Атырау, 23 қараша 00:37
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Гоаның ғажайыптары

6 079 просмотра

Қаңтар айы. Таңертеңгі сағат сегізде қоңыраулы оятқыш сағатсыз өзің оянасың. Қалың пердеден күн сәулесі төгіліп тұр. Ал терезе сыртында плюс 30 градусты көрсетеді. Алда уайымсыздемалыс, ыстық құм, теңіз және толқын шуылы... Ертегі дейсіз бе? Жоқ, бұл Гоа!

ҰШАҚТАН ТҮРМЕГЕ ТҮСЕ ЖАЗДАДЫҚ
Егжей-тегжейіне тоқталмай-ақ қояйын, бірақ, Гоаны көруді көптен бері армандап жүр едім. Бірақ, жолым түспей жүрген. Ал бұл жолы он қыз (құрбыларым, құрбыларымның құрбылары және олардың құрбылары) болып жарты жылдай бұрын суық қысты бір-екі аптаға қысқартып, сол күндерді Гоада өткізуді жоспарладық. Ватсапта чатпен ұзын-сонар хат жазысып, бірге ойланып-толғандық... Бастапқыда арнайы жолдамасыз өзіміз баруды жоспарлаған едік, бірақ, Гоаға ұшу анағұрлым арзанға түскен туроператордың ұсынысын қабыл алдық. Оның үстіне, әуежайдан трансфер табу мен баспана іздеу проблемасы да шешіліп кетті.

Жолға шығатын жеріміз – Алматының халықаралық әуежайы. Дубайға ұшып жеттік. Ал бірнеше сағаттан соң басқа ұшақпен Даболим халықаралық әуежайына ұшып бардық. Сөйтіп, діттеген жерімізге жеттік. Дубайға дейінгі ұшу сапарымызда күтпеген жайттар болмас деп ойлаған едік. Ақпараттық табло электронды карта арқылы біздің ұшу бағытымызды, ұшу биіктігі мен жылдамдығын бейнеледі. Жолаушылардың бірі ұйықтап, бірі кітап оқып, енді бірі гаджеттерін шұқылап отыр. Борттың жолсеріктері асықпай сусындар мен тамақтар таратып жүр. Құрбыларымыздың бірі әжетханаға шығып кетті. Ұшақтан түсіп қалмас деп, бұған ешқайсымыз мән бере қойған жоқпыз. Бірақ, бірер минуттан кейін орнына қайтып оралған кезде, оған жолсерік жақындап келіп, төлқұжатын сұрады. Содан кейін оны алып, ұшақтың «басына» қарай кетті.

«Әулие» сиырлар Гоаның тар көшелеріне ашық реңк беріп тұр.
- Ол сенің төлқұжатыңды неге алып қойды? – деп жамырай сұрадық.

- Өйткені, мен әжетханада темекі тартқым келді, - деп жауап берді ол.
- Қалайша? Басың жұмыс жасай ма? Неге?! Енді не болады??? – деп жан-жақтан сұрақ жаудырдық.
- Неге мұны жасадың деп сұрамаңдар! Өзім де білмеймін! Егер әжетханада түтін сорғыштың торын ығыстырып, оған үрлесе, еш кедергісіз бортта темекі тартуға болады дегенді Интернеттен оқып едім... 
- Қалай екен? Тарта алдың ба? – деп басыла қоймадық біз.
- Үлгермедім. Тіпті, ішіме тартып та үлгермедім. Айналаның бәрі шиқылдап, лампалар жыпылықтап, есікті тарсылдатып соға бастады. Темекімді шүмектің астына сөндіріп, унитазға салып жібердім. Мен содан кейін оларға: «Мен темекі тартқан жоқпын! Мен тартқан жоқпын!» дедім, ал олар «Жақсы. Сен тартқан жоқсың! Сенің тартпағаның қайда? Біз қазір жарыламыз!» деді.
Борт жолсеріктерінен бізді түсініп, кешірім беруді өтінген әрекетімізден түк шықпады. Заң бұзушыға төлқұжатты қайтарып, жергілікті полицияға оқиға туралы хабарлауға мәжбүр екендерін айтты. 
Қалған жолымызды үнсіз өткіздік. Араб түрмесі, қомақты айыппұлдар мен Дубай әуежайындағы, транзитті аймақтағы өмір туралы ойлар кетпей қойды. Біз құрбымызды түрмеге қалдырып, өзіміз үндінің тамылжыған күніне күю үшін кетіп қалмаймыз ғой. Тек ұшақтан шыққан кезде ғана заң бұзушы қызға: «Бірінші рет болғасын ескертумен құтылдыңыз. Сізді сенімсіз жолаушылардың қара тізіміне енгізіп қойды. Енді сіз назарда боласыз. Екінші рет заң бұзсаңыз, жаза аласыз» деп ескерту жасап, шығарып салды. Қуанышымызда шек болмады деп айтсам, ештеңе айтпағаным болар еді.

