Атырау, 25 желтоқсан 12:51
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Сот орындаушысына қолайлы

4 168 просмотра

Неліктен сот орындаушылары ештеңе жасамай-ақ, өз қызметін төлеуге мәжбүрлейді? Мен мойнымда айыппұл бар-жоғын тексеруді ұйғарып, ЖПҚ-ға барып, бір айыппұлым бар екенін білдім. Төлегім келген, бірақ, мені сот орындаушысына жіберді. Ол айыппұлға қоса, оның «қызметі» үшін тағы 5 мың теңге төлеуге тиіс екенімді мәлімдеді. Ол мені іздеген жоқ, ешқандай жұмыс істемеді. Мен өзім келдім, сонда не үшін төлеуге тиіспін?

Телефон арқылы

Сұраққа адвокат Татьяна МОХНАЧЕВА түсінік берді:

– Бұл сұрақты соңғы кездері азаматтардың көпшілігі қоятын болған.

Автоматты режимде жұмыс істейтін сертификатталған арнаулы бақылау-өлшеу техникалық құралдарымен және аспаптарымен тiркелген жағдайда, айыппұл тағайындау туралы қаулы шыққан немесе айыппұл төлеу қажеттілігі туралы ұйғарым ресімделген сәттен бастап, әкімшілік құқықбұзушылық жасаған азаматқа ерікті түрде уақытында айыппұл төлеуі үшін бұл туралы өкілетті орган лайықты хабардар етуге тиіс.

Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 893-бабына («Айыппұл салу туралы қаулыны өз еркімен орындау») сәйкес, әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға айыппұлды қаулы заңды күшіне енген күннен бастап 30 тәуліктен кешіктірмей төлеуге тиіс. Тиісінше, егер сізге қатысты техникалық құралдармен және аспаптармен тіркелген құқықбұзушылықтар үшін айыппұл төлеу туралы хабарлама жасақталғаны немесе айыппұл салынғаны туралы қаулы шықса, сізге бұл құжаттар табыс етіледі немесе пошта арқылы жіберіледі. Құқықбұзушылықпен келіскен жағдайда, сіз ерікті түрде 30 тәулік ішінде айыппұл төлеуге тиістісіз.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте ерікті түрде заңда белгіленген мерзімде айыппұл төленбеген жағдайда құқықбұзушыға айыппұл салу туралы қаулыны орындау үшін мәжбүрлеу шаралары қолданылатындығы қарастырылған.

Сонымен, әуелі өкілетті орган құқықбұзушының жұмыс орнына оның еңбекақысынан немесе басқа табыс көзінен айыппұл сомасын мәжбүрлі түрде ұстап қалу үшін айыппұл салынғаны туралы қаулыны жолдайды. Егер айыппұл салынған жеке тұлға жұмыс істемесе немесе басқа себептермен еңбекақысынан немесе басқа табыс көзінен айыппұл өндіріп алу мүмкін болмаса, айыппұл төлеу қажеттігі туралы ұйғарымды қаулы шығарған өкілетті орган ҚР заңнамасында қарастырылған тәртіппен мәжбүрлеп орындату үшін сот орындаушыға жолдайды.

Тәжірибе жүзінде қаулыны шығарған өкілетті органдар айыппұлды ерікті төлеу мерзімі өтіп кеткеннен кейін (әуелі борышкердің жұмыс орнына жолдамастан) айыппұл салынғаны туралы қаулыны немесе айыппұл төлеу қажеттігі туралы ұйғарымды (құқық бұзушылық өлшеу техникалық құралдарымен тiркелген жағдайда) мәжбүрлеп орындату үшін тікелей сот орындаушыға жолдайды.

Әрі қарай, «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» заңның негізінде сот орындаушы өзіне атқару құжаттары түскеннен кейін атқарушылық іс жүргізуді қозғайды. Бұл туралы қаулы шығарады.

Осы заңның 118-бабында, жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу борышкерден өндіріп алынған қаражат есебінен жүргізілетіндігі және 10000 АЕК-тен аспайтын шекті мөлшерін белгілей отырып, істердің санаты мен өндіріп алу сомасына қарай 3-тен 25 пайызға дейінгі мөлшерде белгіленетіндігі қарастырылған. Жеке сот орындаушысы өз қызметінің ақысы үшін соманы осы Заңда көзделген және ҚР үкіметі белгілейтін мөлшерде ғана өндіріп алуға құқылы. Жеке сот орындаушысына өзінің қызмет ақысы сомасының белгіленген мөлшерін өзгертуге тыйым салынады.

Бұл сот орындаушысы айыппұлды өндіріп алу туралы құжатты алған сәттен бастап, мәжбүрлеп алу шаралары басталады деген сөз. Яғни, сот орындаушысы айыппұл өндіріп алу жұмыстарына кіріседі, сол бойынша өз қызметінің төлем сомасын алуы тиіс.

«Егер сот орындаушысы оны іздемесе және ешқандай жұмыс жасамаған болса, не үшін төлеуге тиіспін» деген оқырманның сұрағына келер болсақ, оқырман сотта сізден сот орындаушының қызметін төлеу сомасын өндіріп алуға қатысты сот орындаушысының әрекетіне (әрекетсіздігіне) және шешіміне қатысты шағымдануға құқылы. Шағымды қарау нәтижелері бойынша, сот тиісті шешім шығарады. Сот қызмет ақысының мөлшерін белгілеудегі және өндіріп алудағы сот орындаушысының әрекетін заңсыз деп таныған жағдайда, жеке сот орындаушысы негізсіз алынған соманы сот актісі заңды күшіне енген күннен бастап 10 күн ішінде өндіріліп алынған немесе соманы төлеген тұлғаға қайтарады.

12 қаңтар 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.