Атырау, 21 желтоқсан 07:06
 бұлттыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

​Бостан Сүлейменов: немерелерімізге және өзімізге арналған кітап

5 096 просмотра

Image 0

Облыстағы балық өнеркәсібінің ардагері Бостан СҮЛЕЙМЕНОВ «О людях, экологии и биоресурсах Урало-Каспия» деп аталатын кітабын жарыққа шығарды.

Кітаптың атауы басылымның мазмұнын – балық және мұнай өлкесінің адамдары, олардың жергілікті өнеркәсіптің дамуына қосқан үлестері, аты аңызға айналған «Гурьеврыбпромның» жұмыс күндері, табиғат қорғаудың сала ретінде пайда болуы, Жайық-Каспий бассейнінің өткені, бүгінгісі мен болашағы туралы бейнелейді.

Өз туыстарым мен жақындарым, достарым мен жолдастарым үшін өз өмірімнен жекелеген естеліктер жазсам деген ой бұрын да болған еді. Әсіресе, үлкен немерем Ринат менің осы уәдемді үнемі еске салып отыратын. Бірақ жұмыстан үнемі қолым босамағандықтан, содан соң Ринаттың өзінен мезгілсіз айырылып қалғандықтан, кітап жазуға мүмкіндігім болмады. Оның жасы бар болғаны 23-те еді, - дейді Бостан аға. – Уақыт емші дейді ғой, жылдар өткесін жан ауруы басылғандай болды, бірақ үнемі қайғым есіме түсіп: «Ата, осы туралы жазшы, сенен өтінемін. Бұл туралы менің балаларым оқыған кезде сондай керемет болады!» деген немеремнің дауысын естіп, жалынды жанарларын көргендей боламын. Бәлкім, мүлдем кеш те шығар, көп нәрсені ұмытып та қалдым, бірақ өз уәдемді орындауды ұйғардым.

Түрлі салада жұмыс жасаған мол тәжірибе Сүлейменовке өңірдегі балық саласы мен экологияны дамыту жөніндегі көптеген мәселелер бойынша сарапшы болуға мүмкіндік береді. Өз кітабында ол Жайық-Каспий бассейнінің балық өнеркәсібі мен экологиялық теңгерімінің өткір проблемаларын көтеріп, оларды анықтауға, шешу үшін жауаптар мен ұсыныстар беруге тырысты.

Материалдардың бір бөлігі, әсіресе, автордың жас кезі мен сол кездері бүкіл КСРО-ға танымал өндірістік «Гурьеврыбпром» бірлестігінің жұмыс күндері туралы көркем әдебиет шеңберінде берілген. Қазіргі заманда тауарлық балықтың қалай ауланып, қалай бөлінетіндігі, бүкіл Одақты бағалы балықпен қамтамасыз еткен балықшылардың үймен қамтылмауы, оларға баспананы бөлу мәселелері қалай шешілгені туралы оқу өте қызықты болды... Кітапта күлдіргі әңгімелер, төтенше жағдайлар туралы және жергілікті балықшылардың жетістігі туралы естеліктер бар. Тіпті, зауыт әйелдерінің ереуілдері туралы да бар. Автор, тіпті, шарасыз көрінген қиын жағдайды қалай бірлесе жеңгендерін еске алады. Мәселен, өртеніп кеткен мұз базасына қатысты. Бұл қыста мұз дайындауға арналған арнайы, қамыспен және пішенмен бекітілген ғимарат. Қатқан өзен қабатынан қашалып, базаға үлкен мұз сеңін сүйреп әкеліп, қаттап, оқшаулағыш материалмен қорғап, содан соң топырақ сеуіп тастайды екен. Кейіннен балықты бастапқы өңдеу және сақтау үшін қолданылатын табиғи консервант осылай сақталған. Бір күні базаны браконьерлер өртеп жіберген кезде, Бостан Сүлейменовке ахуалдан шығу үшін жаңа әдіс табуға тура келген...

Кітаптағы тараулардың бірін автор облысымыздағы табиғат қорғау органдарының қалыптасуына арнаған. Бұл жерде ОКИОК-тан бастап НКОК НВ компаниясы болғанға дейін Солтүстік Каспий Консорциумының қызметіне байланысты Каспий үшін тәуекелдер, «Теңізшевройл» ЖШС-нің жентекті күкіртін сақтау, мұнайгаз өндіру проблемалары қозғалған. Әрине, ұзақ жылдар бойына аса құпия нысанда 100 килотоннаға дейінгі қуаттылықта жарылғыш заттарға ядролық сынақ жүргізілген Азғыр да экологтың назарынан тыс қалмаған.

Кітап адамдар «экология» деген сөздің мағынасын білмеген кезеңдерді еске салады. Елімізде осы ғылым пайда болған қарсаңда Сүлейменов пен оның әріптестері тіпті салалық топтар үшін экологиялық жаппай оқытуды енгізген.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

1 қаңтар 2017, 23:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.