Атырау, 23 қараша 00:48
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Made in Kazakh eli брендімен ЭКСПО-ға қатыспақ

Сурет
8 967 просмотра

27 жастағы атыраулық зергер Қайрат ШАПАБАЕВ 2017 жылы өткізілетін ЭКСПО көрмесіне қызу дайындық үстінде. Ол үшін арнайы «Made in Kazakh eli» брендін ойлап тапқан.

Қайрат 2012 жылы Темірбек Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер академиясының сәндік қолданбалы өнер және дизайн факультетін бітірген. Батыс Қазақстанның зергерлік өнер техникасы арқылы заманауи үлгідегі әшекей бұйымдар жасайды. Біз онымен әртүрлі стильдердің ерекшеліктері туралы, қолданбалы өнер шеберлерінің мәселелері туралы және басқа да жайттар жайында сөйлестік.

«ШЕБЕРХАНАҒА ДЕЙІН БАЛКОНДА ЖҰМЫС ІСТЕДІМ»

- Қайрат, сен осыдан бірнеше жыл бұрын қолөнершілерге арналған ортақ шеберхананы көпқабатты үйлердің іргеқабаттарынан беруді сұрап, қалалық әкімдікке бірнеше рет өтінішпен шыққан болатынсың. Нәтижесі қандай болды?

- 2012 жылы Алматыдан Атырауға оқу бітіріп келіп, жергілікті қолөнершілердің басын біріктіретін шеберлер үйі, яғни, ортақ шеберхана ашу туралы сол кезде облыс әкімінің орынбасары болып тұрған Шыңғыс МҰҚАНҒА жеткізгенмін. Біз орынжайды «Гранд Атырау» тұрғын үй кешенінің жанынан тұрғызылған көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің іргеқабатынан беруін сұрағанбыз. Сол жерде шеберлер жұмыс істеп қана қоймай, өз қолдарынан шыққан бұйымдарын жергілікті тұрғындар мен қала қонақтарына, туристерге ұсына алар еді. Атырауда жұмыс істейтін шетелдіктер бұл үйге қуана келер еді, себебі, олар біздің ұлттық қолданбалы өнеріміз бен көне кәсібімізге қызыға қарайды. Қолөнер шеберлерінің үйі көптеген елдерде үлкен сұранысқа ие. Бізде Атырауда, мәселен, Ақтауға қарағанда, қолөнер шеберлері аз. Өйткені, Ақтауда Алматы, Шымкент, Түркістандағыдай билік тарапынан қолдау басым.

Шеберлер үйінде тек кәсібилер ғана емес, әуесқойлар да жұмыс істейтін болады және бір-бірімен тәжірибе алмасады, ұмытылып бара жатқан көне технологияларды еске түсіреді деген мақсатта шеберлер үйін ашқымыз келіп еді.

Көпқабатты үйлердің бос тұрған іргеқабаттарынан шеберхана ашу туралы ойымыз іске аспады. Бірақ, Шыңғыс Мұқан санаулы қолөнершілерге ғана шеберхана тауып беруге көмектесті. Солардың бірі мен отырған Достық үйі ауласындағы шеберхана. Бұған дейін мен үйімнің балконында жұмыс жасап жүрдім.

Сол кезде есімде, атақты зергерлердің бірі, есімін ұмытып қалдым, маған «Қайрат, сенің қайта балконың бар ғой, ал мен кезінде отбасыммен бірге тұрған шағын пәтердің әжетханасында күміс балқытқанмын. Бұл менің бірінші шеберханам болатын» деген.

Қазір әлі күнге дейін шеберлердің басым көпшілігінің өз шеберханасы жоқ. Бірақ, олар соған қарамастан жұмыс істеп, әдемі туындыларды дүниеге келтіруде. Біздің шеберлер үйі туралы жоспарымыздың іске аспай қалғаны өкінішті.

