Өткен аптадағы қалың жауған қар мен қатты желдің салдарынан Индер ауданындағы Ынтымақ орта мектебінің жартысы шатырсыз қалды.
Абырой болғанда сол күні ауа- райының қолайсыздығынан мектеп оқушылары сабаққа келмеген болатын. Апаттың салдарынан тек шатыр ұшып, төбе жабындысы жарамсызданған. Жел мен үздіксіз жауған қарды көтермеген төбе белдіктері майысып, жиырмашақты шифер іске аспай қалыпты.
Ынтымақ орта мектебі өте ескі. Мектеп екі бөліктен тұрады, бірі 1968 жылы, екіншісі 1971 жылы салынған. Оның бір бөлігіне соңғы рет 2005 жылы ал екінші жартысына 2000 жылы жөндеу жұмысы жүргізілген. Содан бері ескі мектеп күрделі жөндеуді көрген емес, тек мұғалімдердің күшімен әктеп, сырлау ғана іске асуда. Саман тастан салынып, кейінірек селикатпен қапталғанымен мектепті апаттық жағдайдан құтқара алмапты. Іргетас пен жарлар жарылып, үрей туғызатындай дәрежеге жеткен.
- Бұдан бес жыл бұрын ГАСИ-ден мектептің апаттық жағдайда екендігін растайтын құжат алғанбыз. Содан бері не күрделі жөндеу, не жаңа мектеп салу кейінгі жылдарға ысырылумен келеді. Шындығында пәндік кабинеттер мұнда жетімсіз, сыныптар стандартқа сәйкес келмейді. Химия, биология, физика кабинеттерін ала алмай отырмыз. Спортзал, акт залдары мүлдем жоқ. Оқушылар өте тар бөлмеде шахмат, шашкі ойнайды, басқалай амал жоқ. Негізі тағы осындай жағдай орын алса онда оқушыларды оқыту мүмкін болмай қалу қаупі жоқ емес, сондықтан тек жаңа мектеп керек,-деп мәлімдедімектеп директоры Нұртас ҚАРАҚҰЛОВ.
Табиғи апаттан ұшқан төбе жабындысын қалыпқа келтіруді мектеп мұғалімдері өз күшімен атқарыпты.
-Төтенше жағдай шығындары есептеліп, қаражат бөлінетін болды. Жаңа мектеп керек. Бірақ биылғы жоспарда жоқ, Аққала орта мектебін Аджип, ал Құрылыс мектебін КТК демеушілікпен салып беретін болды. Аудан бойынша тек екі мектеп күрделі жөндеуден өтпекші. Ынтымақ орта мектебін салуды неғұрлым тездеткіміз келеді, облысқа ұсыныс жібергенбіз,-дейді Индер ауданы әкімінің орынбасары Алифолла БАЛАХМЕТОВ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА