Атырау, 12 қараша 08:39
 ашықВ Атырау +2
$ 492.65
€ 525.71
₽ 5.03

Әлеуметтік дүмпудің салдары

3 896 просмотра

Жаңаөзендегі  орын алған келеңсіздікті  экономикалық тұрғыдан алып қарайтын болсақ, бұл тікелей және жанама қаржы жоғалту болып табылады. Сондай-ақ, жағдайды сауықтыру үшін жасалған әрекеттер ешқандай нәтижеге қол жеткізген жоқ. Егер,  еліміздің барлық депрессиялық аудандарындағы проблемаларды кешенді түрде шешуден  бастамасақ,  жаңа бюджеттік қаржылардың құйылуы проблеманы тек ушықтырып қана қояды.

Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктер құны ең жоғарғы құндылық – адам өмірімен өтелді. Осыны біле тұра материалдық шығындар туралы айтудың өзі оңай емес. Бірақ, оны айтпауға тағы да болмайды. Өйткені, бәрінен бұрын алдымен осы экономикалық мәселелерді шешіп алмай, аталмыш аймақтардағы тәртіпсіздіктердің тағы да қайталанып, бұрқ ете қалуынан ешкімде сақтандырылмаған. Ал, бастысы -  мынаны түсіну қажет: осынау жанжалдың тұтануына шынында да Жаңөзендегі нашар әлеуметтік-экономикалық жағдай себеп болды ма?

 

Жылдар өтсе де  мәселе шешілген жоқ

Жаңаөзен биліктің назарынан тыс қалды деп айту дұрыс емес. Іс жүзінде проблемасы үкімет деңгейіне дейін шарықтаған жалғыз қала осы Жаңаөзен болатын. Сонау 2008 жылы, ереуілдердің алғашқы толқыны басталған тұста, мемлекет ондағы басты проблема – жұмысшылардың нашар тұрмысы деп шешкен еді. «2009-2012 жылдарға арналған Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық даму проблемаларын шешу жөніндегі кешенді жоспары» қабылданған-ды.  (Айтпақшы, 1989 жылы Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктен кейін осы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша кейінге қалдырылмайтын шаралар туралы қаулы қабылданған еді).

Бұл жоспарда, біріншіден, үйлер мен жол құрылысы, аудан елді-мекендерін газбен, жарық және сумен қамтамасыз ету қарастырылды.

Екіншіден, әлеуметтік нысандардың масштабты құрылысы: ауруханалар, емханалар, перзентхана үйі, мәдениет үйлері, балабақшалар, мектептер мен колледждер.

Үшіншіден, жұмыссыздар санын азайту шаралары, оның ішінде тек мұнайгаз кәсіпорындарын техникалық қамтумен байланысты ғана емес басқа да жаңа өндіріс орындарын ашу арқылы көзделген еді. Олардың ішінде тігін фабрикасын  жандандыру, қосалқы шаруашылықтарды кеңейту бар. Адамдарды кәсіпкерлікке оқыту және оларға шағын несие беру шаралары жоспарланды. Сондай-ақ, оралмандардан құралған жұмыссыздарды қоғамдық жұмыстарға тартуды ұйымдастыру  және жұмыссыз әйелдер мен оралмандарды кәсіби дайындау және қайта дайындау қарастырылды.

 

Барлық жол Жаңаөзенге апарады

Жаңаөзенді тек республикалық көлемде танытып қойғанымыз аздай, оны халыққаралық ауқымға шығаруға бел шештік. 2012-2020 жылдарға арналған қаланы дамытудың ұзақ мерзімді бағдарлама оның рөлін – транзиттік көліктік-логистикалық қызмет көрсететін орталық деп әйгіледі. Ол аз да емес, көпте емес  «Қазақстан және Ресейдің орталық аймақтарын, сондай-ақ, Түркіменстан, Иран, Парсы шығанағы елдері, Оңтүстік-Шығыс Азияны қамтуға мүмкіндік береді».  Айтқандай, бастапқы шараларға түрен де салынды: Жаңаөзеннен Түркіменстанмен шекараға дейін теміржол салынды және ол одан әрі Иран арқылы Парсы шығанағына шығады. Тағы да ұзындығы 100 шақырым болатын Жаңаөзен-Құрық автокөлік жолы, ұзындығы 150 шақырым болатын Жаңаөзен – Сайотестеміржолынжәне көліктік-логистикалық орталықты салу ұсынылып отыр. Ақыры, не керек «Каспий» арнайы экономикалық аймағы пайда болады. Қалада жоспар бойынша 29 мың  жаңа жұмысшы орындары ашылмақ. Консалтингтік фирма дайындаған және креативтік әлемдік қағида бойынша жасалған бағдарлама аймақтың экономикасын түгелімен түп-тамырымен өзгертпекші. Қала бұрын да, қазір де тек бір  саламен – мұнай және газбен ғана байланысты болды. Алайда, Өзен кен орны өзінің «дәуренін» өткізіп алды, болашақта одан өндірілетін қара алтын  қысқаратын болады және шығындарының артуынан берер пайдасы азая түседі. Сондықтан да қаланың болашағын мүлдем басқа бір бағытпен – транспорттық бағытпен байланыстыруды жөн көріп отыр.

Алайда, мұнайды алмастыру үшін өте үлкен ауқымды масштабтар керек, содан да болар ұсақ-түйекке қол былғамай, Жаңаөзеннің жабық шөл даласында аймақтық транзиттік орталық емес, бірден халықаралық маңызы бар орталық жасауға шешім қабылдады. Бұл қағаз жүзінде сенімдірек шықты

 

Жобалар немесе жобақұмарлық?

Облыстық маңызы бар қалалар мен аудандардың 2010 жылғы және 2011 жылдың бірінші тоқсанындағы ішкі аймақтық рейтингісінің мәліметтері бойынша Жаңаөзен жоғары және орта даму динамикасы бар топтардың қатарына енді. Басқа қалалар, тіпті, облыс орталықтары мақтана алмай отырған  қаржылық құйылымдар мен республикалық биліктің үлкен ықыласына бөленген ол  неліктен проблемалық мәртебеге байланды да қалды? Осындай қуантарлық болашақ жоспарлары және керемет ресми көрсеткіштері бар аймақ қалайша ең қатал әлеуметтік қайшылықтар орнына айналды? Алдымен әңгімені ауқымды бюджеттік ақшалар және оларды иегеру жөніндегі есептердің, бағдарламалар мен болашаққа берілген уәделердің шындықтан алыс жатқындығынан бастау керек.   Бюджеттік құйылымдардың тиімділігіне келетін болсақ, оған қалаға бөлінген қаржыны жымқырған Жаңаөзеннің соңғы екі әкіміне қатысты қозғалған қылмыстық істер дәлел бола алады. Ал, ақша ұрланғандықтан, бұл тек әлеуметтік шиеленіске іліндірді.  

Жоспарларға келетін болсақ, оларға тағы бір рет сын көзбен қарауымыз керек. Өйткені, Жаңаөзеннің мүмкіндіктеріне баға беру – аса қауіпті іс. Айталық, Қазақстан-Түркіменстан-Иран теміржолын іске қосу арқылы қала бәлкім, жүкті ауыстырып тиейтін орталық, қуатты қоймаға айналуы мүмкін. Алайда, шетелдік елдерді – Оңтүстік-Шығыс Азияға дейінгі елдерге қызмет көрсететін орталық рөліне қойылатын талаптарды қаншалықты ақтай алады? Оларға мұндай қызмет көрсетудің қажеттілігі бар ма? Қазақстанда шенеуніктер жаппай әлемдік масштабтағы кеудемсоқ шалағай жобаларды ұсынудың белгілі бір жолдарын біледі. Артынша олар бюджеттік қаржымен бірге ауада ғайып болады. Алайда, егер Жаңаөзендегі жобаланып отырған көлік орталығын дәл осындай тағдыр күтіп тұрса, онда бұл іс тек қаржыны ғана жоғалтып қоймайды. Бұл барынша маңызды болады. Өйткені, бұл жобаға біз тұрғын халықты тартатын боламыз, сөйтіп олар артынша жұмыссыз қалады.

 

Қаржы құйылған сайын жұмыссыздық та артып барады

Жаңаөзендегі экономикалық белсенділікті кеңейту оны үнемі жолдан тайдыру емес – бұл өте қарама-қайшылықты таңдау. Және оны дұрыстап ойлап алған жөн. Билік онсыз да дұрыс ақыл-парасат пен ұзақ мерзімді болашақ жоспарларды құрбандыққа әкелетін әп-сәттік ойды басшылыққа ала отырып, осы аймақ бойынша үнемі шешім қабылдап отырады.

