензин мен жеңіл газойль алуға мүмкіндік береді.

«Ecokronos» ЖШС директоры Ольга УВАРОВАНЫҢ айтуынша, жүргізілген зерттеу жұмыстары зауыттың санитарлық-қорғау аймағындағы шекараларда қоршаған ортаға әсердің нормативтерге сәйкес келетінін көрсетті; жерасты суларындағы зиянды химиялық заттардың концентрациясы нормадан аспады; топырақтың азуы тіркелмеді. Өткен жылғы инвентаризация нәтижелері бойынша, АМӨЗ аумағында ластаушы заттар шығатын 239 көз бар деп есептелді, МТӨК-те олардың саны 37 болады. Ластаушы зат шығарындылар құрамына күкірт диоксиді, азот диоксиді, көмірсу оксиді, шекті көмірсутектер кіреді. МТӨК шығарындылары жалпы зауыт шығарындылары көлемінің 8 пайызын құрайды.



«ПЕРЕТАСКА ТҰРҒЫНДАРЫНА ҚАТЫСТЫ БӘРІ РЕТТЕЛДІ»

Содан соң «АМӨЗ» ЖШС бас директорының орынбасары Нұрлан КЕЙКИН тұрғындарды МТӨК санитарлық-қорғау аймағынан (СҚА) көшіру туралы баяндады:

- Заңнама бойынша СҚА аумағында тұрғын үй массивтерінің болуына рұқсат берілмейді. МТӨК СҚА-да Перетаска ауданында 3 жатақхана мен 144 жер телімі болды. Жер кодексіне сәйкес, мұнай өңдеу саласы нысандарын салу және қайта жарақтау мәжбүрлеп иеліктен шығаруға жол беретін жағдайларға жатады. Сондықтан жер телімдерін алу жергілікті атқарушы органдардың құзырына берілген.   

Өткен жылдың маусымында қала әкімі СҚА-на жер телімдерін мәжбүрлі иеліктен шығару туралы қаулы шығарды. 2016 жылдың қарашасынан бастап 2017 жылдың қаңтары аралығында зауыт қалалық әкімдікке иеліктен шығарылған бүкіл мүліктің құнын өтеу туралы келісімшарт бойынша барлық соманы - 2 млрд 821 млн теңгені үш траншпен аударды. Содан бері үш жатақхананың тұрғындары көшірілді. Жер телімдерінің қожайындарымен келісімшарттар жасалды, бүкіл проблемалық мәселелер шешілді. Заңды құжаттары жоқ бір үй қалды, бірақ бұл мәселе де шешілу кезеңінде. Биылғы жылдың маусымына дейін бүкіл тұрғындар көшірілуі тиіс.       

М.Хакимов Н.Кейкиннен МТӨК құрылысының аяқталу мерзімін сұрады.

- Мердігер жоспарына сәйкес, құрылыс биыл аяқталатын болады. Бірінші кезектегі жабдықтарды іске қосу-реттеу жұмыстарын шілдеде бастау жоспарланып отыр. МТӨК 12 технологиялық қондырғыдан тұрады. Олар кезеңмен енгізілетін болады. Бірінші кезеңде үш технологиялық қондырғылар мен жалпы қала шаруашылығындағы нысандар пайдалануға беріледі. Кезеңмен енгізілу кестесі мен технологиялық режимге шығу кестесі бар, - деп жауап берді Кейкин.  

«АЖ»-дан сұрақтар:

- В.Василенко мердігердің сметалық құнды өзгерткенін айтты. Көбею жағына ма, азаю жағына ма?  

- Әңгіме азғана көбею туралы болып отыр, алайда әзірге нақты цифрды атай алмаймын. Өйткені жобадағы өзгерістердің техникалық-экономикалық негіздемесінің мемлекеттік сараптамасы әлі аяқталған жоқ. Кезінде жобалаушы жобаға Ресей мен Қазақстанда қолданылатын стандарттағы жабдықтар мен құбырларды салды, ал қазіргі кезде құжаттамалардағы түзетулерден кейін жобада халықаралық стандарт қолданылады. Сондықтан да сметалық құны өзгерді.       

Ғ. Үмбеталиева СҚА-ның қазіргі шекаралары қондырғылардан қандай қашықтықта орналасқанын нақтылауды өтінді. Василенконың осы нақты сұраққа жауабы бұлыңғыр болды.

Ғалия Үмбеталиева


«КҮКІРТ ҚЫШҚЫЛЫН АЗ ҚОЛДАНАМЫЗ»

Шараның соңына қарай зейнеткер Мұхамеджан САПАРОВ сөз алды:

- Кеңес дәуірінде зауытта қолданылған күкірт қышқылын Сасықсайдың булану алаңына жабық каналдар арқылы құйып жоятын. Сумен жанасқан кезде бүкіл қаланы тұмшалап тастайтын ащы ыстық бу пайда болатын. Тұрғындардың шағымдары бойынша партия обкомының комиссиясы ұйымдастырылды, мен оның төрағасы болдым. Біз сол кезде мәселемен жете таныстық. Қазір технологиялық процесте күкірт қышқылы қолданыла ма?  

Сұраққа МТӨК жобасын техникалық сүйемелдеу бөлімінің бастығы Дмитрий МАКЕЕВ жауап берді:  

- АМӨЗ-дегі күкірт қышқылы тек екі жағдайда – зертханалық сынақ үшін (реагент ретінде аз мөлшерде) және судың рН (қышқылдық) деңгейін бақылау мақсатында айналма сумен қамту блогына беру үшін пайдаланылады. Қазір біз күкірт қышқылын осындай химреагентке ауыстыру нұсқасын қарастырудамыз. Жүйеге суды өңдеуге тәулігіне бір келіден аз қышқыл беріледі.   

Үлкен ауқымда күкірт қышқылы бұрын алкилация қондырғысында қолданылды. Алайда, қателеспесем, қондырғыда жарылыс болған 88-жылғы қайғылы оқиғадан кейін («Иә, болды», - деп, өтілі бар зауыттықтар сыбырласып жатты) бұл процессті қолдану тоқтатылды.  

Шара аяғында Қ. Ризуанов ҚОӘБ-нің түзелген жобасын мақұлдауды ұсынды. Тыңдауда аяғына дейін отырғандар бірауыздан дауыс берді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ 

Суретті түсірген Марат ТАКУЛИН

16 наурыз 2017, 23:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.