Етжегiштер еліндегі вегетариандар
Қазы, қарта, шұжық, жал, жая кез-келген қазақтың жанына жағар сөз болса, бесбармақ – әлем тағамдарының мұрасына енгізілген біздің ұлттық мақтанышымыз. Мұндай шұрайлы астың қасында «вегетариандық тамақтану» деген ұғым қалайша үйлессін? Олар жалпы немен қоректенеді, қажетті заттарын қайдан алады және бастысы – оларға бұл не үшін қажет?
50 жастағы Галина ЗЕМЛЯНАЯ мен 40 жастағы Елена САДИКОВА өз жастарын жасырмайды. Басқа көптеген әйелдерден екеуі денсаулықтарының мықтылығымен, сымдай тартылған сымбаттылықтарымен, өмірге деген бейқам көзқарастарымен, вегетариандықты ұстануымен және йога тәжірибесін қолдануларымен ерекшеленеді. Мұның бәрі, олардың айтуынша, өмір салтына айналған етсіз диетаның жемісі екен.
Әрине, бүгінде еттің қымбаттығынан көпшілігі етсіз тағамға амалсыздан бет бұрған. Ал бұл әйелдер бұл қадамға саналы түрде барыпты.
«Етті көп жейтін елдің ішінде отырып, ет жемеген қалай екен?»,- деп сұрадым мен олардан. Сонымен қатар қандай тағамдар жейтінін сипаттап беруді өтіндім.
Біз – өзіміздің жейтін тамағымыздың жемісіміз
Бұрын заңгер, медиатор және тұтынушылар қоғамын қорғау қоғамының басшысы болған Галина Земляная – қаладағы танымал тұлға. Алайда қазір ол тек йога бойынша нұсқаушы, бұл жолға кішкене кезінен бастап келгенін растайды. Оның басты принципі – фанатизм болмау керек. Галинаның тамақтану жөніндегі көзқарасын отбасында тек қызы мен немере қызы ғана бөліседі екен. Ал еркектер қауымы мен тағы бір немере қызы қой етімен және тауық етімен қуана тамақтанатын көрінеді. Яғни ол күн сайын еттен тамақ дайындап, бірақ дәмін де татпайды екен. Оның айтуынша, йогтар тек тамақтан ғана емес, ұйқыдан да, тыныс алудан да қуат ала алады. Кейін ол тамақ ішуді жиі ұмытып кететінін айтып қалды. Шамасы, тыныс алу мен ұйқы күніне йогамен айналысатын төрт топқа дәріс өткізетін нұсқаушының жұмысын толық игеретін секілді.
- Мен етті 9 жасымнан бастап жемеймін, - дейді Галина. – Вегетариандық, менің пікірімше, адамдар үшін өте қолайлы тамақтану жүйесі. Бұл тағам өмірді ұзартып, күш береді, сананы тазартады, ақыл-ойыңды зерделеп, тұла бойыңды өмір қуатымен толтырады. Мен үшін ет – химикаттарға толы өлі дене. Мұндай тағамға зорлықпен қол жететінін ойға алудың өзі жеткілікті. Бұл сөзім ет жеушілерге ұнамайды: жануарларды өлтіру туралы шындық олар үшін жағымсыз. Дегенмен де, азап пен үрей энергиясына толы қасапханада бір рет болып көрсе, адамдардың көпшілігі еш ойланбай-ақ ет тағамынан бас тартар еді.
Мен ет тағамынан көп қиналмай, оңай бас тарттым. Жалпы, деревняда өткізген бала кезімнен де ет жеуді мақсат етпеген едім. Сол кездің өзінде ылғалданған тұмсықтарымен алақанымды түрткілейтін көз алдымда өскен сүп-сүйкімді бұзауқандардың бір кездері менің алдыма тамақ боп келетіндігіне көне алмайтын едім. Жануарларды жем-шөп дақылдарымен қоректендірудің де мәні жоқ. Екі сиырды азықтандырып отырған егістіктен 64 адамды тамақтандыратын дақыл жинауға болатынын білесіз бе?