Қаланы қоныстандыру кезінде жіберілген стратегиялық қатеден басталық. Жаңаөзенде қуатты мұнайгаз кәсіпорындары жұмыс жасайды. Бұл жылына 6 млн тоннадан аса мұнай өндіретін бір ғана «Өзенмұнайгаз» емес, барлық батыс аймақ үшін жұмыс жасайтын газ өңдеуші зауыт, басты мұнай тасымалдайтын станса – еліміздің ірі мұнай құбырының бастапқы қосыны «Өзен-Атырау-Самара» бар. Алайда, олар жұмысты адамдардың шектеулі ғана тобына бере алады және оларда жұмысшы орындарын көбейту жоспары да жоқ. Қала 60 мың тұрғынға есептелген. Ал, қазір халықтың саны одан екі есе көп. Оның үстіне, биліктің мәліметі бойынша, қалаға 60 мың оралман келіп қоныстанған. Жұмыссыздықпен және басқа да әлеуметтік экономикалық проблемалармен  бетпе-бет келген билік одан шығудың жолы – қосымша жұмыс орындарын ашып және қосымша қаржы бөлу деп шешті. Алайда, ақшаның келуі халықтың өсуіне әкеледі. Жұмыс орындараның саны артады. Ал, нәтижесінде Жаңаөзенге ақша барынша бөлінген сайын оны дамыту жөніндегі соншама кеудемсоқ жоспарлар өмірге келеді. Сөйтіп жағдай нашарлай бастайды. Халық санын ретке келтірмейінше Жаңаөзенде экономикалық белсенділікті жасанды түрде қыздыру – тұйыққа тірейтін жол.

 

Күйзеліс - жұқпалы дерт

Барлығы да салыстыру арқылы танылады. Жаңаөзенде оқиға болғанға дейін барғандар және басқа да шағын қалаларда болғандар салыстырудың оның пайдасына шешілгендігін растайды. Республикада ондаған елес-қалалар бар. Онда халық саны азаюда, инфрақұрылыс қалдықтары құртылып жатыр, тұрғын үйлер иесіз қалуда. Ал, Жаңаөзенде бәрі керісінше, басты проблема халық санының қысқаруы емес, оның артуы болып отыр. Қалада иесіз қалған үйлер жоқ, оның аумағы барған сайын кеңейіп барады. Оның үстіне Жаңаөзендегі халықтың табыс деңгейі де Қазақстандағы басқа өлкелермен салыстырғанда ең төмен де емес. Мынадай қайшылық туындайды. Әдетте әлеуметтік жарылыс үшін нақты себептер тоқырауға ұшыраған шағын қалаларда пайда болмаушы ма еді? Ал, ол болса, сондай қалалармен салыстырғанда  көш ілгері деген Жаңаөзенде орын алды.

Аграрлық арта қалған аудандар емес, мұнайлы аймақта лап етті. Неге олай? Оның себебі сол, әлеуметтік жанжалдар қоғамдық байлық деңгейінен емес, оның бөлінуінен туындайды. Елес-қалалардағылардың барлығы бірдей кедей. Ал, жалпы  мұнайлы аймақтарда және жекелей алғанда  Жаңаөзенде ала-құла әлеуметтік жіктелу бар. Оны жұмыссыздық пен ақылға қонымсыз көші-қон саясаты қалыптастырды. Оның үстіне елді бейқамдық күйде оралмандармен «толтыру» арқылы билік жекелей алынған аймақтарда қисынсыз саясатты жетілдіру жағдайын күшейтеді. «Күйзеліс» тобына енгендердің көпшілігі мағынасыз күйкі тірлікпен ғана қалады. Онда халық шуламайды, алаңға шықпайды. Сондықтан да оған қолдарын бір сілтей салады. Ал, нәтижесінде орталықтан ақша құйылатын «жекелей алған аймақтарда» халық барынша шапшаң шоғырлана бастайды. Ал, кейін білікті емес еңбек ресурстарының қарқынды артуын Жаңаөзен секілді шағын қалалар ғана емес, барынша ірі деген Атырау секілді қалалар да жаратпай қалуы мүмкін. Қысқасы, Жаңаөзеннің проблемасын тек барлық шағын қалалар мен селолардың проблемасын, сондай-ақ, көші-қонды реттеу барысында ғана шешуге мүмкіндік туады. Қалғаның бәрі – жай ғана өзін-өзі алдау.

Сағит ОСПАНОВ, экономикалық сарапшы, Астана

Суретті түсірген Сәния ТОЙКЕН, Жаңаөзен

9 ақпан 2012, 18:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.