Атырау, 22 желтоқсан 18:08
 бұлттыВ Атырау -2
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Бағдарлама және кадрлар

3 957 просмотра

Облыста Жұмыспен қамту-2020 бағдарламасы қалай орындалуда?

Екі жылдан астам уақыт қатарынан Қарабатандағы «Болашақ» зауыты құрылысының (Солтүстік Каспий жобасының аясында құрлықтағы кешенді мұнай және газ дайындау қондырғысы – Л.С.) аяқталуына байланысты ірі қысқартулар жүріп жатыр. Осы мерзім ішінде 20 мыңдай жұмысшының қысқартылғанына қарамастан (олардың жартысы атыраулықтар), ресми статистикада Атырау облысы жұмыссыздық бойынша елдегі төмен көрсеткіштердің бірін – 4,9 пайызды көрсетіп отыр.

Қамту мүмкіндіктері

Өткен жылдың аяғына таман «Болашақтағы» құрылыс алаңдары бұзылып, ал зауыт алаңы қоқыстардан тазалануы тиіс болатын. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының ақпараты бойынша, тек биылғы жылдың басында-ақ нысанда 900-дей жұмысшы жұмыстан босатылған, олардың жартысы – жергілікті кадрлар.

«Аджип ККО» кейбір компанияларға наурызға дейін жұмыс көлемдерін ұзартты дейді жұмыспен қамту басқармасындағылар. Аяқталған жобалардағы жұмыстан босатылған жұмысшылардың бір бөлігі құрлық кешенінен Қашағанға ауысады. Тағы бір жақсы жаңалық: таяуда «Аджип ККО» теміржол тармақтарын салу жөніндегі жобаның басталғандығы туралы мәлімдеді. Жұмыстар мамырда басталады. Оған 4 мыңдай адам, ең бастысы білікті емес жұмысшылар қажет. Қалғандарын Жұмыспен қамту-2020 бағдарламасы бойынша қайта оқытып, жұмысқа орналастырады. Атырау облысындағы үлкен үміт артып отырған ірі жобаларға келсек, газ-химия кешені бойынша әлі жобалау жұмыстары жүріп жатыр, ал қазір инфрақұрылым салына бастаған. Ол жерге жұмысшыларға іріктеу жүргізілмеген, өйткені мердігерлер өз кадрларымен келген. Теңізде жандану байқалады, бірақ үшінші тыныстағы жобаға байланысты емес, ол жерде күрделі жөндеу басталған.

Естеріңізге салсақ, 25 қаңтарда облыстық мәслихаттың сессиясында аймақ әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВ осы жылға жоспарланған ТШО-ның үшінші буын зауытының құрылысы мен мұнай-химия кешенін салу мыңдаған адамды жұмысқа орналастыруға, ал жергілікті бюджетке қосымша 10 млрд теңге алуға мүмкіндік беретінін мәлімдеді.

Бәрін санамалап шықты

Жұмыспен қамту-2020 бағдарламасы өткен жылы іске қосылған еді. Атырау облысында оны жүзеге асыру туралы өткен жұма күні облыстық әкімдіктегі кеңесте облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы бастығының міндетін атқарушы Гүлмира ШАКИРОВА есеп берді (айтпақшы, 9 ақпанда біздің www.azh.kz сайтында оның қатысуымен Жұмыспен қамту-2020 бағдарламасы бойынша онлайн-конференция өткізіледі – Л.С.).

- 2011 жылы Жұмыспен қамту-2020 бағдарламасына қатысушылар саны 7392 адам болды, - деді ол.. – Оны жүзеге асыруға жоспарланған 1,3 млрд теңгеден астам қаржының 99,6 пайызы игерілді. Биылғы жылы бағдарламаны жүзеге асыруға1,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, 3,5 мыңнан астам адамды қамту жоспарланған.

Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша өткен жылы 9-11 сыныптардың 600 түлегі кәсіби даярлауға, 5,5 мыңнан астам жұмыссыз қайта даярлауға жіберіліп, жоспар асыра орындалған. Әлеуметтік жұмыс орындарына 951 жұмыссыз жұмысқа орналастырылып, 54,3 млн теңге игерілген. Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруға 165 мекемемен келісім-шарт жасалған. Жұмысқа орналастыру айлығы өткізіліп, бос орындар бойынша сұранымдар жинау жөнінде жұмыс берушілермен тығыз байланыс жасалуда. Олармен 423 адамды жұмысқа орналастыру бойынша ниеттер туралы хаттама жасалды. Алайда, Индер, Қызылқоға, Махамбет және Құрманғазы аудандарында бұл жұмыс нашар жасалып жатыр.

