Атырау, 20 желтоқсан 23:07
 бұлттыВ Атырау -1
$ 524.02
€ 545.19
₽ 5.09

​Жасарал Қуанышәлин: Мұның саяси процесс екенін өз көзіммен көрдім

11 501 просмотра

Өткен аптада Атырауда азаматтық белсенділер Макс БОҚАЕВ пен Талғат АЯНОВҚА қатысты сот процесіне танымал қоғам қайраткері Жасарал ҚУАНЫШӘЛИН қатысты. Оның Алматыдан «АЖ» үшін арнайы жолдаған комментарийін ұсынамыз.

Макс Боқаев пен Талғат Аяновты моралдық тұрғыда қолдау үшін Атырауға барар алдында еліміздің дұрыс ойлайтын кез келген азаматы секілді олардың еш кәнісі жоқ екендігін түсінген едім.

Оның үстіне, мен пікірлестеріммен бірге 90-жылдардан бері жер сату-сатып алу нысаны және ірі шенеуніктердің, олигархтар мен латифундистердің баю құралына айналмас үшін оны жеке меншікке алуға қарсы болып келемін. Осы мәселер бойынша билік саясатымен келіспегендіктен наразылық белгісі ретінде мен Ақтөбе облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының бастығы лауазымынан кетіп қалдым, мемлекеттік марапаттарды алудан бас тарттым.

Атыраудағы белсенділердің өздеріне қатысты сотқа келер болсақ: мен онда 10 және 11 қарашадағы екі отырысқа қатысып, мұның ашық саяси процесс екендігіне көз жеткіздім! Мұны, айтпақшы, процесс басталар алдында судьяның өзі де 10.10.2016 жылғы өзінің бірегей қаулысымен растаған еді. Бұл қаулы айқын және түсінікті түрде: ««№2 Атырау қалалық сотының судьясы Г.Дәулешованың өндірісіндегі аталмыш қылмыстық іс саяси сипатта болғандықтан және үлкен қоғамдық резонансқа ие екендігін ескеріп...» деп жазылған.

Бұған көз жеткізу үшін 10 қарашада қорғау тарапының қарапайым сұрақтарына жауап таба алмай, «Есімде жоқ», «Білмеймін», «Жауап бере алмаймын» деген сөздерді қайталай беріп, дәрменсіз болған ІІД аға тергеушісі майор Жұмағалиев Руфаттан алынған жауапты тыңдау жеткілікті. Бұл 2007 жылы «Шаңырақ ісі» бойынша Алматы қалалық сотында өткен атышулы сот процесіндегі айыптау куәгерлерінің дәл осындай әрекетін еске түсірді. Сол іс бойынша мен қоғамдық қорғаушы болған едім. Сол сот ағайынды Ибрагимовтардың жалған куәлік етулерінің негізінде қатал үкіммен аяқталған болатын. Айтпақшы, соттан кейін бірнеше айдан соң олар азаптау нәтижесінде кінәсіз жандарға жала жапқандарын көпшілік алдында мойындаған еді. Алайда ҚР Жоғарғы соты сотталушылардың кассациялық шағымдарын қарау кезінде олардың жауаптарын тыңдаудан бас тартты.

Атырау процесінде көз жеткізгенімдей, тіпті, митинг қарсаңында және одан кейін телефон арқылы өзара сөйлесіп, достарымен хат жазысқан кезде де Макс пен Талғат саяси «радикализм» немесе «экстремизм» түгілі, әлеуметтік желі қолданушылар жиі пайдаланатын «қатты сөздерді» де айтып көрмеген.

Талғаттың жазбаларынан кейбір мысал келтірейін: «Ешқайсысын шақырма, кел деп. Өз бастары бар, жер керек болса, келеді», «Интернетке шығарма. За слухи есть ответственность», «Никого агитировать не собираюсь, но от своих конституционных прав отказываться не намерен»...

Жалпы алғанда, мен, Жасарал Қуанышәлин, азамат, қоғам қайраткері, саясаткер, саясаттанушы және заңгер ретінде Макс Боқаев пен Талғат Аянов қылмыс құрамы жоқ болғандықтан дереу ақталып, сот залынан босатылуы тиіс екендігіне сенімдімін. Бұл сот процесінің басқа шешімін көріп отырғаным жоқ.

Алматы - Атырау, 16.11.2016 г.

16 қараша 2016, 16:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.