«Гелиос» бензин бағасын төмендетуді ұсынады
Ішкі нарықта бензин тапшылығы проблемасын шешу үшін Аи-92 бензинінің бағасын 120 теңгеге дейін, Аи-80-ді 113 теңгеге және дизель отынын 127 теңгеге дейін көтеру керек, деп есептейді қазақстандық жанар-жағармай стансаларының қожайындары. Қазір отынның «халықтық» маркасының бағалары 106, 86 және 90 теңге (тиісінше).
Қазақстан мен Ресей арасында жанар-жағармай бағасындағы айырмашылықты 10 пайызға дейін төмендету туралы өткен аптада Қазақстан отын қауымдастығының төрағасы Болат ӘУЕТАЕВ мәлімдеді. Қауымдастыққа жергілікті нарықтағы ірі жанар-жағармай стансасы операторларының бірі – Атырауда 8 жанармай стансасы бар «Гелиос» кіретіндіктен, біз сауалдарымызды сол жерге жолдадық.
– Иә, «Гелиос» Қазақстан мен Ресей арасындағы жанар-жағармай бағаларының айырмашылығын 10 пайызға дейін төмендетуді қолдайды,- дейді «Гелиос» ЖШС-нің маркетинг жүйесіндегі жарнама және сатылым бөлімінің бастығы Анна ШИБАНОВА. – Қазақстандық нарықты толтыру үшін 10 пайыз айырмашылықпен Аи-92 бензинінің ішкі бағасының бір литрі 120 теңге, Аи-80 – 113 теңге, ал дизель отыны – 127 теңге құрауы тиіс.
– Сіздің ойыңызша, бұл бензин дағдарысынан шығатын жол ма?
– Қазақстан Кеден одағына кіргендіктен, оған қатысушылар арасында баға теңгерімі болуы тиіс. Қазақстандық зауыттар жоғары октанды бензинді жеткіліксіз өндіреді. Нарықты импорт есебімен толтыруға болады, ал ол тартымды болуы тиіс. Бүгінгі күні бұл бірден-бір жол. Алайда бар зауыттарды жаңартуды және болашақта толығымен қазақстандық мұнайға жұмыс істейтін жаңа мұнай өңдеу зауыттарын салуды жеделдету керек.
«Гелиостың» мәліметінше, қазір Ресейде Аи-92 маркалы бензин бағасы қазақстандық валютамен есептегенде – литрі 133 теңге, Аи-80 – 125, дизельдік отын – 141 теңге тұрады.
Атыраудағы «Гелиос» жанар-жағармай стансасы желілеріндегі Аи-92 бензинінің іркілістеріне келер болсақ, 2012 жылдың қаңтар және ақпан айларында, Мұнай және газ министрлігінің бөлуі бойынша, Атырауға бар болғаны әр айға 500 тоннадан бөлінгенін, ал сол кезде «Гелиостың» орташа айлық қажеттілігі облыс бойынша 3 мың тонна құрағанын баспасөз қызметі хабарлады.
– Отын мүлдем қат боп кетті. Алайда біз ресейлік жеткізушілермен келісімге қол жеткізіп, нарықты ұстап тұру үшін шұғыл түрде Атырауға отын жеткіздік. Алайда біздің компания үшін Ресейден әкелінетін жеткізілімнен пайда жоқ. 7 ақпаннан бастап отын шектеусіз босатылды,- деп хабарлады А. Шибанова.
Жанар-жағармай бағалары таяу айларда көтеріле ме, жоқ па - белгісіз. Бірақ үкімет бағаны ұстап тұрғанша, тапшылықтың жалғаса беретіні анық. Мұны біз өзіміз қолдан жасап отырмыз. Мұнайымыздың басым бөлігі (өткен жылы ТШО 25,8 млн шикі мұнай өндірді – С.Т.) бұрынғыша бізден сусып басқа жаққа кетіп жатыр. «Мұнайлы» астана деген бос сөз ғана.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА