Атырау облыстық Кәсіпкерлер палатасында өткен брифингте кәсіпкерлер үшін кедергі келтіретін мемлекеттік органдардың тізімі жария етілді. Өткен жылы жер қатынастары бөлімдері, салық қызметі мен монополистер көш бастап тұрды.
2016 жылы Палатаға бес мыңнан астам шағым түскен, оның 198-і – бизнесті қорғауға қатысты (оның 96-сы кәсіпкер пайдасына шешілді).
Талдау жұмыстары кәсіпкерлер жұмысында түрлі проблемалар туындататын үш саланы атап өтті.
– Бірінші орында – жер қатынастары: бұл жалпы жазбаша шағымдардың 36 пайызы. Әңгіме жер телімдерін ұсыну немесе олардың мақсатын өзгерту туралы өтініштердің өте ұзақ қаралуы, жерге орналастыру жобаларын дайындау қызметінің өте қымбат екендігі және басқа да мәселелер жөнінде болып отыр, - дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек ЖӘКИЕВ. – Осыған байланысты бүгінгі күні сарапшылар жер мәселелерін шешетін негізгі комиссия құрамына кіреді. Жер телімдерінің онлайн-дерекқоры жасалуда. ҚР кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Болат ПАЛЫМБЕТОВТІҢ іссапарынан кейін қалалық әкімдікпен жер қатынастары және сәулет бөлімдері басшыларының қатысуымен Ашық есік күнін өткізу туралы келісім жасадық.
Содан кейін – салық органдары. Бизнесмендер камералдық бақылау қорытындылары бойынша алынған заңсыз хабарландыруларға жиі шағымданады. Оларға қосымша салықтар, айыппұлдар мен өсімдер төлетеді. Бұл қалтаға ауыр соғады. Жалған кәсіпкерлік туралы мәселе де өткір тұр. Өйткені, бұл түсінік заңнамада өте бұлыңғыр.
– Өткен жылы бізге Жылыой ауданынан 20 шақты кәсіпкер шағымданды. Заңды түрде бірге жұмыс жасаған өскемендік кәсіпорынның жалған кәсіпкерлік жасағаны әшкереленіпті. Сөйтіп, бәрі де көз қырына ілінген. Яғни, енді олар өз контрагенттерінің заңсыз әрекеттері үшін жауап беруі тиіс. Бірақ, бұлайша кез келген адамды жалған кәсіпкерлікке айыптауға болады ғой, - дейді Жәкиев. – Біз қазір осы түсінікті заңнамадан алып тастау туралы мәселені талқыға салудамыз.
Монополистерге қатысты – әсіресе, «ҚазТрансГазАймақ» ӨФ-ның үстінен түсетін шағым көп. Атап айтқанда, техникалық шарт, техникалық қызмет көрсету шартын алудағы қиындықтар. Әсіресе, алдын ала 100 пайыз ақы төлеу туралы талап көп наразылық туғызып отыр.
Өткен жылы Палатаға «Жылыойгаз» кәсіпорнымен бизнес субъектілеріне газ үшін алдын ала төлемді жою туралы меморандум жасау мүмкін болды. Енді Жылыой ауданының кәсіпкерлері тек нақты тұтынылған газ үшін төлейді. Бұдан бұрын мұндай келісім «АтырауЭнергоСату» ЖШС-мен жасалды. Соның арқасында бизнес субъектілері электр энергиясы үшін алдын ала төлем жасаудан босатылды.
– «ҚазТранГазАймақ» ӨФ басшылығымен алдын ала төлемді жою туралы келіссөздердің жүріп жатқанына бір жылдан асты, - дейді Жәкиев. - Өйткені, Азаматтық кодексте алдын ала төлем деген түсінік жоқ. Монополистің өзі «Газ туралы» заң нормаларының біріне сілтейді. Бірақ тұтынушымен жасалған келісімшартта алдын ала төлем туралы бірде-бір сөз жоқ. Тиісінше, ол туралы әңгіме қозғалуы да мүмкін емес. Мұндай жағдайда кәсіпкерлердің де белсенділік танытып, өз құқықтарын сотта қорғағанын қалаймыз.
Сонымен қатар, брифингте тұтынушылар құқығын қорғау департаменті берген ұйғарымдарды орындау мерзімі көрінеу ақылға қонымсыз екендігі туралы кәсіпкерлерден көп шағымдар түскені айтылды. Әдетте, кәсіпкер анықталған кемшіліктерді жоюға үлгермейді де оған қомақты сомаға айыппұлдар салынады.
Жақсы жайт, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі өткен жылы антирейтингтен бизнеспен белсенді қызмет ететін мемлекеттік органдар тізіміне ауысуы. 2016 жыл ішінде бөлімге бар болғаны төрт кәсіпкер шағымданды. Бұрын бұдан көп болатын.
Тамара СУХОМЛИНОВА