Бұл - гоалық Наташа.
Үндінің Гоа штатындағы Даболим халықаралық әуежайы Үндістанның әскери-теңіз күштері әуе базасының бір бөлігі. Әуежайда қаруланған әскерлер көп. Бұл жерде фотосурет және бейнетүсірілім жасауға тыйым салынған. Ұшақтағы оқиға туралы есімізде болғандықтан, салынған тыйымның орындалуын тексеруге тәуекел ете алмадық. Жүгімізді алуға, төлқұжат бақылауынан өтіп, таза ауаға шығуға асықтық.

Гоаны мемлекет ішіндегі шағын мемлекет, штаты да жалпы Үндістаннан ерекшеленеді деседі. Бұл – ғажайып елмен танысу үшін керемет жер. Гоа адамды өзгертеді деп те айтады. Дегенмен, адамды өзгертпесе де, ойыңда жылылықпен қалатыны рас екен.

БАСЫП КЕТСЕҢ - ТАЗАРҒАНЫҢ
Жолға шығар алдында күннің суықтығынан және тірліктен демалу үшін бара жатқан жер туралы пікірлерді білмек болып ғаламторды қопардым. Антисанитария, әккі ұрылар және теңіздегі улы медузалар деген ойға ойша дайын едім. Бірақ, ондай нашар болмай шықты. Өте таза емес. Иә, теңізге кіретін әр жерден жуындылар төгілген, оған сиырлардың бас қойып жатқанын көруге болады. Бірақ, соншалықты шошытарлық емес. Көзіміз ашық реңге боялған үйлерге, шүйгінді жасыл-желекке және ғажайып гүлдерге көбірек алаңдады. Әрине, сиыр тезегін басып кетпес үшін аяғымыздың астына қарап жүруге тура келді. Бірақ, бұл да біз үшін жақсы ырым. Тезек бассаң, ақша аласың дейді. Ал үнділерде бұл рухани тазаруды білдіреді екен. Криминалға келер болсақ, тоналып қалуға қарағанда, пальмадан құлап түскен кокостан таяқ жеу мүмкіндігі жоғары. Айтпақшы, қараңғы кезде тәулік бойына жұмыс жасайтын банкоматтар жанында қаруланған күзетші кезекшілікте тұрады. Ал өзіңмен бірге доллармен қолма-қол ақша алып жүрген жақсы. Американ валютасын рупийге айырбастау қиын емес. Айырбастау бағамы – бір доллар үшін 63 рупий (1 рупий – 5 теңге).