Мен етті, балықты, жұмыртқаны, пиязды, сарымсақты жемеймін, алкоголь пайдаланбаймын, тіпті кәмпиттің ішіндегіні де. Дегенмен де, жейтін тамақ жетеді: Үрме бұршақ, жүгері, асбұршақ, маш (түрік асбұршағы), күріш, қарақұмық пен басқа да жармалар. Картоп пен түрлі көкөністерді: болгар бұрышы, орамжапырақ, қызанақ, қияр, тұрып, қызылша, сәбіз (бұлар дүкендерде жыл бойына болады, ал жазда кәділер (кабачок) мен баялды (баклажан) қосылады), жаңғақтар мен кептірілген жемістер, маусым кезінде жаңа піскен жемістер, сүт, май, сүзбе, жануарлар тектес ферменттері жоқ сүтсірне (мәселен, «Адыгейский»), майлы айран, айран.
Вегетариандық асүй алуан түрлі, дәмді, құнарлы және жеңіл сіңімді болады. Ғаламторда олардың жасалу рецептілері жеткілікті, дүкендерде тамақ пісіруге арналған керемет кітаптар бар, бірақ біздің сөрелерде олардың қоспалары бола бермейді.
Таңғы асым қарапайым: әдеттегідей, сүті бар шай мен май немесе ведалық йогурт (өзім дайындаймын) немесе жемістер мен жаңғақтар жеймін, түскі аста – ботқа мен сорпа, вегетариандық пицца жеп, түнде – қамыс қанты немесе құрма қосылған ыстық сүт ішемін.
Вегетариан болу қымбатқа түсе ме? Білмеймін, есептеп көрмеппін. Қымбат емес сияқты деп ойлаймын, өйткені бәрінен де ет қымбат тұрады ғой.
Етсіз қалай өмір сүресің?
Елена Қарағандыдан екен, қазір Алматыда тұрады, беделді халықаралық құрылымда қаржылық кеңесші боп жұмыс істейді. Еттен 12 жыл бұрын бас тартқан.
- Көпшілігі шынымен де таң қалып: «Қалай шыдайсың!?» - дейді немесе менің адам сенгісіз жігерім туралы айтады, - дейді ол әңгімелеп. – Бірақ мен етті тамақ ретінде пайдалануға ниетім жоқтықтан жемеймін. Бір күні иісі бұрқыраған кесек етке қарап отырып, оны жей алмайтынымды анық түсіндім. Бұл, әрине, менің йогамен айналысуыммен ғана емес, ежелгі рухани практикаларды зерттеуіммен де байланысты. Йогтар философиясы: дені сау болу үшін адамға басқа тірі мақұлықтарды өлтіру міндетті емес, дейді. Бұған айналадағылар қалай қарайды? Өміріндегі үйреншікті нәрселерді күрт өзгерткен жандар мені жақсы түсінеді. Әсіресе, олар қалғандары қуана жасайтын нәрселерді істеуді тоқтатса. Мәселен, егер сіз спирттік ішімдіктен бас тартуды ұйғарсаңыз, отырыс кезінде барлығы сізге оны ішкізуге көндірмек болып, бүкіл кеш бойына шырынды немесе қымызды қалай ішіп отырады деп, түсінбей дал болады? Көпшілік мақұлдаған нормалардан ерекшелену оңай емес. Адамдар мұндай «құрбандыққа барудың» неге қажет екенін түсінбей, теріс түсініп, ренжиді, ашуланады. Немесе «есі кем» деп ойлайды.
Етке қатысты да солай. Бастапқыда менің шешімімнен анам қатты шошыды: айқай шығарып, менімен сөйлеспей қойды. Ақыры мойынсұнды ғой. Дегенмен, қазір де менің тәрелкеме байқамаған боп котлет салып қоятыны бар. Жұмыстағы әріптестерім бастапқы кезде менің тамақтануым табиғатқа қайшы екенін дәлелдеуге тырысты. Бірақ бір жылдан кейін сабаларына түсті ғой. Қонаққа барған кезде вегетариандық тамақты күтпеймін, әдетте салаттар мен гарнирлерді жеймін.
Біз тамақтану мәдениеті етке негізделген елде өмір сүріп жатқандықтан, көпшілігіне одан бас тарту шынымен мүмкін екенін түсіну қиын. Мейрамханаға барған кезде, маған етсіз тамақ ұсынуды өтінсем, көбінесе тауық етін ұсынады немесе ондай тамақ жоқ екенін айтады. Бірақ менюдің ішінен өзіме лайықты тағамдар тауып аламын. Ол вареники немесе саңырауқұлақ қосылған қуырылған картоп болуы мүмкін.