Бағдарламаның екінші бағыты– селода кәсіпкерлікті дамыту. Бизнесті жүргізу негіздеріне 260 адам оқытылса, оның 107-сі жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен жеке өндіріс орынын ашуға және бұрынғы жұмыс істеп келген өндірістерін кеңейтуге шағын несиелер алды. Шағын несиелеу бойынша бағдарламаның операторы «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы болды. Өткен жылғы берілген шағын несиелердің орташа мөлшері - 1,9 млн теңгеден астам, ал,  оның ең көп сомасы 3 млн теңгеден асқан жоқ.  2012 жылы шағын несиелерді бағдарламаның 218 қатысушысына беру жоспарланып отыр. Оған қосымша өндірістің инфрақұрылымын дамыту үшін 84,5 млн теңге бөлінбекші. Бұл субсидияның  мөлшері алынған несиеден аспайтын талап бойынша беріледі.

Бағдарламаның үшінші бағыты– шаруашылығы құлдыраған елді мекен тұрғындарын экономикалық даму белсенділігі басым аудандарға көшіру болып табылады. Өткен жылы Дамбы селолық округіне қарасты Пешной селосынан Атырау қаласының жаңа Нұрсай мөлтек ауданына 22 отбасы қоныстандырылды. Биылғы жылы тағы да 60 үйдің құрылысы жоспарланып отыр, осы мақсатқа республикалық бюджеттен 595,4 млн теңге бөлінді. Атырау облысында болашағы жоқ деп 16 елді мекен танылды. Алайда, мұндай селолардың барлығының тұрғындарына бірдей мемлекеттік қолдау көрсетілмейді. Облыс әкімінің орынбасары Болат ДӘУКЕНОВ мұндай елді мекендердің тек аз қамтылған, өз күнін өздері көріп отырған тұрғындары мен жұмыссыздар ғана мемлекет есебінен көшіріліп, жұмысқа орналаса алатындығын атап өтті.

Мәжілісте Индер, Қызылқоға және Махамбет аудандарының көшірілуге жататын селоларында аз қамтылған отбасылардың жоқ екендігі айтылды. Махамбет ауданының Қызылжар ауылынан 9 отбасы, Мақат ауданының Байшонас поселкесінен 27 отбасы, ал, Исатай және Құрманғазы аудандарының 9 елді мекенінен 20 жанұя осы бағдарламаның аясында көшірілмек.

Пилоттық жылдың шығындары

Өткен жылы бағдарламаның әрекеті пилотты деп жарияланғандықтан оны ұйымдастырушы мекемелер үшін бірқатар проблемалар туындады. Шакированың айтуынша, бағдарламаға қатысуға өтініш берушілер үшін құжаттар санын азайту керек. Жұмыссыздар мен көшірілуге жататын ауыл тұрғындарынан көптеген құжаттар, оның ішінде неге екені белгісіз, денсаулығы туралы анықтама да талап етілген.

Шакирова мемлекет тарапынан берілетін қолдаулардың барлық түрін - шәкіртақы, жол және тұру шығындарының өтемақысын бір мәрте берілетін төлемақы етіп біріктіруді, сондай-ақ, қалалық жұмыспен қамту орталығының базасында бағдарламаны жүзеге асыру монторингісін және үйлестірудің облыстық орталығын құруды ұсынды. Бұдан басқа, жұмыссыздар мен тұрмысы төмен, өз күнін өзі көріп отырғандардан басқа жалдамалы қызметкерлерді де бағдарлама бойынша оқыту жөнінде ұсыныстар түсті.

 - Біз бір жобадан басқа бір жобаға дейін өмір сүруге тиісті емеспіз, -деп атап өтті мәжілістен соң «АЖ» тілшісімен әңгімелескен Гүлмира Шакирова. – Тұрақты жұмыс орындары керек, шағын және орта бизнес дамуы тиіс. Бұл біздің бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселелеріміздің бірі. Әдетте, кәсіпкерлерде өз қызметкерлерінің біліктілігн көтеру үшін қашанда қаржылары жетпей жатады. Ал, бұл ақыр аяғында біздің қызмет көрсету саласының сапасыздығына әкеліп соқтырады. 

Шенеуніктердің ауыз толтыра айтқан есептеріне қарамастан, әлеуметтік жұмысшы орындарына орналасқандар үшін ең жоғарғы еңбекақы мөлшері алаңдатады. Жалақысы 90 мың теңге болған Қарабатаннан қысқарған жұмысшы 52 мың теңге, әрі үстінен салық салғанда қалатын мардымсыз ақшаға барар ма екен?

Осы сауалға бір шенеунік ойланып, былай деп жауап берді:

- Жұмыссыз жүрген адам бірінші айда бұл сомадан бас тартары анық. Екніші айда да бас тартады. Ал, үшінші айда ойлана бастайды.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

1 ақпан 2012, 18:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.