Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Дина КАМЕЛОВА міндетті сақтандыру тетігі мен принциптері туралы әңгімеледі.
Қазақстанда қазір міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыруды енгізбекші. «Әлеуметтік» деген сөз бұл жерде үлкен жүкке ие. Азаматтардың 17 санаты үшін (зейнеткерлер, жүкті әйелдер, балалар, әскери қызметкерлер және т.б.) сақтандыруды мемлекет төлейді. Міндетті медициналық сақтандыру қоры (ММСҚ) кезінде болған полистер енді өзекті емес. Пациенттердің барлық мәліметтері бірыңғай электронды базада сақталатын болады. Емханаға жүгінген кезде тек ЖИН-ді ғана көрсету қажет. Егер Атырау тұрғыны медициналық қызмет алу үшін Астанаға барса, оны ол жерде проблемасыз қабылдайды. Өйткені, оның артынан ақша келеді. Бұл жағдайда ақша қордан пациент бекітілген Атырау емханасына емес, Астанаға жіберіледі. Жергілікті жерлерде де сол принцип қолданылады: айталық, №1 емхана пациенттерінің №2 емхананың дәрігерлерінен кеңес алуға құқығы бар. Мұнда оларға ол емханаға есепке тұру міндетті емес. Бұл жағдайда жақсы атаққа ілінбеген емхана кешікпей банкрот болуы мүмкін, осылайша дәрігерлерді бәсекелестікке үйреткісі келеді.
Екінші жайт - әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорының қаржысы аз қажет ететін пациенттен өте мұқтаж пациентке жіберілетін болады. Мәселен, көп елдерде егер адамның қымбат тұратын отаны жабуға сақтандыру қаржысы жетпесе, ол бұл ақшаны жинауға мәжбүр.
Қазақстанда, Д. Камелова түсіндіргендей, басқа жүйе болмақ: мұндай жағдайда қор оған қажетті операцияға қаржы қосады. Бұл қазір емделуге мұқтаж емес адамдардың ақшасы.
Олар қорға ақшаны босқа аударады деп наразылық білдірудің қажеті жоқ. Өйткені олар бәрібір кәсіби тексеруден, скринингтен өтеді, екпелер алатын болады.
Журналистерді «бұдан қателік туындамай ма, бүкіл пациенттер ұлттық медициналық орталықтарға емделуге барса, ол жердегілер мұндай ағымды игере алмауы мүмкін» деген сұрақ қойды. Алайда, Д.Камелованың айтуынша, біздің тұрғындарымыз емдеу мекемесін таңдау құқығын ынталана пайдаланады деп айтуға болмайды. Көбінесе жоғары білікті көмекке мұқтаж жүкті әйелдер Астанаға барудан үзілді-кесілді бас тартады. Бәлкім, босанғаннан кейін 40 күн басқа қалада тұрғысы келмейтіндіктен шығар. Өйткені, бізде бұл мерзімге дейін кішкентай сәбимен жол жүрмейді. Бұдан басқа, енді оларға көлік шығындары өтелмейді, бұл шешім қабылдау кезінде маңызды рөл атқарады.
- Болашақта соншама халық ақшасы салынған емханалардың банкротқа ұшырауына қатысты да сұрақ тудырды. Сонда мемлекет қолдау шарасын қарастырмай ма?
- Биылғы жылға дейін емханалар мен орталық аудандық ауруханалар облыстық денсаулық сақтау бөлімдері арқылы қаржыландырылды. Ал стационарлар, облыстық ауруханалар, перзентханалар, онкология диспансерлері медициналық қызметке ақы төлеу комитеті (МҚТК) арқылы қаржыландырылды. Мұқият тексеруден кейін комитет оларға нақты орындалған жұмыс көлемі үшін ақша аударып отырды. Мәселен, аурухана жыл ішінде 500 млн теңгеге қызмет көрсетуді жоспарлайды. Іс жүзінде 510 млн теңгенің қызметін орындайды. Егер комитет бүкіл жұмыстар еш бұзылыссыз орындалды деп есептесе, онда аурухана осы қаржыны алады. Егер асыра орындалған жоспарда стационарда жаңсақ емдеген, асқынулар, шағымдар орын алған жағдайлар болса, онда бұл 10 млн теңге айыппұл санкциясына кетеді, - дейді Д.Камелова. - 2017 жылдан бастап облыстық денсаулық сақтау басқармасы арқылы емханалар, аудандық ауруханалар мен стационарлар (жүйке аурулары диспансерлерінен, жұқпалы аурулар ауруханаларынан, наркодиспансерлерден басқасы), ал МҚТК арқылы – қалған емдеу мекемелері қаржыландырылады. Алайда медицина мекемелерінің жұмыстарын талдау принципі бұрынғыша қалады. Банкрот болған жағдайда қолдау шараларына келер болсақ, оларды қалай қолдауға болады? Бас дәрігерлер жаңаша жұмыс жасауға дайындалуға тиіс. Енді, олар пациенттерді, яғни, ақша тарту үшін жарты ставкаға болса да, өздеріне қажетті мамандарды шақыруға өте мүдделі деп ойлаймын.
Естеріңізге салсам, әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорының өңірлік филиалдары 2017 жылдың шілдесінен бастап жұмыс жасай бастайды. Ал жұмыс берушілер қорға қаржыны 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап аударуға міндетті.
Зульфия ИСКАЛИЕВА