Қала ішінде бізге Белоруссиядан әкелінетін еттің сапасы оралдық ет сапасынан төмен екен деген әңгіме гулеп тұр.
Алайда бұл ақпаратты басқа аймақтардан арзан азық-түліктерді сатып алып, Атырауға тасымалдаумен айналысатын «АтырауАгроСервис» ЖШС директоры Асқар БИСЕНОВ теріске шығарып отыр.
- Олар бұл етті қай уақытта жеп көрді екен? Біз тек бүгін (сейсенбі, 14 ақпанда. – М.С.) түстен кейін ғана оны сауда нүктелеріне жіберуді жоспарлап отырмыз,- деді ол. – Тіпті оның бағасы қандай болатынын да білмейміз. Мұны қалалық әкімдіктің жанындағы комиссия шешеді. Бір келісінің бір мың теңгеден арзан екенін білемін. Ет өткен жылы тұрақтандыру қорындағы азық-түліктер сатылған «Насиха», «Дина» және «Көктем» базарларындағы павильондарға түсуі тиіс.
Әкелінген сиыр етінің сапасы жақсы екенін Атырау қаласының бас ветеринарлық инспекторы Жайжан БАЯМИРОВА да растады.
Ал ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жақында Германияда, Францияда, Ұлыбританияда катаралдық безгек (блутанг) ауруы мен Шмалленберг вирусының пайда болғаны туралы және осыған байланысты осы елдердің мүйізді ірі қара малдарын, асыл тұқымдық материалдарын және ұсақ малдарын тасуға уақытша шектеу енгізілгені туралы ескертулер таратты.
«АЖ» анықтамасы
Қойдың катаралдық безгегі, блутанг, «көк тіл» - безгекке, ас қорыту жолдарының шіріп асқынуына және қаңқалық бұлшық еттің өзгерістерге ұшырауына ұласатын вирустық сырқат. Бұл кеселге негізінен қойлар және оны қабылдағыш мүйізді ірі қара мен ешкілер шалдығады. Бірақ оларда сырқат белгісі білінбейді. Қойдағы ауру белгілері аусыл ауруына ұқсайды. Емі және адамға әсері белгісіз.
Шмалленберг вирусының қауіптілігіне қатысты ғалымдардың пікірлері де әртүрлі. Еуропада адам үшін бұл жаңа сырқат қауіпті емес. Голландықтар қаупі аз болуы мүмкін дегенді айтады. Сырқат белгілері де әр алуан – жеңіл лоқсудан бастап, ағзаның улануына дейін және безгек болуы мүмкін. Бұған да мүйізді ірі қара мен ұсақ малдар шалдығады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