Атырау, 8 қазан 05:31
 ашықВ Атырау +21
$ 484.37
€ 531.06
₽ 5.05

Зергер

8 901 просмотра

Көне грек қолтаңбасы

Мамед Сунгаев Кубачи шеберлерінің дәстүрін жалғастырушы

Мамед СУНГАЕВҚА (суретте) келмейтін адам жоқ: сырғаның сынып қалған ілмегін салдыру, жүзіктің ортасындағы түсіп қалған қымбат тасты орнату, үзіліп қалған алтын алқаны қайта жалғау...

Бұл міндеттерді Мамед тез шешеді. Алайда, Мамед үшін зергерлік бұйымдарды өз қолынан жасап шығару қызықты.

Қанына тартты деген осы

Сунгаев – дағыстандық Кубачи селосынан шыққан зергерлер әулетінің өкілі. Алайда, ол есеп бойынша қай ұрпағы екендігін айтуға қиналады. 

- Менің әкем  Магомед Сунгаев  -  зергер, атам да, оның әкесі де зергер болған адамдар. Ал, кенже інім де біздің ізімізді  басып келеді.  …Бала кезімде әкемнің өз шеберханасында немен айналысатындығына аса мән бергенім жоқ. Жүзік, сырға, білезік, басқа да көптеген бұйымдар. Ал, жасым он екіге келгенде әкем мені жайлап өз ісіне тарта бастады, түсіндірді, жасап көрсетті, тіпті, аса қиын емес шаруаларды тапсырды. Қанына  тартты деген осы болар,- деп күледі Мамед. – Мен Кубачи шеберлері мақтан тұтатын қолдан келген ою-өрнектер мен бедерлердің бәрін сала бастадым. Ал, кейін жасым 14-ке келгенде Кубачи көркем комбинатына нақышшы мамандығына оқуға түстім. 

 

Шеберлік мектебі сынға алады

Мамедке тәлімгерлері нақышшы қолын байқаусызда штихелмен (нақышшының жұмысшы құралы) қырық мәрте қолын жараламайынша шебер бола алмайды дейтін. Алайда, Мамед өз қолынан айтарлықтай бір нәрсе жасап шығарғанша қолын қанша рет жаралағанын санаған жоқ. Оның алғашқы туындысы сабына керемет нақыштама салынған күміс қанжар болды. Қанжарды жасаймын деп 15 жастағы жасөспірім бір ай бойына аянбай тер төкті. Ал, одан кейін өзін зергерлік бұйымдар жасауда сынап көрді.  – Атырауға келген кездегі алғашқы алған тапсырысым лағыл тасты шығыс стиліндегі білезік, сырға және жүзігі бар күміс әшекейлер жиынтығы болды, - деп еске алады Мамед. – Ал, бүгінгі таңда негізінен қазақтың ұлттық айшық сырғалары мен білезіктерін, жүзіктерге тапсырыс береді. Тапсырыс берушілердің бірі жақсы алтыннан жасалған ескі бұйымға жаңаша бір түр бере отырып, эксклюзивті бұйымды жасауды қалайды.

Мамед өз жұмысында нақышшының нәзік техникасын, сәнді әшекейді,  шебер бедерді қолданады. Мұның бәрі тек қана техникалық дағдыны ғана емес, керемет көз жанарды және нейрохирургиялық дәлдікті талап етеді. 

Әрбір бұйымға мен қанша уақыт керек, сонша уақытымды жұмсаймын: бұл жерде асығыстықтың түкке керегі жоқ. Егер ұзақ уақыт жұмыс жасасаң, көзің шаршайды да оюдың сызығы дәл шықпайды. Не болмаса, айталық, бедер жасаған кезде жіп-жіңішке алтын жіпті аздап қана қыздырған жөн, ол қызған кезде жұмысты басынан бастаған дұрыс. Мұндай жұмыс демалған көзбен жіберген қатені қайта-қайта қарап, тексеруді қажет етеді, - деп бөліседі өз сырымен шебер.

 

Алтыннан соң, күмісті қадірлеймін

- Есіңізде ерекше сақталған қандай да бір жұмыстарыңыз бар ма?

