Ұлын полицейлер өз өзіне қол жұмсауға дейін жеткізгені үшін анасына төленетін моралдық өтемақы сомасы 2 млн теңгені құрады.
Естеріңізге салсақ, 2015 жылдың тамызында таңертең ертемен Жайық жағалауынан 23 жастағы Атырау қаласының тұрғыны Антон МАРКОВТЫҢ мүрдесі табылған еді. Тергеу жорамалы бойынша, ол өз футболкасына асылып қалған. Өлер алдындағы соңғы түнін ол облыстық ІІД ғимаратында есірткі бизнесімен күрес басқармасы қызметкері Аманжан ДОЩАНОВ пен Атырау ІІД ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкері Аслан ДҮЙСЕНОВТІҢ қасында өткізген. Істе наркологтың есебінде тұрған Марковқа полициядағылар моралдық және физикалық қысым жасады деген куәлік жауаптар бар («Жауап алудан кейінгі өлім»).
Ағымдағы жылдың ақпанында сот үкімімен аға лейтенант А. Дощанов пен сержант А. Дүйсенов ҚР ҚК-нің 362-бабы («Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану») бойынша кінәлі деп танылды. Мүліктерін тркілеумен қатар, Дощанов 6 жылға, Дүйсенов – 5 жылға бас бостандығынан айырылу жазасына кесілді.
Олардың кінәсі дәлелденгеннен кейін марқұмның анасы зиянды өтеу туралы сотқа шағым берді. Ол сотқа жалғыз ұлының өлімі оған қайғы-қасірет әкелгенін, ұзақ уақыт бойына күйзелісте болып, қайғы жұтқанын алға тартты.
Атырау қалалық соты талап арыз берушінің пайдасына әр жауапкерден 38 500 теңге мөлшерінде материалдық зиян мен 1 млн теңге мөлшерінде моралдық зиян өтемақысын өндіру туралы шешім шығарды. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА