«Болашақ» ҮЕҰ жетекшісі Жібек БИСЕНОВА Атыраудан балаларды оңалту орталығын ашу туралы идеясын жүзеге асыруға бірнеше жыл уақытын жұмсады. Осы уақыт ішінде бірнеше тренингтерден өтті. Осылайша, балалардың церебралды сал (БЦС) ауруына, орталық-жүйке жүйесі бұзылған және бірқатар басқа да ауыр сырқаттарға шалдыққан балаларды оңалтуға бағытталған «Дені сау балалар» жобасы туындады. Ал биылғы жылдан бастап «Болашақ» қызметкерлері инсульт алған ересектерді оңалтуға кірісті. «Болашақ» орталығының қарапайым дәрігерлік кабинеттері эрготерапия, рефлексотерапия секілді түрлі бағыттағы жайлы бұрышқа айналды.
«ОҢАЛТУ –ҮЗДІКСІЗ ПРОЦЕСС»
- Жібек Қуанғалиқызы, сізді көп уақыттан бері білеміз. Осы уақыт ішінде біраз жобаларды жүзеге асырдыңыз. Неліктен оңалту мәселесімен шындап кірісуді ұйғардыңыз?
- Бұл мәселені зерттей бастаған кезде, бүгінде бізде науқастармен өткізіліп жатқан оңалту жұмыстары өз мақсатына жете бермейді деген тұжырымға келдім. Оңалтумен айналысып жатқандар көп, бірақ, ол белгілі бір бағытта ғана. Айталық, бізде медициналық-педагогикалық консультациялар бар. Ол жерде негізінен психикалық дамуы кешеуілдеген балалармен жұмыс жасайды. Сонымен қатар, Атырауда балаларды оңалту орталығы бар. Ол білім беру басқармасының құзырында. Онда білім алуға басты назар аударылады. Балалармен логопедтер, дефектологтар айналысады. Бірақ, айталық, сәби партаға отыра алмайтын церебралды сал ауруының түріне шалдыққан делік... Оңалтумен перзентхана да айналысады, ол жерде медициналық бағытта. Ал менің пікірімше, кешенді тәсіл керек. Пациенттермен қатарынан бірнеше – медициналық, педагогикалық және психологиялық бағытта жұмыс жасау қажет. Бүгінгі күні, мойындау керек, бізде кішкентай пациенттермен барлық бағыттар бойынша қатар жұмыс істейтін мұндай оңалту орталығы жоқ.
- Бәлкім, бұл сұраныс ұсынысты тудыратын жағдай шығар?
- Бұл жолға қойылған жүйе болмаған жағдай. Біз қазір, өкінішке орай, БЦС-ға шалдыққан, орталық жүйке жүйесі бұзылған балалардың саны көбейіп келе жатқанын көріп отырмыз. Мұның себептері перинаталды - анасының денсаулығына қатысты проблема сәбиіне әсер ететін кезеңде жатуы мүмкін. Немесе диагноздың кеш қойылуы: ата-анасы бір қарағанда елеусіз көрінетін белгілерге мән бермейтін, ал диагноз қойған кезде көп уақытын жоғалтып алатын кездер болады. Өйткені, оңалту жұмыстарын неғұрлым ерте бастаса, соғұрлым баланың жалпы жағдайын жақсартуға мүмкіндік көп болады.
Бұл жерде оңалтудың – тек бір реттік курс емес, ұзақ жүйелі жұмыс екенін ескеру керек. Және ол үздіксіз жүргізілуі тиіс. Ал бізде көп жағдайда қалай болады? Кең профильді оңалту орталығы болмағандықтан көмекке мұқтаж балалардың ата-аналарына басқа қалаларға, шетелдерге бару үшін ақша жинауға тура келеді. Олар барып, курстар алады, жақсарғанын көреді, үйлеріне оралады. Ал келесі курсқа қаржылары болмайды. Сөйтіп, бұрынғы белгілері қайтадан пайда болады. Рас, мемлекет оңалту квотасын қарастырған. Бірақ, оңалту орталығына «жолдаманы» тек жылына бір рет қана алуға болады және оған біршама анықтамалар жинау керек. Мұндай жағдайда оңалту жұмыстарының жүйелілігі туралы айтудың қажеті жоқ.
«НҰРСАЯДАН КЛУБ ҰЙЫМДАСТЫРАМЫЗ»
- Жобаңыз туралы әңгімелеп берсеңіз.
- Біз оңалту саласында алғашқы қадам жасаған кезде бізге «Exon Mobil» компаниясы қолдау көрсетті. Сөйтіп, бізде арнайы жаттығу құралдары, кинезитерапияға арналған қажетті жабдықтар, нейро-ортопедиялық костюмдер және бүгінде мамандарымыз жұмыстарына пайдаланатын көптеген басқа да қажетті заттар пайда болды.