Адамдар менің он жылдан астам уақыттан бері вегетариан екенімді, өзімді жақсы сезінетінімді білген кезде, егер ет жемесем, қандай тамақпен қоректенетінімді сұрайды. Ет тағамын күйеуіме, балаларыма және қонақтарыма дайындаймын. Ал өзіме бөлек әзірлеймін. Менің тамағымның түрлілігі де ет тағамынан кем емес. Бұл тіпті етті жақсы көретіндер де сүйсіне жейтін керемет тағамдар (бұл рас, менің тамақ талғағыш сіңлім оның дайындаған тамағының дәмін көріп, бұрын-соңды ішкен борщтардың ішінде Еленаның вегетариандық борщы дәмді екенін айтқан еді – З.Б.).
Еттен бас тартқысы кеп жүргендер үшін құрамында ақуыз бен басқа сіңімді заттектері бар теңдестірілген менюді таңдай білген маңызды. Атап айтқанда, жануарлар ақуызы жеткілікті мөлшерде сүтте, сүзбеде, сүтсірнеде, қаймақта, айранда және басқа да сүт өнімдерінде болады.
Бұл туралы егжей-тегжейлі білу үшін алғашқыда арнайы әдебиеттерді оқып, Қарағандыдағы классикалық йога орталығындағы ведалық аспаздық курсын оқуыма тура келді. Сол жерде йогамен айналыса бастадым. Ол жерде дәмдеуіштерді пайдалануды үйретіп, физикалық және рухани саулық үшін пайдалы қарапайым және дәмді тағам туралы баға жетпес білім алдым. Етті 20 жылдан астам уақыттан бері жемеген адамдармен таныстым, олардың барлығының денсаулықтары мықты, сымбатты, әдемі болатын.
Жақында сыныптастарыммен кездесуде болдым. Құрдастарыма қарап отырып, мен таңдаған өмір салты мен тамақтанудың жастық шақты, бетіңнің әрін сақтауға шынайы мүмкіндік беретіндігіне көзім жетті.
Елена мен Галинаның рецептері
Көкөніс қосылған асбұршақ сорпасы
Қайнап жатқан тұзды суға (1,5 л) жуылған асбұршақты (200-250 г) салып, қақпақсыз 10 минут қайнатып, көбігін алып тастайды. Содан соң қақпағын жауып, баяу отқа қойып, үнемі араластырып, тағы 15-20 минут қайнатады. Түрлі 600-700 г болатын көкөністерді: сәбіз, баялды, қызанақ, мұздатылған қабықты үрме бұршақ, асқабақты ұсақтап төрт бұрыштап турайды. Ашытқан орамжапырақ қосуға болады. Содан соң табаны алып, оған 3-4 ас қасық зәйтүн (немесе күнбағыс, жүгері) майын құямыз. Қыздырып, отын басыңқырап қоямыз. Әрі қарай дәмдеуіштерді қуырамыз. Қыздырылған майға 1 шай қасық қыша дәнін себеміз. Содан соң үстіне 1 шай қасық уатылған күнзе (кориандр), 1 шай қасық куркума, жарты шай қасық қызыл бұрыш, 1/4 шай қасық уатылған зире сеуіп, дәмдеуіштерді бірнеше секунд майға қуырамыз. Табаға туралған көкөністерді салып, дәмдеуіштермен бірге 10-15 минут қуырамыз. Содан кейін бұған 1-2 ас қасық үккіштен өткізілген кокос қосып, тағы 2-3 минут қуырамыз. Қуырылған көкөністерді сорпаға салып, 10-15 минут қайнатамыз. Тұздап, дастарханға лимон кесіндісімен бірге ұсынамыз. Бетіне аскөктер себуге болады.
Картоп құймағы
2-3 үлкен картопты ірі үккіштен өткізіп, алынған массаға ұсақ туралған жуа (жуасыз да болады) қосамыз. 1 жұмыртқа, 3 ас қасық ұн, тұз, дәміне қарай бұрыш салып, бәрін араластырамыз. Зәйтүн майын қалың табаға қыздырып (түбіне 1-2 мм жайылатындай етіп), ас қасықпен құймақты құямыз да, шеттерін түзетіп, пішінін ретке келтіреміз. 5 минуттай күтеміз, беткі жағы алтын түстес болуы тиіс, ал барлық қоспалары бірігуі керек. Содан соң оны келесі жағына аударамыз. Артық май сіңу үшін құймақты қағаз сүлгіге түсіріп аламыз. Содан соң дастарханға қаймақпен береміз.