Атырау, 27 қараша 21:51
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Арықтағың келе ме? Зейнетақымен күн көр

3 556 просмотра

Жыл басынан бері зейнетақылар 9 пайызға өсті. Енді төменгі зейнетақы мөлшері (оны жарты миллион қазақстандық алады) 26 мың теңгеден сәл асады. Мен бұл ақшамен қалай күн көруге болатынын байқап көруді ұйғардым. 

 

Ет, балық, жемістерді қоспағанда

Тәжірибеге кірісе отырып, төменгі зейнетақымен күн көріп жүрген әжейлер мен атайлардың, мәселен, люстраға бір лампочка жете ме? Немесе: жарнама үзілісі кезінде теледидарды өшіру керек пе? Немесе: автобусты күтпей, жаяу жүр, деген секілді кеңестеріне құлақ түрдім.

Сонымен, тәжірибе айының басында әмияныма 26 мың теңге салдым. Алдымен, коммуналдық қызметтер мен телефон ақысын төледім. Әмиянымда 16 мың теңге қалыпты. Енді осы ақшаға бір ай бойына өмір сүруім керек.

Етті, балықты және жеміс-жидектерді бірден тізімнен шығарып тастадым. Бірақ азық-түлік алуға дүкенге алғашқы барған кезде 5 мың теңгедей ақшам жұмсалып кетті. Осы ақшаға тауық етін, 5 келі картоп, 3 келі пияз, 2 шағын орамжапырақ, 3 келі сәбіз, қарақұмық, сұлы, макарондар, сүт, қант, шай, бір бөтелке күнбағыс майын, қораптағы сары май, 20 жұмыртқа сатып алдым. Әмияндағы қалдық - 11 мың теңге болды.

Алғашқы аптада жаман болған жоқ. Тауық етінің жартысын картоппен бұқтырдым, қалған жартысына майлы щи пісірдім. Үш күннен кейін көкөніс өнімдері мен жармаларға көшуге тура келді. Таңертеңгілік асқа – сұлы жармасы, күріш ботқасы, сүт пен қант қосылған қайнатылған қарақұмық, қуырылған жұмыртқа. Түскі ас пен кешкі асқа – жеңіл көкөніс немесе вермишель сорпасы, қуырылған картоп, сәбіз-пияз тұздығы қосылған күріш пен қарақұмық.

 

Қалбыр торты мен екі келі салмақ

Екінші аптаның ортасында әмиянымда 10 мың теңгедей ақша қалды (күн сайын нан сатып алып, қоғамдық көлікпен жүрдім). Тоңазытқыштың іші босап қалды. Сол кезде Нюра есімді таныс әжей менің ас мәзірімді түрлендіріп жіберді. Мәселен, теңіз шаянының аяқтарынан котлеттер жасады. Жеуге жарайтын тағам. Ал демалыс күндері үш балық қалбырынан салма салған пирог дайындадым.

Үшінші апта басталған кезде тағы да картоп, пияз, сәбіз, макарон, күріш, жұмыртқа, сүт салып алдым. Сүйіп жейтін йогуртым мен сүзбелерімді айранмен алмастыруға тура келді. Бұл жолы тауық етіне ақшамды жоймай, екі қорап арзан сосиска алдым. Өзімді сүтсірне тілімі мен екі шоколадпен қуанттым. Сондай-ақ, ең арзан кір жуатын ұнтақ пен бір құты тіс жуатын паста, арзан сусабын сатып алдым. Әмияным 6 мыңға дейін азайып қалды. Ал мен, келісіп қойғандай, аяқ астынан менің сымбатымдағы өзгерістерді байқай бастаған әріптестерім мен таныстарымнан қошамет ала бастадым. Қызық үшін таразыға салмағымды өлшеп көріп, екі апта ішінде екі келі жоғалтқанымды анықтадым. Шынымды айтсам, бұған қуанған жоқпын. Оның үстіне көңіл-күйім үнемі жабырқаңқы болды, ал дүкен ішінде ақшам жетпей қалады-ау деген үрейден арыла алмадым.

…Қырсық шалғанда тәжірибемнің үшінші аптасы аяқталып қалған кезде, етігімнің табаны қиылып кеткен еді. Базарға барып едім, ең арзан қысқы етік 6 мың теңгеден кем түспейді екен. Ал оны сатып алсам, қалған бір аптама қалай өмір сүремін? Сөйтіп, осыдан кейін тәжірибемді тоқтатуға мәжбүр болдым. Бірақ менің мұндай мүмкіндігім бар. Ал  үзілмейтін тәжірибе жағдайында өмір сүріп жатқандардың жағдайы қалай болмақ?

 

Күн көруге мәжбүрміз

Төменгі зейнетақы алатын Нюра әжей осылай дейді:

- Үкімет басындағылар біздің зейнетақымызды біресе 30 пайызға, біресе 20 пайызға көтердік дейді. Бірақ бюджет қызметкерлерінің жалақысы мен зейнетақы көтерілсе болғаны, бәрі бірден қымбаттап кетеді. Сен дәрі-дәрмекке ақша шығарған жоқсың ғой, ал қарияларға онсыз күн жоқ. Балалары көмектесе алатындарға жақсы ғой, бірақ көпшілігі мемлекет бөліп отырған аз ақшаға күн көруге мәжбүр. Мен артығымен азық-түлік те, дәрі-дәрмек те, ештеңе сатып алмаймын. Тіпті, ертең көз жұмғанда балаларыма жерлеу жеңіл болу үшін кейінге ақша да жинай алмаймын... Шетелде зейнеткерлер мұраға миллиондаған ақшалар қалдырады, ал біздер тек қарыз ғана қалдырамыз.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген Владимир ИСТОМИН

 

АУҚАТТЫ ЗЕЙНЕТКЕРЛЕР

 

АҚШ

Зейнеткерлік жас- 65-67 жас. Орташа зейнетақы – 1164 доллар

Құрама Штаттардың игілігіне бірде-бір жыл жұмыс жасамағандарға кепілді 300 доллар төленеді. Қандай да болмасын жұмыс өтілі бар егде американдық 600 доллардан бастап алады. Мемлекеттік қызметкерлердің, әскерилердің және ұшқыштардың зейнетақылары жоғары, олар 2-3 мың доллардан бастап алады.

 

Германия

Зейнеткерлік жас - 65 жас. Орташа зейнетақы - 810 евро

Кепілдендірілген төменгі көлемі - 330 евро. Осындай зейнетақы алатын адамдарға мемлекет баспана (бір адамға шаққанда 56 шаршы метрге дейін) мен коммуналдық қызметтерді төлейді. 40 жыл өтілі бар инженер (жалақысы 6-7 мың евро) 1630 евро зейнетақы алады.

 

Финляндия

Зейнеткерлік жас - 65 жас. Орташа зейнетақы – 1344 евро

Төменгі, немесе Финляндияда «халықтық» деп аталатын зейнетақы мөлшері 550 евро құрайды. Алайда минимумды бұл жерде халықтың аз бөлігі ғана алады.

 

Испания

Зейнеткерлік жас - 65 жас. Орташа зейнетақы – 850 евро

Баспана мен азық-түліктер бағасының төмен болуы Испанияға еуропалық зейнеткерлерді тартып тұрады. Олар бұл елде өздерін корольдей сезінеді. Дегенмен, испандықтардың өздері де сондай әсерде болады.

9 ақпан 2012, 17:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.