САУДА 
Біз қызу тірлігімен және алуан түрлі демалысымен даңқы шыққан шағын Калангут қаласына тоқтадық. Гоаға саяси сайлау қарсаңында барғандықтан штат аумағында коменданттық сағат жүріп жатыр екен. Бүкіл ойын-сауық орындары сағат 23.00-де жабылады. Дегенмен, басқа демалушылардан кей жерлерде түнгі дискотекалардың жұмыс жасап жатқанын білдік. Рас, олар мүлгіген тыныштықта өтеді екен. Меймандарға салдыр-гүлдір еткен музыка естілу үшін құлаққаптар таратылады.
Біз отельге түн ортасында орналастық, ал таңертең отельден шыққан кезде күлімсіреп, жымиған жүздерді көрдік. Жан-жақтан: «Хей, қыздар, сәлем! Жақсысыңдар ма? Кел, менің тауарымды қара! Жақсы прайс», «Бері кел, мен саған өз гауһарымды көрсетейін, қалай жалт-жұлт етеді!» деп шақырып жатты. Бұлардың барлығы теңізге апаратын жолдың бойындағы шөпірлеген шатырлар мен шағын дүкендердің саудагерлері. Киім-кешек, аяқ киім, сөмке, шабадандар, әшекейлер, дәмдеуіштер, шай, кәдесыйлар, үндінің жұпар иістері мен басқа да көптеген дүниелер сатылады. Гоаға ештеңе арқаламай, бос барған жөн. Демалуға арналған бүкіл қажеттіні сол жерден сатып алуға болады. Бастысы, дұрыстап саудаласып, бағаны екі, кейде үш есеге дейін түсіре білу керек. 

Жағажайдағы үнді полицейлері.
Көршілес Арпурде жұмыс жасап тұрған үлкен базар бар. Ол сенбі сайын кешкі алтыдан жеті қараңғы түнге дейін ашық болады. Қызылды-жасылды түстер мен жайылған тауардың әр алуандығына көзің тоймайды. Түрлі бисерлермен және тастармен безендіріліп, қолдан тігілген әдемі жеңіл аяқ киім мен сабо сатып отырған непалдықтың шатырының жанына бірер секунд кідіргенім сол еді, мені орындыққа отырғызып қойып, аяғыма біресе ана аяқ киімді, біресе басқасын өлшеп, кигізе бастады. 

- Қара, қара! Әдемі! – деп былдырлады сатушы жігіт. 
- Қанша? – дедім, кенеттен есімді жиып.
- 800!
- Оо, жоқ! Қымбат!
- 600!
- Жоқ, жоқ, қымбат!
- Қанша қалайсың?
- 200!
- Жоқ, жоқ, жоқ! Таза былғары! Хенд мейд! Әдемі, қарашы!
- Ендеше 300. 
- Екеуміз үшін де ортасы – 400!

«Суретке түскің келе ме? Ақшасын төле».
Сол сәт түрлі-түсті болып құбылып тұрған аяқ киімнің шаң-тозаңды Атырауда қажеті қанша деп ойлап, алмай кетіп қалуды ұйғардым. Бірақ, сатушы мені жіберуді ойына да алмады. Ақыры мені көндіріп, әлгі шедеврді бар болғаны 350 рупийге сатып алдым.

Базар аумағында әртістер өнер көрсететін сахна орнатылған. Көпшілік арасынан фокус жасайтындарды, суретшілерді, жолың болса, отты шоуды да көруге болады. Бір сөзбен айтқанда, Арпурдағы түнгі базар – жай базар ғана емес, міндетті түрде баруың керек мереке деуге болады.

ТЕҢІЗ

Бастысы осы. Туристердің арасында демалып жүрген сиырлардың көптігіне қарамастан, жағажайды таза деуге болады. Бүкіл жағалау бойы шэктерге – қамыс құрағы мен пальма бұтақтарынан қиюластырып жасалған шағын кафелерге толы. Шэктердің алдында күннен қорғайтын шатырлар мен шезлонгтар саптай тізілген. Жағалауға бара қалсаң, әр шэктерден адамдар жүгіріп шығып, өздеріне шақырады. Қыздар менюден бөлек массаж, мехенди жасауды, қас жұлуды және т.б. ұсынады. Біз ұнатқан шэктегі Сангила есімді қыз орыс тілінде әжептәуір сөйлейді екен. 
- Сен орыс тілін қайдан тәп-тәуір үйреніп алғансың?
- Жағажайдан. Үш жыл жұмыс жасасаң, қандай тілді де меңгеріп аласың, - деп күлді ол. – Сен массаж қаламайсың ба? Қане, жасайын, а?
- Сен дұрыс айтпадың. «Қаламайсың ба?» деп сұрағанда, адам саған «Жоқ, қаламаймын» дейтін болады. Сен: «Массаж қалайсың ба?» деп айт, - деп ақылгөйсіп қалдық.
- Массаж қалайсың ба? Қане, жасайын, а? – деп сол сәт үнділік жаңа танысымыз икемге келе қойды.
Теңіз толқынының шуылымен жағалауда бүкіл денені босаңсытатын массаж жасату – 800 рупий, қынамен сурет салдыру – 400 рупий тұрады. Өз қызметі үшін қыздар бағаларды түсірмейді. Мұны табыстарының 50 пайызын шэк қожайындарына беретіндігімен түсіндіреді.   

