Қала кітапханаларында бейсенбі сайын таңертең адамдар пошташының келуін асыға күтіп, қазақ және орыс тілдерінде қағаз түріндегі «Ақ Жайық» газетін алғашқылардың бірі болып оқу үшін жиналатыны туралы хикая ғажайып болып естілді. Жоқ, рас екен. Ақпарат көз ілеспес жылдамдықпен таралатын, ал түрлі гаджеттер сәннен қалған ғасырда газет бағалаушыларды көру таңғаларлық еді. Бірақ, олар бар екен. Жаңалықтар оқу үшін ғаламторға жүгінбей, кітапханаға келетін олардың өз себептері бар.
Мұнайшы зейнеткер Жолдас ҚАНАТПАЕВ (жоғардағы суретте) – №1 қалалық орталық кітапхананың тұрақты оқырмандарының бірі. Мен оны газеттер мен журналдар оқып отырған кезінде кездестірдім.
- Оқығанды жақсы көремін. Интернет пайдаланбаймын. Газет-журналға жазылу қымбатқа шығады, ал кітапханада жаңа газет-журналдар көп болады. Кейбірін осы оқу залында оқып үлгеремін. Бұл жер тыныш, ешкім кедергі келтірмейді. Кейбірін үйге алып кетіп оқимын. Жақын жерде тұрамын. Әрі серуенге шыққан боламын, - деп әңгімеледі атай.
Диас ДОЩАНОВ (төмендегі суретте) «Ақ Жайықтың» жаңа нөмірін оқып отыр екен. Ол өзінің кітапханаға келуін былай түсіндіреді:
- Мен сіздердің тұрақты оқырмандарыңызбын. Қазір денсаулығыма байланысты жұмыс жасамаймын, газетті жаздырып оқуға мүмкіндігім жоқ. Көршілерден газетті сұрап оқуыма болады ғой, бірақ, адамдарды ұсақ-түйек үшін мазалағым келмейді. Жиенім ұялы телефоннан сіздің жаңалықтарыңызды қалай оқу керектігін көрсеткен еді, ал бұл әдіс маған қолайлы емес. Ұсақ, ыңғайсыз. Ал қолға кәдімгі газетті алып оқудың жөні бір басқа. Сондықтан соңғы нөмірін оқу үшін кітапханаға келемін. Сосын басқа да басылымдарды қараймын, үйде оқуға кітап алып кетемін. Бәрі тегін. Осы себепті де шығар, тұрақты оқырмандар арасында көпшілігі зейнеткерлер. Газет-журналдарды сатып алу өте тиімсіз. Ал егер сіздің газет туралы айтар болсақ, оқырмандар одан жергілікті, қазақстандық және халықаралық жаңалықтарды да оқиды, хабарландыруларды да қарайды, еске алулар да назардан тыс қалмайды, о дүниелік болғандар туралы да хабардар болады.
- Зейнеткерлерден басқа орта жастағы ер адамдар өте көп келеді. Сіздің газетіңізді алып, «Требуется» деген айдарды қарап, жұмыс іздейтінін байқадым. Мұғалімдер келеді. Біз көп саттықта жоқ әртүрлі әдістемелік журналдарды жаздырып аламыз. Ал қатардағы педагогқа жеке жаздырып оқу тиімсіз. Ал біздің кітапхана қазақстандық 185 басылымды жаздырып алады. Соның ішінде, жергілікті баспасөз де бар. Тағы ресейлік 9 басылым бар. Мерзімді басылымдардың оқырмандары арасында ересектер де, балалар да бар.
- Бірақ, енді оқырмандар көп емес шығар?
- Жеткілікті. Бізге кітап алуға да келеді. Ересектер мен балалар әдебиеті біріктірілген кітапханамыздың қорында саны 70 мыңдай. Ал жалпы №1 қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне кіретін барлық он бір кітапхананың қоры 200 мыңнан астам кітапты құрайды. Мәселен, биылғы жылдың бірінші тоқсанында бізге екі мыңдай оқырман келді.
- Таң қаларлық! Қазір кез-келген кітапты интернетке қосылған кез келген гаджеттен онлайн-режимде оқуға болады ғой.
- Иә, бірақ, кітаптардың бәрін интернеттен таба бермейсің. Оның үстіне парағын сыбдырлатып ашып оқитын кәдімгі кітаптардан оқығанды жөн көретін нағыз кітапқұмарлар бар. Біз де оқырмандардың назарын аударуға тырысамыз. Жаңа түскен кітаптармен таныстырамыз, тақырыптық кештер өткіземіз, қызықты адамдармен кездесу өткіземіз. Өзіміздің сайтымыз жоқ, десек те, барлық шаралар туралы қала тұрғындарына ақпарат береміз. Facebook пен ВКонтакте әлеуметтік желілерінен өз парақшаларымызды аштық. Қазір қорымыз бойынша электронды дерекқор жасаудамыз.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор