Атырау, 22 желтоқсан 20:49
 бұлттыВ Атырау -2
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

75 ЖАСТАҒЫ АБИТУРИЕНТ

9 327 просмотра

Былтыр 75 жылдық мерейтойын атап өткен танымал композитор, жазушы Илья ЖАҚАНОВ Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Бейнелеу өнері және дизайн» кафедрасына оқуға түсуге дайындық үстінде.

Суретшілік қасиет оның қанында бар дүние екен. Жақановтар отбасында Илья ағаның өзінен бөлек, қарындасы Зейнеп Түсіпова мен немересі Әйгерім сурет өнеріне жақын. Зейнеп Түсіпованың еліміздің белгілі суретшісі екенін атап өтуіміз керек. Ал Әйгерім Илья ағаның дүниеден өткен ұлы, киноактер Данияр ЖАҚАНОВТЫҢ қызы. Композитордың бала күннен бері айналысып келе жатқан сүйікті ісіне қайта оралуына себепкер болған да осы немересі.

Әйгерімнің сурет сала бастағанын байқаған кезде оны Тиыш апа (Илья ағаның жары-А.С.) өнерін дамытпақшы болып, Атырау облыстық көркемсурет және өнер мұражайының бейнелеу өнері студиясына оқуға берген. Осы студияда Илья аға немересін алып кетуге келгенде, қылқалам шебері Қамбарбек АМАНОВПЕН танысады.   

- Бір күні облыстық өнермұражайында немеремді күтіп отырғанда, Қамбарбек бір қағаздың шетіне сурет салып отырғанымды байқап қалды. «Сурет салады екенсіз, аға» деді ол. Мен ыңғайсыздандым да, «иә, сондай бірдеңе бар» дедім. Осылайша Қамбарбекпен танысып, барлық картиналарын тамашаладым. Сол күннен бастап арамызда творчестволық байланыс орнады, - дейдіИ.Жақанов. - Менің жұмыстарымды көрген жергілікті суретші-ұстаздар жоғары бағаларын беріп, ресми түрде диплом алу туралы ой салды. Мен оқуға құжаттарымды тапсыруға бекіндім. 

Ал сурет салуды Илья аға 1-сыныпта оқып жүргенде бастаған. Бұл 1944 жылдың қыркүйек айы болатын. Жамбыл облысының Сарысу ауданындағы Ілгерібас ауылы, Жаңакөш және Серго деген үш ауылдың ортасында орналасқан жалғыз мектептің табалдырығын алғаш аттаған кезі. Сурет салуға ықпал еткен оқиғаны композитор былай деп еске алады:

- Балалармен бірге бәріміз жүгіріп бара жатқан кезде мектеп коридорында тұрған ескі шкафтың есігі ашылып кетті де, ішінен бір топ қағаз бұрқырап шашылды да қалды. Жүгірген бала жүгіріп кетті, жалт қарасам, жаңағы қағаздардың арасында 10-15 түрлі-түсті қарындашпен салынған суретті көрдім. Көрдім де тұрып қалған сәтім... Суреттің бәрін тез-тез жинап алып, жүгіріп барып сөмкеме салып алдым. Кейін сол суреттерді үйде ешкімге көрсетпей салып жүрдім. Бәрі де содан басталды, – депәңгімелейдіИ.Жақанов. - Мектепті бітірер кезде 10-сыныпта оқып жүрген кезімде Жамбыл облысы бойынша суретшілердің байқауы болғанда мен Абай, Ыбырай Алтынсарин, Шоқанның суретін салып әкелдім. Атақты суретші Михаил ХРАПКОВСКИЙ деген кісі біздің елде сол кезде саяси түсініктеріне байланысты жер ауып жүр екен. Санкт-Петербордың суретшісі болуы керек. Сол кісі менің салған суретімді көріп, үш суретті ерекше атады. Кейін университетте оқи бастағанда Алматыдағы көркем-сурет галереясында неше түрлі суретшілердің бүкіл шығармаларымен таныстым. Сондай бір сәтте Храпковский кезіге кетті. Ол сондай қатал адам еді. Маған «Ты откуда мой мальчик?» деп маған ерекше үйірілді. Университетте оқи жүріп Храпковскийдің жас суретшілердің студиясында 6-7 айдай сурет салуды үйрендім. Храпковский сонда керемет көрме жасады. Осы күнге дейін көз алдымда. Сол кісі өз еліне ақырында кетіп қалды деп естідім. Одан кейін мен суретті өз бетіммен салып жүрдім. Бірақ, анда-санда бір, сирек салдым. Өйткені, оқудан, одан кейін жұмыстан қол тимеді. 2009 жылдан бастап қайта сурет сала бастадым. Оған себеп - қолымыздағы биыл 11-класты бітіретін Әйгерім деген немерем. Оқуға да бір жағынан Әйгерім суретті тастап кетпесін деген мақсатпен түспекпін. Қамбарбектің өзі де бояуды керемет сезінесіз, графикалық суреттерде де образды дәл келтіресіз, табиғат тынысын жақсы бересіз, сурет салуға батыл кірісіңіз деді.

Илья Жақанов көктемде өзінің жеке сурет көрмесін өткізуді жоспарлап отыр. Онда табиғаттың сұлу көрінісімен бірге, «Еділ-Жайық», «Композиторлар» атты бірнеше циклдан тұратын топтама жұмыстарын ұсынбақ.

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген Владимир Истомин

2 ақпан 2012, 15:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.