Енді, теңізге келейік. Жылы болғанымен, соншалықты жағымды емес. Әлсін-әлі буырқанған толқындар көтеріліп, жағаға ұрады. Толқын үстіңді жауып, ұрып жығады да құрлыққа лақтырады. Ал содан соң итеріп, жағаға шығарып тастайды. Қалай жүзуге болады? Бүкіл күшіңді жинап, ептілікпен әрекет етсең жүзуге болады және жүзу керек. Су арынына төтеп беріп, жағалаудан әрі қарай теңізге шығу керек. Ал ол жерден жағалауға жылжыған толқындармен тербелесің. Рас, кейде олар мінездерін көрсетіп қалады да, үстіңді толқын шайып кетеді. Мен сол кезде қарсыласудың пайдасы жоқ екен деген тұжырым жасадым. Жылжып келе жатқан толқынды көрген сәтте көзімді жұмып, денемді бос ұстап, су ағынына мені мамық секілді іліп алып, жайлап жағаға шығарып тастауға мүмкіндік бердім. Әсері қандай десеңізші!
Жағалауда таң атқаннан күн батқанға дейін құтқарушылар кезекшілік етеді. Олар ахуалға шолу мұнарасынан бақылау жасайды және шағын қызыл джиптермен жағалау бойында жүреді. Қателесуім мүмкін, алайда, оларды отандастарының қауіпсіздігі көбірек алаңдататындай көрінді. Теңізге түскен үнділер белгіленген әлдебір шамадан сәл әріге шықса болды, құтқарушылар ысқыра бастап, жағалауға жақын жерге кейін қарай қайтыңдар дегенді ишарамен көрсете бастайды. Шетелдік туристерге ерекше көңіл аудара қоймады.
Демалушыларға көбінесе кезбе (оларды солай атадым) саудагерлер жақындайды. Олар уақ-суақ нәрселерді – арзан әшекейлерді, қызылды-жасылды пареоны, үнді барабандарын, жемістер мен басқа да заттарды сатып алуға ұзақ үгіттейді. Кейбіреулері көзге түсетін алабажақ киімдер киіп, туристердің назарын аударып, жағалауда әрлі-берлі жүреді. Туристер олармен қуана суретке түседі, тек оларға 10-20 рупий төлеу керек. Айтпақшы, кейбір үнділер, өз кезегінде, бізбен бірге суретке түскілері келді. Маған түсіндіргендей, олар ақсары адамға жанасса, бұл карманы тазартуға көмектеседі дегенге сенеді екен.  
Жағалауда әлсін-әлі автоматпен қаруланған полицейлер пайда болды. Шамасы, олар аумақты шарлап шығу үшін жүретін болар. Олар көкжиектен көрінген сәтте жағалауда толып жүрген массажисттер, қынамен сурет салушылар, саудагерлер ғайып болды. Гоада мұндай заңсыз бизнеске тыйым салынған.