2016 жылы біздің «Дені сау балалар» жобамыз «Самұрық қазына» қорының әлеуметтік маңызды жобалары байқауында жеңіске жетті. Қордың қолдауымен біз бір жыл бойына көп балалы, аз қамтылған және толыққанды емес отбасының БЦС ауруына, Даун синдромына шалдыққан, орталық жүйке жүйесі бұзылған балаларды кешенді түрде оңалтуды жүзеге асырамыз. Бір жыл ішінде бізде барлығы 260 бала оңалтудан өтуі тиіс. Бүгінде 128 бала өтті.
Бұл жерде бірнеше бағытта жұмыс жасаймыз. Медиктерден бөлек орталықта психолог жұмыс жасайды, эрготерапия кабинеті жарақталған. Эрготерапия, айтпақшы, оңалтудың ажырамас бөлігі болып табылады. Эрготерапевтпен жұмыс барысында бала өз-өзіне қызмет көрсету, қоғамға бейімделу секілді маңызды нәрселерді үйренеді. Барлық сабақ ойын түрінде өтеді. Бұл осындай балалар үшін маңызды. Өйткені, олардың көпшілігінде балабақшаға, мектепке баруға мүмкіндік жоқ. Бүкіл уақытын олар үйлерінде өткізеді. Мұндай жағдайда олар көп нәрсе үйрене ала ма? Эрготерапия баланы өз бетінше дербес қылуға бағытталған.
Қазір Нұрсая ықшамауданынан орынжай бөлу туралы мәселе қарастырылуда. Онда мүгедек балалар мен олардың ата-аналарына арналған клуб ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Тек балаларды дамытып қана қоймай, олардың ата-аналары да күн сайынғы ауыр күйбеңнен аз да болса алаңдап, араласып, тәжірибелерін бөліссе дейміз.
-Кішкентай пациенттеріңіздің әлдебір жеңістері мен жетістіктері бар ма?
- Біз түрлі балалармен жұмыс істейміз. Кей жағдайларда барлық уақыт бойына жатқан бала өздігімен басын көтере бастайды – мұның өзі көп еңбекпен келген үлкен жеңіс. Әр қыбырлағаны – үлкен жетістік. Бізде мұндай жеңістер мен жетістіктер бар. Өздігімен отыра бастағандар, қолдарына қасық ұстап, сөйлеп кеткендер бар.
«АЛТЫН» УАҚЫТТЫ ЖОҒАЛТУҒА БОЛМАЙДЫ
- Ересек пациенттерді оңалтуға қатысты жағдай қалай?
- Егер бүгінде мемлекет ұсынып отырған оңалту жүйесі туралы айтсақ, онда ол ойластырылғандай көрінбейді. Мәселен, облыстағы бірден-бір оңалту орталығы денсаулық сақтау басқармасының құзырында. Бұл жердегі негізгі бағыт – медициналық. Жүйе қалай жұмыс жасайды? Айталық, адам инсульт алды. Ол медициналық мекемеден емдеу курсын алады. Содан кейін оны үйіне шығарады. Ол жерде өзінің жаңа күйімен бір өзі бетпе-бет қалады. Оған мүгедектік ресімдеу керек, содан кейін ғана ол оңалту орталығына бара алады. Мұндай тәсілде бұзылған функцияларды қалпына келтіру үшін «алтын» уақыт жоғалады.
Биыл біз облыстық ауруханамен серіктестік жұмысын бастадық. Біздің мамандар инсульт алған пациенттерді ауруханада жатқан кезде оңалтуды бастайды. Оңалту шаралары анағұрлым ерте басталса, соғұрлым ми функциясы тез қалпына келеді. Адамдар сөйлей бастайды, аяқтарынан тұрады. Екі апта ішінде облыстық аурухананың 25 пациентімен жұмыс жасап үлгердік, нәтижелері де айдан анық. Кейбіреулері ауруханадан шыққан соң тікелей бізге келіп, бізбен жұмыс жасауды жалғастырады.
- Бізде оңалту жүйесі ақсап тұр. Оны бір сағатта реттеу мүмкін емес. Ал мұның көп адамның өмірі үшін маңызы зор. Бұл проблеманы шешудің әлдебір жолдары бар ма?
- Қазіргі кезде осы салада бірнеше жылдан бері жұмыс жасайтын ҮЕҰ баршылық. Айту керек, олар тиімді жұмыс жасауда. Оңалту саласындағы мемлекеттік қызметтерді, міне, осындай ұйымдарға берген орынды болар еді. Бұл бағытта бізде аздаған ілгерілеу бар. Мәселен, мемлекеттік тапсырыс бойынша бізде он бес бала сауықтырудан өтеді. Бірақ, бұл теңіздің тамшысындай ғана.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген Марат ТАКУЛИН