Облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВТЫҢ есеп беру жиынында Қарабатан стансасының тұрғыны өздерін қалаға көшіру туралы мәселені көтерген болатын. Ол әлі күнге дейін тұрғындар көмір жағып отырғанын айтып еді. Облыс әкімі «бұл мәселе қарастырылып жатыр» деп жауап берген болатын. Ал біз Қарабатан стансасына барып қайттық.
Қарабатан стансасы қаладан 35 шақырым жерде орналасқан, қала іргесіндегі Геолог ауылдық округіне қарайды. Мұндағы 27 үй теміржолға тиіп тұр, Қарабатан зауыты да онша қашық емес. Стансаның бір жағы теміржол болса, екінші жағында сор жатыр. Мұнда жол күйі нашар, жол деген атағы болмаса топырақты жердің ми батпағы шығып жатыр. Қар еріп, жаңбыр жауғанда бұл ауыл маңына көлік жоламайды. Теміржол станциясында еңбек ететіндер мен тұрғындар жеке көліктерін амалсыздан грейдер бойына тастап кете береді. Біз де тәуекелге бармай, көлігімізді ауылға кіреберіс тұсқа қойып кеттік.
Алдымыздан Рафхат АЙТЕКЕШОВ есімді тұрғын бірінші болып кезікті.
- Мен 1982 жылы темір жол стансасына жұмысқа кіріп, осы жерден зейнетке шықтым. Тоғыз балам бар. Балаларым жұмыссыздықтың кесірінен қала жағалап кетті, - дейді ол.
Мұндағы адамдардың басым бөлігі темір жол стансасында еңбек етеді, болмаса Атырау қаласына барып жұмыс жасайды.
ТАКСИСТЕР ҚЫМБАТ СҰРАЙДЫ
Мұнда дүкен болмағандықтан тұрғындар барлық керек-жарақтарын Атырау қаласынан тасиды. Азық-түліктерді де қапшықтап алып қояды. Таксистер жолдың жайсыздығын алға тартып, жол ақысын екі, үш есе көтеріп жібереді.
- Таксистер ауылға кіру үшін 3-4 мың теңге алады. Затың ауыр болғасын бұған амалсыз көнесің. Трассаның бойынан түссең, доссорлық таксистер 1 мың теңге алады. Есесіне екі шақырым жаяу жүруге тура келеді. Ал көмір, ағаш отын әкелу кезінде тіптен тығырыққа тіреліп қаламыз. Көлік иелері жол нашар болғасын Қарабатанға қарай жүргісі келмейді. Ал барған жағдайда қымбат сұрайды. Амалсыздан, сұраған бағаларына келісесің. Жедел жәрдемнің де ішке енуі қиын, - дейді жергілікті халық.
ҚАРҒАЛАР ҚЫРЫЛДЫ
- Бұл аймақ экологиясы жағынан мәз емес деп айтуға болады, - деді жергілікті тұрғын Амангелді ИГИЛМАНОВ – Мұны түсіну үшін эколог болудың қажеті жоқ. Алғаш зауытты тәжірибеден өткізгенде үлкен зардапты бастан кешірдік. Ол бұдан екі жыл бұрын болса керек, ұмытпасам. Алдымен жұмыртқаның шірік иісі келді. Ал кейін ағаштар басындағы қарғалар өздіктерінен өлді де қалды. Ал өзімнің итімді көргенде әбден шошындым, әдейі біреу қырқып тастағандай үстіндегі жүн түгі қалмай түсіп қалыпты. Бұл сұмдық көріністер әлі көз алдымда. Жасым 70-тен асқанда ғайбат айтып не керек. Жеміс ағаштары, еккен бақшамыз шықпайды, сарғайып өз-өзінен құрып кетеді.
Жергілікті халық та денсаулықтары үшін қатты алаңдайды. Бірі жүрек, қан қысымы, екіншісі аллергия барына шағымданады. Олар балалары үшін де қорқып отыр. Станса басында мал өсіру де оңайлыққа түспеуде. Жайылыс тапшы. Іргеде темір жол орналасқан. Оны қоршап қойғандықтан ол жаққа мал бара алмайды. Балаларының да емін-еркін ойнауы үшін де мүмкіндік болмай отыр екен.