ТАҒАМ

Гоада тамақтың алуан түрі бар. Қымбат емес жағалау шэктері мен анағұрлым көрнекі мейрамханаларда дәмдеуіштер қосылған тағамдар көп. Тапсырыс берген кезде даяшыға: «Мүлдем, мүлдем ноу спайси! Ноу спайси!!!» дейсің. Егер сәтін салса, тамақ шамасына қарай ащылау болады, бірақ, дәмдеуіштен құтыла алмайсың. Олар жер-жерде – сорпада, екінші тағамда, үндінің масала шайында, ласси деп аталатын дәмді йогурт сусынында... Алғашқы күндері осының бәрін рахаттанып, сүйсіне жейсің. Бірақ, кейін макаронды, қуырылған картопты сағына бастайсың. Дегенмен, үндінің тағамынан жалыққандар үшін қоғамдық тамақтану орындарынан еуропалық асүй тағамдарын да еш қиындықсыз табуға болады. Бағалары қымбат емес. Лобстер немесе теңіз мақұлықтарынан жасалатын ассортиға, сонымен қатар, ішімдікке тапсырыс бермесең, көзіңді тойдырып тамақтануға 400-500 рупий жетіп жатыр. Жағажай шэктері мен мейрамханалардың бағасында көп айырмашылық жоқ. Барлық жерде дәмді етіп дайындайды. Оның үстіне порцияның мөлшері үлкен, екі адам үшін қорықпай бір порция алуға болады.

КАТОЛИКТІК ХРАМДАР

Әрине, Гоада іш пыстырмайтын ойын-сауықтар мен көрнекі жерлер жетерлік. Біз де ЮНЕСКО-ның мәдени мұрасы мәртебесіне ие болған сәулет ескерткіштерінен айналып өте алмадық. Бұлар португалдық отаршылдардан қалған, әлі күнге дейін міні құрымаған Ескі Гоа аумағындағы екі үлкен католик храмы.
Иса пайғамбардың базиликасы Панаджи қаласына жақын жерде орналасқан. Шіркеу ғимараты Үндістандағы иезуиттер дәуіріндегі барокко стилімен салынған үздік сәулет үлгілерінің бірі болып табылады. Шіркеу құрылысы 1594 жылы басталып, 1605 жылы аяқталған. Бұл жерде Гоаның жебеушісі деп саналған Франциск Ксавьерийдің жұрнағы салынған күміс табыт сақталған. Ол алғаш рет осы жерді 1542 жылы басқан. Бұдан бұрын оны еске алған күндері әулиенің жұрнағы табыттан шығарылып, шіркеу ғимаратының алдында салтанатты шеңбер жасалатыны, бірақ, бойын шаттық билеген бір діндар жұрнақтың саусағын тістеп алған соң, мұның доғарылғанын айтады. Енді оларды сыйыну үшін 10 жылда бір рет шығарады, соңғы рет бұл 2014 жылы орын алған.  
Португалдық готика дәстүріндегі тағы бір айбынды храм - Әулие Екатерина соборы. Оның құрылысы 75 жылға созылып, 1640 жылы аяқталды. Аңызға сәйкес, часовнялардың бірінде Иса Пайғамбардың бейнесі көрініпті. Содан кейін бұл жерден кергі крест табылған. Жыл сайын оның көлемі бірнеше миллиметрге ұлғаяды екен. Қазіргі кезде өзіне кішкене ғана бір бөлігін алып қалуға тырысқан шіркеуге келушілерден қорғау үшін бұл кергі темір каркасқа салынған. Шіркеуге келушілер кергіні ғажайып күшке ие деп есептейді. Оған сыйынған адамдар дерттеріне дауа іздеп қана қоймай, тірлік үшін қажетті кеңес беруді де сұрайды. 
Осы екі соборды көрген соң, мен католицизм үнді мәдениетімен сабақтасып кеткен екен деп түйдім. Егер дәстүрлі католик храмдары тақуалықпен ерекшеленетін болса, гоалық храмдарда тамаша әшекейлер, алтындатылған, жалт-жұлт еткен бояулар, үндінің бет-әлпетіне тән әулиелердің дидарлары өте көп.

Ганеши храмы
Біз Ганеша храмына да бардық. Ол адам денесі мен пілдің басы бар құдай бейнесі. Бұл жерде суретке түсіруге қатаң тыйым салынған. Храмға келушілер Ганешаға тірі сияқты қарайды. Күн сайын ертемен мүсінді «оятып», жуындырады, тек осы процедуралардан кейін оған өз өтініштерімен және дұғаларымен жүгіне алады. Бірақ алдымен құдайға сый тарту керек - ақшадан немесе храмның жанынан алуға болатын тірі гүлдерден жасалған гүлтізбелерден немесе азық-түліктен сый жасауға болады. Содан соң жүгіне беріңіз.

