Бұрынғы замандарда өзенде жүзген балықтардың молдығынан Жайық буырқанып жататын. Қоңырқай жонды жайындар күнге қыздырынып, бекірелер су айдынында шоршып, қортпалар суды көбік қылатын. Сазанды, көксерке мен басқа да қара балықтарды Атырау тұрғындары балық деп есептемейтін, тіпті, аулағылары келмейтін. Қара уылдырық таңдаулы тағам деп есептелсе де, қазіргідей бағасы шарықтап тұрмаған еді.
Аңызға ұқсайтын мұндай хикаяларды маған өзендегі мұз бетімен серуен жасап жүрген кезде екі балықшы баяндап берді. Адамдармен тілдесу үшін әдейілеп Жайыққа шықтым. Айта кету керек, сұхбаттасушы бірден табыла қоймады. Көпшілігі әлі де балық ұстармын деген үміттерін жоғалтпай, мұз астынан балық аулауға көшкен, олардың әңгімелесуге көңіл күйлері болмады.
Дегенмен де, Николаймен және Александрмен сөйлестім. Жайыққа олар бала кезден шығып тұрады екен. Сондықтан да жағдайды салыстыра алады. Қазіргі ахуалды олар «балық жоқ» деген екі ауыз сөзбен сипаттап берді.
- Мына суықта біз еріккеннен отырған жоқпыз. Бізге отбасымызды асырау керек. Ал қазір жұмысқа орналасу өте қиын, - дейді сұхбаттасушыларым. Николай балықсыз өмір сүре алмайтынын, тек соны ғана тұтынатынын мойындады. Егер бұрын үйінде дастарханға балық қосылған бәліш пен нәрлі балық сорпасы қойылатын болса, енді кішкентай мөңке балығы да жеңсік тағамға айналған.
- Сіз Жайықтан көретін балықшылардың жүз пайызы жұмыссыздар. Бұрын үшеулеп, кейде төртеулеп ақша жинап, ұрттап, жылынып алатынбыз. Ал қазір ешкім ішпейді, жылынуға ақша жоқ дейді, - дейді Николай.
Әңгімесін тыңдап тұрып, Александрдың ойығында 5-6 ұсақ қаракөздің тыпырлап жатқанына көзім түсті. Ал Николайдың қармағына бүгін ештеңе ілінбепті.
Александр мен Николай Дамбы мен Курилкин маңдарынан ірілеу балықты аулауға болатынын біледі. Бірақ, ол жақтарға «қамқоршысыз» бару қауіпті. Жергілікті тұрғындар бөгде жандарды ұнатпайды, келеңсіз жағдайларға тап болуы әбден мүмкін. Олар шенеуніктер бір шыққанда бес келіден аспайтын балық аулау туралы шектеу енгізіп, адамдарды күлкіге айналдырды деп есептейді. Қазірдің өзінде де мұндай «нормаға» жақындау қиын.
Заңға бағынатын балықшылардың пікірінше, проблеманың түп тамыры - билік тарапынан істен гөрі сөздің көбірек болуы. Бірнеше жылдан бері Жайықта өзен түбін тереңдету қажет екендігі айтылып келеді. Олай болса ше? Ал өзен сағасы мен теңізде жайбарақат қана шақырымдап ау салатын браконьерлермен бітпейтін «соңғы және ақырғы» күрес не болып жатыр? Міне, солай... Осындай жабырқаңқы нотада сұхбаттасушыларым дұрыс ештеңе ауламастан, қармақтарын жинай бастады.
Марат ТАКУЛИН
Суретті түсірген автор