- Иә, бір жағдай болды... Маған бірде шетелдік азамат зайыбымен келіп, анасына қазақтың ұлттық стиліндегі алтын білезікті жасауға тапсырыс берді. Білезікпен бір апта бойы алыстым. Есімде, салған бедерім әдемі түспеді, бірнеше рет қайта жасадым. Ұзақ уақыт азаптандым, ақыры тапсырыс берушінің қалауынан шықтым. Алайда, мұндай нәзік жұмыстың құны білезік жасалған алтынның бағасынан бес есеге дейін артып кетті. Қысқасы, олар осы білезікті алып шетелге ұшып кетті, ал, жарты жыл өткеннен соң олар маған тағы да келді. Олар маған аналарының суретін көрсетіп, оның алғысын жеткізді. Сол кезде мерейім тасығандай, көңілім көтеріліп қалды.

- Әшекей бұйымдар өз қожайынының бойындағы қуатын бойына сіңдіріп алады және басқа бір адам оны пайдаланған кезде оған сөттілік, кейде тіпті,  жамандық та әкелуі  мүмкін  деп айтып жатады.

 - Мен мұндай ырымға сенбеймін, бұл жәй ғана зергерлік әшекей бұйымдар ғой! Дегенмен, кейде бір бұйымдармен жұмыс жасаған кезде бәрі жеп-жеңіл бола қалатын кездері, ал, кейде, қаншама күш жұмсасаң да ісіңнің өнбей қоятыны бар. Оны аяқтап, жылтырата бастайсың, ол келеді бір нәрсеге ілігіп, бәрін қайтадан бастауға тура келеді. Мұндай жағдайларда неге екені белгісіз осы бұйым иесінің мінезі ауыр-ау деген ойға қаламын.

- Көбіне қандай металмен жұмыс істегенді қалайсыз?

- Күміс және алтынмен жұмыс істегенді жақсы көрем. Күмісті адамның денсаулығы үшін пайдалы болғандықтан жақсы көрем, ал, алтынмен жұмыс, ол барынша қиындау жұмыс. Ең бір рақатты жасалып біткен бұйым, яғни, шаңын үрлеп қана тастайтын сәт сыйлайды.

- «Ұста пышаққа жарымайды» деген сөздің сізге қатыстылығы бар  ма?

- Жүз пайыз деуге болады. Өзім үшін қиялымнан туындаған түрлі ойларымды жүзеге асырып жасаған сақиналарым өзіме бұйырған емес. Қалай болғанда да оны міндетті түрде сатшы деушілер табылып қалады.

Мамед өзінің жұмыс бөлмесінде әкесімен және кенже бауырымен жиі бас қосып тұрады. Бірінен бірі үйренеді, ойларын ортаға салады. Атыраудағы Кубачи зергерлерінің әулеті жалғасуда...

Суретті түсірген  Владимир ИСТОМИН

 

* Филигрань– металлдан бұйымдарды безендірудің ежелгі тәсілдерінің бірі, зергерлік өнер техникасы. Аса қымбат – алтын және күмісті жіңішке жіптерді және ұсақ дөңгелектерді қыздыра отырып, металл үстіне бедер салу. Осыдан келіп «филигранды жұмыс» атауы, яғни, аса шеберлікпен орындалатын жұмыс деген түсінік пайда болған.

 

«АЖ» анықтамасы

Ежелгі дүние дәуірінде ежелгі гректер Кавказ аумағында кеніш орындарын игерген. Жергілікті тұрғындар бағалы және қарапайым металдарды өңдеу шеберлігін меңгеріп алған. X ғасырда өмір сүрген  араб тарихшысы Әль-Масудтың еңбектерінен қазіргі дағыстандықтардың Кубачи ауылының аумағында мықты сауыттар мен қару-жарақтар жасаған ұсталардың өмір сүргендігі белгілі. Аңыз бойынша дәл осы Кубачи ұсталарының орыс князы Мстиславқа семсер және Александр Невскийға қалқан жасағандығы айтылады. Ал,  мынау аңыз емес, шындық: Лондондағы  Виктория және Альберт мұражайында Англия королевасы Викторияға тиесілі суық қарулар жиынтығы бар. Оның королеваға император Александр үшінші сыйға тартқан. Ал, бұл  осы кубачи шеберлерінің қолынан шыққан екен. Олар тек қару-жарақ жасаумен ғана танылмаған, бағалы металдардан түрлі әшекей бұйымдарды жасаған. Расул АЛИХАНОВ, Құрбанәлі МАГОМЕДОВ сынды Кубачи шеберлерінің есімі бүгінгі таңда бүкіл зергерлік әлемге танымал.

9 ақпан 2012, 17:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.