НЕПАЛДЫҚ «ЖЕРЛЕС»
Гоаның табиғаты – ғажайыптың бірі. Дудхсагар сарқырамасының өзі неге тұрады! Оның атауы «сүтті мұхит» деп аударылады. Аңыз бойынша, бағзы заманда бір үнді ханшайымы үнемі биік таулы көлге шомылуға барады екен. Өзімен бірге сүт құйылған құмыра алып шығып, шомылып болған оны ішеді екен. Бір күні бір ханзада ханшайымды жалаңаш күйінде көріп қалады. Қорқып кеткен ару суға құмырасындағы сүтті төгіп алады. Сөйтіп, ол оның балғын денесін жасырған ақ көбікке айналады. Сарқыраманың түсі шынымен де сүттей ақ...
Сарқырамаға баратын жол қиын, ол жерге тек мықты джиптермен баруға болады. Содан кейін жарты сағаттай жаяулатып тасты сүрлеумен тауда жүресің. Жол бойында туристерді маймылдар қарсы алады. Меніңше, олар туристердің дәмді ауқаттарына тым дәнденіп кеткен. Біз әкелген банандарды кейбірі құлықсыз ғана алып, содан соң жартысын жеп, лақтырып тастады. 
Гоаның жағажайлары бір-біріне ұқсамайды. Маған, мәселен, Арамболь жағажайында орнаған атмосфера қатты ұнады. Бұл балық аулайтын аттас шағын деревняның жанында орналасқан. Бұл жерге бейресми жандар, музыканттар, суретшілер және жаны еркіндікті қалайтын адамдар келеді. Ең қызығы кешкісін күн батқанда басталады. Сол кезде түрлі жұртшылық жағалауға жиналады. Әркім әртүрлі қимылдар жасайды. Бір қыз жалғыз өзі йоганың күрделі асандарын орындауда, ал екіншісі су жиегінде тек өзіне ғана түсінікті, жұмбақ биді билеп тұр. Жігіттер гитара тартып отыр. Алыстан үнді барабандарының дауысы естіледі. Жасыл-қызғылт шашты қыз отпен шоу жасауда... Дәл осы жерде, Арамболда өткізген уақытымның тез өтіп кеткенін түсіндім.

Дудхсагар «сүтті» сарқырамасы.
Арамболдағы сауда сөрелерін аралап жүріп, біз кендірден жасалған бұйымдар дүкеніне тап болдық. Панамалар, шляпалар, бейсболкалар, сланцылар, жейделер, белдемшелер, сөмке және басқа да көптеген бұйымдар кендірден жасалған. Дүкен сатушысы 42 жастағы Бирма тумасы Мирадж ақжарқын әрі тартымды адам екен.

- Мен бұл жаққа 22 жыл бұрын келдім, маған бұл жер ұнады. Сөйтіп, қалуды ұйғардым, - дейді ол. – Ал өздерің қай жақтансыңдар?
- Қазақстаннан.
- О! Қазақстан! Алматы! Астана! Жақсы ел, адамдары мейірімді. Мен Қазақстанды жақсы көремін!
Бірнеше жыл бұрын Мирадждың Қазақстанда жұмыс істегені белгілі болды. Ол кездесуді атап өтуді ұсынып, қосалқы орынжайдағы перденің ар жағына шығып кетті. Бірер минуттан кейін оралып, стақанға өзгеше иісі бар қоңыр сұйықтық құйып әкелді.
- Бұл тибеттік самогон, баньян ағашының тамырынан жасалады. Жақсы сергітеді!
Бәріміз сергіп қалдық.
…Гоа туралы ұзақ әңгімелеуге болады. Бастысы, бұл алғаш көргеннен жүрегің жақын қабылдамайтын немесе бірден ұнатып қалатын жер. Ал мен қатты ұнатып қалдым. Енді бұл глобустағы жай ғана нүкте емес, Гоа менің жүрегімнен орын алды.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген автор


9 ақпан 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.