ИНТЕРНАТТА ОҚЫП ЖҮР...
Ал мектеп жасындағы балалар Бесіктідегі және Доссордағы мектеп интернатта жатып оқиды. Көп балалы ана Гүлзира ХАМЗИНАНЫҢ айтуынша, бес баласының үшеуі Бесіктідегі интернатты оқып бітірген, енді кейінгі екі баласы сонда оқып жатыр.
- Бесіктідегі балалардың аптасына бір рет келіп-кетуі үшін арнайы автобус бөлінген. Ал мен төрт немеремді пойыз арқылы Доссорға өзім апарамын. Жолсеріктер кейде балалар үшін ақы сұрайтындары бар. Стансада мектеп болмағаннан кейін амал жоқ, оған да көніп жүрміз. Бізді қалаға көшірсе жақсы болар еді, - дейді Ақылай ИГИЛМАНОВА.
КОМИССИЯ АҚЫРЫ КЕЛГЕН ЖОҚ
Бисенғали ЖАНИЕВ, Жамиға ТӨЛЕШОВА, Азиза МАХАТОВА, Елтай МҰХАМБЕТЖАНОВ бастаған тұрғындар көшіру мәселесін қайта-қайта қозғады. Станса басында газ жоқ, жарық та мәз емес, осы жерде бірнеше обьектілердің орналасуынан трансформатордың күші жетпейді. Ал Игилмановтар 70 мың теңгеге трасформатор сатып алып, үйдің қасына орналастырғанымен бәрібір токтың қуаты жетпейді екен. Жұртшылық жарықтың сығырайып тұруына амалсыз көндігуде.
- Мен эологиялық және әлеуметтік мәселелерді айтып, «Нұр Отан» партиясында бардым. Олар комиссия жіберіп анықтаймыз деген болатын. Бірақ, ешкім келген жоқ, - дейді А. Игилманов.
Геолог ауылдық округінің әкімі Нұржан ЖҰМАХАНОВТЫҢ айтуынша, Қарабатан стансасының тұрғындарын көшіру мәселесінің 2012 жылдан бері көтеріліп келе жатыр екен.
- Қарабатан стансасында табиғи газ жоқ, жол жоқ, мектеп пен балабақша жоқ. Көбі үй жалдап қалаға кетуге мәжбүр болып отыр. Көшіру мәселесі 2012 жылы облыс әкімі РЫСҚАЛИЕВТЫҢ кезінде көтеріліп, барлық техникалық құжаттары жинастырылған болатын, - дейді Н.Жұмаханов. - Содан бері стансаны көшіру туралы мәселе жабылып қалды. Одан кейін облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ келгенде бұл мәселені тағы да көтердік. Ол кезде облыс әкімі тұрғындар жиынында бұл ауылды көшіру болмайды деп нақты жауап берді. Енді биыл қала әкімі Серік ШАПКЕНОВ келгеннен кейін Қарабатан тұрғындары өздерін қалаға көшіруді өтінді. Жақында облыс әкімі көшіру жайын қарастырып жатқанын айтты, бірақ, оны нақты қалай болатынын айта алмаймын. Қазіргі таңдағы жағдайы су мен жарық бар. Ендігі халықтың қойып отырған талабы бізге жол керек емес, көшірсе дейді. Қала әкімі әлеуметтік мәселелерді шешу үшін пәленбай қаражатты шығарғанша көшірген жөн деген. «Болашақ» зауыты стансадан 12 км қашықта жатыр, сол себепті станса санитарлық қауіпті аймаққа жатпайды. Егер арасы жеті шақырым болса ғана жатады. Бұл жөнінде зауыт салынады дегеннен бастап бірнеше рет мәселе көтердім. Ауылдық округтің әкімі ретінде айтарым, көшіруді қалап отырмын. Мұны тек облыс әкімі шешетіні түсінікті.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор