"АЖ" мұрағатынан алынған көрнекі сурет.
Атырау қаласының Бас жоспарына сәйкес ауылшаруашылық қажеттіліктері мен бағбаншылық үшін алты массивтен: Ақсай ауылы, АНУ, Мелиоратор, Бухарка, Сарыөзек және Транспортник елді мекендерінен жер беру қарастырылған.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Кәкім ШАЛТАНОВ хабарлады. Осыған байланысты құрылыс жоспарын әзірлеу мен топогеодезиялық жұмыстарға ақшалай қаржылар қажет. Ал бағбаншылыққа берілетін жер телімдеріне инженерлік коммуникациялар жүргізу бюджетте қарастырылмаған. Сондықтан бағбандар қоғамы мұны өз күшімен жасауы тиіс.
2017 жылдың бірінші тоқсанында бәссауда арқылы 30-35 телімді сату жоспарланып отыр. Бұдан басқа, ауылшаруашылық мақсаттағы бірнеше телімді бәссаудаға шығару жоспарда бар. Атап айтқанда, қазіргі кезде Атырауда Сарыөзек ауданында конкурс үшін жалпы алаңы 9,96 га бес телім дайындалған. Конкурстың өтетін уақыты мен күні БАҚ арқылы хабарланатын болады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Атырауда пайдаланылмаған жер телімдерін анықтау үшін жұмыс тобы құрылды. Өткен жылдың сәуірінен бастап ауылшаруашылық мақсаттағы 406 телім тексеріліп, оның 289-ы игерілмеген болып шықты.
«Құрманғазы» өндірістік кооперативі жалпы алаңы 2 163 га болатын осындай төрт алаңды мемлекет меншігіне ерікті түрде қайтарды. Бұдан басқа, пайдаланылмайтын жерлердің жалға беру келісімшарттарын біржақты тәртіпте бұзу шаралары алынуда.
Зульфия ИСКАЛИЕВА