Атырауда басқа өңірлермен салыстырғанда қолөнердің дамуы жағынан бір саты төмен тұр. Қазақ халқының қаһарман батыры Бауыржан МОМЫШҰЛЫ: «Өтіріктің балын ішкенше, шындықтың уын іш» дейді. Біз мойындауымыз керек, басқа өңірлерде қолөнершілердің саны көп және олардың араларында бәсекелестік рухы сезіледі. Ал бұл дамуға, жоғары сапаға ұмтылдырады.

- Ал Атыраудағы зергерлік өнер жайы қалай?

- Жалпы, зергердің екі түрі бар: ақ зергер және қара зергер. Қара зергерлер әшекей бұйымдардың үзіліп қалған жерін жөндеп берумен айналысады. Ал ақ зергер суретші сияқты өз қиялы мен ұлттық зергерлік бұйымдардың қалпын сақтай отырып, заманауи үлгіде дизайнын жасауға тырысады. Және де олар көлеңкеде көп отырмайды. Өйткені, олардың жұмыстары визиттік кәртішкесі секілді, өз жұмыстары арқылы өздеріне жарнама жасайды, елге танылады. Айталық, Атырауда екі суретші зергер бар, біреуі өзім, екіншісі Мұхтар ШЕРНИЯЗОВ. Оның өз бутигі бар, ал мен енді ашуды жоспарлап отырмын.

- Бірақ, екеуіңнің де есімдеріңді халық көп біле бермейді...

- Иә, бізді көбі біле бермейді. Бізге тапсырыс бергендер және Фейсбукте отыратындар біледі. Мен онда өзімнің қолөнер бұйымдарымды салып отырамын. Оның үстіне біздің авторлық қолтаңбамызды тану үшін бізге әлі көп жұмыс істеу керек.

- Өзіңді танытудың тағы бір жолы - көрме ұйымдастыру. Көрмені өткізу жоспарда бар ма?

- Әзірге менің жеке көрмем өткен жоқ. Көрмені жалғыз Атырауда емес, Астана, Алматыда өткізгім келеді. Одан бөлек, келешекте Еуропа және АҚШ елдеріндегі атақты көрме залдарында өткізгім келеді. Қазақтың ұлттық зергерлік өнерін сол жақта танытқым келеді. Мен қазір авторлық қолтаңбаммен жасалған ұлттық бренд қалыптастыруға ден қойып отырмын. «Made in Kazakh eli" деп аталады.

«БІЗДІҢ СТИЛЬ – ЕҢ КҮРДЕЛІСІ»

- Авторлық қолтаңба демекші, сен қазір жойылу алдында тұрған Батыс Қазақстандық зергерлік өнер техникасы арқылы заманауи үлгідегі әшекей бұйымдарды жасап жүрсің. Бұл стильдің ерекшелігі неде?

- Қазақтың зергерлік бұйымдары үш стильге бөлінеді: Батыс Қазақстан стилі, Оңтүстік Қазақстан - Жетісу аймағы стилі және Солтүстік-Шығыс Қазақстан стилі. Соның ішінде батыстың стилі зергерлік өнердің таза классикасы саналады. Бұл стиль жасалу техникасы бойынша ең қиын әрі күрделі болып есептеледі. Батыс стилінің ерекшелігі - әшекей бұйымдардың өрнектері, барлық элементтері симметриялы болып келеді. Антиквариатқа жатады бұл стильдің жұмыстары. Көп шеберлердің өздері мұны қалай жасайтынын аса біле бермейді және меңгеріп кете алмайды.

- Ал сен мұны қайдан үйрендің?

- Бұл техниканы үйрену үшін маған төрт жыл уақыт кетті. Мен 2012 жылы оқу бітіріп келген соң облыстық тарихи-өлкетану музейіне жұмысқа тұрдым. Сол жерде көрме залында тұрған Батыс Қазақстанның зергерлік өнер техникасымен жасалған әшекей бұйымдарын көріп, қатты қызықтым. Батыстық стильді жаңғыртуға өз үлесімді қосқым келді. Батыстық стильдің жасалу техникасын меңгеру үшін Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Сағыз ауылының тумасы, қазіргі таңда, Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданында тұрып жатқан белгілі зергер Өтепқали ӨМІРОВТІҢ үйінде болып, техниканың қыр-сырын үйренуге тырыстым. Одан бөлек, Алматыдағы, Астанадағы шеберлердің ақыл-кеңесін тыңдап, іздендім. Мен әлі де іздену үстіндемін, осы техниканы меңгерудемін, авторлық стилімді әлі де дамыту үстіндемін.

