Атырау, 28 қараша 02:34
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

​Соққыға жығылған белсенді, "соқыр" камералар және адуынды орынбасар

Сурет
3 239 просмотра

Image 1

Өткен жылдың қаңтарында Қазақстанда жергілікті полицей қызметі (ЖПҚ) құрылды. Оның басшысы жылына бір рет тұрғындар алдында есеп беруге тиіс. 23 желтоқсанда облыстық филармония залында Атырау облыстық ЖПҚ бастығы Нұрым ОРАЗБАЕВ есеп берді.

Келушілер, негізінен зейнеткерлер, атап айтқанда, заңсыз көлік қоюға, ықшамаудандар ішінде көлік әуесқойларының жарысуына, спорт және балалар алаңының, қоқыс контейнерлерінің жоқтығына шағымданды.

Оразбаевтың айтуынша, облыстық әкімдікте жақында кеңес өтіп, онда Атырау қаласының әкімі Серік ШАПКЕНОВ жерасты паркингтері мен автотұрақтар салу жөнінде, сонымен қатар, балаларға арналған ойын және спорт алаңдарының құрылысын жалғастыру жөнінде жоспарлары бар екенін хабарлаған. Әкім қаңтар айында облыс әкіміне егжей-тегжейлі жоспарды ұсынуға уәде берді.

СОҚҚЫҒА ЖЫҒЫЛҒАН БЕЛСЕНДІ ЖӘНЕ БЕЙНЕКАМЕРАЛАРДЫҢ АЗДЫҒЫ

Макс Боқаев пен Талғат Аяновты қолдау ұраны жазылған жейде киген әйел Шаттық ТАШКЕНОВА – неліктен 24 қазанда оның әріптесін, қоғам белсендісі Ринат ИСАҒАЛИЕВТЫ Авангардтағы өз үйінің подъезінде соққыға жығу фактісі бойынша қылмыстық істің жабылғанын сұрады. Ол бұл оқиғаны зардап шегушінің Боқаев пен Аяновты қолдау үшін сотқа барып жүргендігімен байланыстырады. Қылмыстық істің жабылғаны туралы Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитетінің сайтынан білген.

Image 0

Облыстық ЖПҚ бастығының орынбасары Әлібек ҚАЙЫРОВ осы қылмыстық істің шеңберінде тергеу әрекеттері күдіктінің жеке басы анықталмағандықтан уақытша тоқтатылғанын, егер ахуал айқындалса, кез-келген уақытта жалғастырылатынын айтты.

Зейнеткерлердің бірі учаскелік инспекторларды күн сайын ҚІІБ басшылығына баяндама жасау үшін алаңдатпай, барлық мәселелерді аптасына бір рет лездеме кезінде шешуді ұсынды. Бұдан басқа, ол учаскелік инспекторлар үшін бір орында жұмыс істеу уақытын аз дегенде 3 жыл қылуды ұсынды. Әйтпесе олар жиі ауысады екен. Жауап ретінде Оразбаев қала маңындағы жаңа ықшамаудандардан екі бөліктен – учаскелік инспекторларға арналған кабинеттер мен пәтерлерден тұратын тірек пункттерін салу туралы жоспарымен бөлісті. «Осылайша, учаскелік инспекторлар ол жерде іс жүзінде тәулік бойына жұмыс істейтін болады», - деп атап өтті ЖПҚ бастығы. Жоба қалалық әкімдікпен бірге жүзеге асырылады.

Image 2

- Неліктен Алмагүл ықшамауданында бейнебақылу камералары жұмыс істемейді? – деп сұрады қатысушылардың бірі.

- Қазір Атырауда тек 168 бейнекамера дұрыс жұмыс жасап тұр, оның жалпы саны 450 болатын. Көпшілігінің пайдалану мерзімі өтіп кеткен, сондықтан біз оларды алып тастадық. «Аула қауіпсіздігі» деген бағдарлама бар, осы бағдарлама аясында қараңғыда «көре алатын» заманауи 300 бақылау камераларын сатып алып, оларды орнату жоспарланып отыр. Бұл жұмыстарды 2017 жылы бастаймыз.

ПОЛИЦЕЙДІ ШЕТТЕТТІ, ШЕНЕУНІКТІ ТҮСІРУІ МҮМКІН

«АЖ» мүмкіндікті пайдаланып, Оразбаевқа қарамағындағы Махамбет аудандық ЖПҚ бастығы Нұрлыбек ДОСҚАЙЫРОВТЫҢ тағдыры туралы сұрады. Ол биылғы желтоқсанның басында аудандағы жол-патрульдік қызметкерлер жасақтаған хаттаманы жыртып тастаған болатын.

Оразбаевтың айтуынша, жергілікті полицияның бұл басшысы өзінің өкілеттігін асыра пайдаланып, лауазымынан шеттетілген. Ішкі қауіпсіздік басқармасы қызметтік тергеу жүргізуде. Бұдан басқа, оның айтуынша, облыстық Әдеп кеңесінде (бұрынғы Тәртіптік кеңесі) сол бейнежазбада нөмірі жоқ тракторды ұстаған полицейлерді балағаттаған аудандық әкімдік қызметкерінің әрекеті тексерілген. Кейінірек біз Әдеп кеңесінен оның Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Мәлік АМАНОВ екенін білдік. Тәртіптік іс қаралған соң, Кеңес аудан әкіміне Амановтың лауазымын төмендетуді ұсынған. Шара соңында Оразбаев полицияның үздік қоғамдық көмекшілеріне құрмет грамотасын табыстады. Жүргізуші облыстық ЖПҚ бастығының бұйрығымен 39 көмекшінің 10 АЕК, яғни, 21 210 теңге мөлшерінде сыйақымен марапатталатынын хабарлады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Марат ТАКУЛИН

24 желтоқсан 2016, 16:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.