Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың анағұрлым кең таралған себептері – күйеуінің туыстарымен қарым-қатынастың нашар болуы, қаржылық проблемалар және тұрмыстық кикілжіңдер.
Бұл әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықпен күрес проблемасына арналған акция аясында учаскелік инспекторлар жүргізген анонимді сауалнамадан мәлім болды. Бұл шараны «Атырау қаласының әлеуметтік картасы» жобасының аясында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ұйымдастырды. Акция барысында учаскелік инспекторлар ішкі істер органдарында профилактикалық есепте тұрған 782 адамға тексеру жүргізді. Оның 589-ы бұдан бұрын құқық бұзушылық жасаған, соның ішінде отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас саласы бар. Ал 193 отбасы бейберекет отбасы санатына жатады.
Сауалнамаға оралсақ – айта кету керек, учаскелік инспекторлар 17 жастан жоғары 278 қыздар мен әйелдерге сауал жүргізген. Олардың
193-і некедегі әйелдер, қалғандары айырылысқан немесе әлі тұрмысқа шықпаған қыз-келіншектер. Тізімдегілердің 86-сы жұмыс істейді, 50-інде орта арнаулы білімді, 25-і – жоғары білімді, 48-і бизнеспен айналысады, 33-і үй шаруасында, 19-ы зейнеткерлікке шыққан, 17-і – жоғарғы оқу орындарының студенттері.
Өз отбасында немесе өз ортасында зорлық-зомбылық жасалып көрді ме деген сұраққа, 199 әйел «иә» деп жауап берген. 28 респондент отбасындағы өз қарым-қатынастарын өте жақсы, 98-і – жақсы, 140-ы – «орташа», 10-ы – нашар, екеуі өте нашар деп атаған. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себебін сауалға жауап берушілер күйеуінің туыстарымен қарым-қатынастың дұрыс қалыптаспауы, опасыздық жасау, қызғаныш, материалдық және тұрмыстық проблемалар, ішімдікті көп ішу деп есептейді. «Не үшін отбасындағы зорлық-зомбылыққа көнуге әзірсіз?» деген сұраққа, 45 әйел «болашақта жағдай түзеледі деген үміт үшін» деп жауап берді, 32-сі балаларын әкелерінен айырғысы келмейтінін, 10-ы жалғыз қалудан қорқатынын, 50-ін материалдық жағдайдың болмауынан, 78-і – тұрғын үй проблемасынан, 40-ы жұрттың айыптауынан қорқатынын, 23-і өз күйеулерін сүйетіндерін айтады.
122 респондент қиын жағдайда өздеріне көмектесе алатын, құқығын қорғаумен айналысатын орталықтарды немесе ұйымдарды атай алмады, 156-сы – Атыраудағы дағдарыс орталығы туралы біледі екен.
«Басқа отбасында әйелге қатыгездікпен қарайтынын білсеңіз, сіз қандай ұстанымда боласыз?» деген сұраққа 60 әйел араласпауды жөн көретінін, 25-і – араласып, бір шара алуға тырысатынын, 98-і - полицияға, 59-ы – дағдарыс орталығына хабарлайтынын, 36-сы отбасын татуластыруға тырысатынын айтты.
124 респондент отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алудағы анағұрлым нәтижелі тәсіл – ашық сөйлесіп, бірге шешім қабылдау керек, 99-ы – кешіре білу керек, 55-сі – «әйел ақылдырақ болуы тиіс» деп есептейді.
ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира МҰХТАРОВАНЫҢ айтуынша, жыл басынан бері отбасындағы зорлық-зомбылық туралы шағыммен полицияға 293 әйел жүгінген, 146 шағым бойынша қылмыстық іс қозғалған. 60-тан астамы (оның 23-і балаларымен бірге) уақытша дағдарыс орталығына орналастырылған. Бүгінде орталықта төрт әйел мен сегіз бала бар.
Зульфия ИСКАЛИЕВА