- Сіздің туындыларыңызға сұраныс бар ма?

- Сұраныс енді-енді артып келе жатыр. Әзірге сұраныс негізінен тек жүзікке түсіп тұр. Бұрынғы кезде қазақтың қолөнері дамығаны соншалықты, қазақтың әйелдері жас ерекшеліктеріне қарай алқа, өңіржиек, өңірше, сырға, сақина, шекілік, білезік, шашбау, сәукеле, қапсырма зергерлік бұйымдарын күнделікті өмірде таққан. Ал қазір тек жүзікті немесе білезік, сырғаны тек той-томалақ, құдалықтарға тағады, болды, сосын ол шаң басып жатады келесі тойға дейін.

Дегенмен, авторлық жұмыстарға деген сұраныс жайлап артып келеді. Қарындастарымыз бен апа-әжелеріміз ұлттық брендтің маңыздылығын түсініп, ешбір елге еліктемейтіндей, өзіміздің тарихымыздың тереңде екенін білетін болғандықтан қызығушылық білдіруде. Ал бізге халықтың талғамына сай болу үшін және небір шедевр туындыларды дүниеге келтіруіміз үшін күндіз-түні талмай еңбек етуіміз керек.

- Ал шетелдіктер қандай бұйымдарға тапсырыс береді?

- Шетелдіктер абстракция стиліндегі бұйымдар мен қазақтың ою өрнектері салынған бұйымдарды жақсы көреді. “Абстракция стилінде жүзік жасап берші" деп келіп жатады. Кейде өз еліне кетерде Қазақстаннан естелік болсын деп алады, сол кезде ою-өрнек салынған әшекейге тапсырыс береді.

«БІЗ ӘУЕЛДЕН КҮМІСТЕН ЖАСАЙМЫЗ»

- Өз бұйымдарыңызды жасау кезінде қандай материалды қолданасыз?

- Күміс. Мен оқыған Темірбек Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер академиясында тек күмістен жасауға үйретті. Оның үстіне ертеректе қазақтың зергерлік бұйымдары тек қана күмістен жасалған. Бұл көп ғасырдан бері жалғасып келе жатқан дәстүр, біз де соны жалғастыра береміз.

- Шикізатты қайдан аласыздар?

- Ұлттық банктен сатып аламын. Бұл күміс монеталары, бағалары 8 000-34 000 теңгеден тұрады. Әрине, қымбаттау, басқа не істейміз? Мәселен, мына бір өңіршені жасауға үш монетаны балқытуға тура келді. Кейде күміс монета таусылып қалғанда, ескі зергерлік бұйымдарды балқытамыз.

- Сен қазір ЭКСПО-2017-ге дайындалып жатырсың ба?

- Иә, қатысуға өтініш беріп қойдым. Қазір өзімнің жұмыстарымның санын көбейту үстіндемін. Осы үшін еш нәрсеге алаңдамайын деп тұрақты жалақы алып отырған Назарбаев атындағы зияткерлік мектептегі ұстаздық жұмысымнан шығып кеттім. Бізде тұрақты жалақы жоқ, бәрі тапсырысқа байланысты, ол кейде бар, кейде жоқ. Бірақ, бұл менің тек жұмысым емес, өмірім. Ал мен шағымданбаймын, таяу болашақта біздің еңбегіміз шын бағаланарына сенемін.

ЭКСПО-да тек жұмыстары-мызды көрсетіп қана қоймай, сол жерде шеберлік сабақтарын өткізбекшіміз. Ол жерде Қазақстанға танымал мықты шеберлер болады, мен де солардың қатарына ілінетін шығармын деген үміттемін.

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген автор

17 қараша 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.