Атырау, 23 қараша 23:18
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«ҚҰЛСАРЫДАН КЕТПЕЙМIЗ»

2 858 просмотра

Жылыой ауданында жүзге жуық оралман отбасы тұрады.  Білек сыбанып еңбек еткен олар кім-кімге де үлгі боларлық.

ОН ЖЫЛДАҒЫ ЖЕТІСТІК

Қырық бір жастағы Ералы КЕНЕНОВ Өзбекстанның Тахиатас қаласынан бұдан он жыл бұрын көшіп келіпті. Екі баласы және жұбайымен өмірі көріп білмеген Құлсары қаласынан бір шыққанда алдағы күнім не болар екен деп қорқақтағандарын жасырмайды. Бірақ жергі-лікті әкімдік атамекенге оралған қандастарға екі бөлмелі пәтер сыйлапты. Және жұмысқа тұруларына жәрдемдескен. 

-Өзбекстанда жүргенде кран айдағам, қазір осы мамандықпен Қашағанда жұмыс жасаймын. Жолдасым Сарбасова Күмісхан жеке кәсіппен айналысады, дүкен ашқан. Осында келгенде екі баламыз бар еді, тағы екі баламыз осында дүниеге келді. Құлсарыға келгенге еш өкінбейміз. Атамыздың арманын ұрпағы жүзеге асырып жатыр,-дейді Ералы.

Атасы Кенен елге бір жетсем деп армандап өтіпті.

Кененовтар сонау 1935 жылдары Ақтөбеден Түркменияға өтіп кеткен қазақтардың ұрпағы.

-Қалай болар екен деп жүрексінгенімізбен  оралмандарға жасалған қамқорлық пен ізгі ниетті көріп, ағайындарды шақырдым. Інім мен қарындасым да осында отбасымен тұрып жатыр, саудамен айналысады. Ал апам Өзбекстанда қалды, жездем келгісі келмейді, балалары өзбекше оқып жатыр. Осынысы жаныма батады, әрі күнкөрістері шамалы. Біз енді Құлсарыдан кетпейміз, халқы тамаша, нәпақамызды осы жерден тауып жеп отырғандықтан бұл жақсылықты ұмытпаймыз,-дейді Ералы Кененов.

 

БАЗАР - БІЗДІҢ ЕКІНШІ ҮЙІМІЗ

Гүлжан ҚОЙЛЫБАЕВА негізі квотаны Шымкент облысына алған екен. Туып өскен жері Өзбекстанның Мырзашөл ауданы.

-Квотамен күйеуім және екі балама екі мың доллардай қаржы тиді. Ол тіпті қазіргі қымбатшылық кезде дым болмайтыны сөзсіз ғой. Осындағы оралман ағайындарды сағалап Құлсарыға келгенбіз,-дейді Гүлжан.

Өзбекстанда күйеуі мемлекеттік қызметте, өзі наубайханада лаборант болып істеген олар енді базар сағалап кеткен. Құлсарыдағы «Беркад» базарында киім-кешек сатумен айналысатын олар квотаның ақшасын базарға салып, пәтер жалдап тұрыпты. Бастапқыда саудамен айналысып көрмеген олар қиындық көргенін жасыра алмайды, әсіресе Қазақстанның қысы қатты, жазы ыстық.

 -Базар біздің екінші үйіміз. Отбасымызбен осында жүреміз. Соның арқасында екі бөлмелі пәтер сатып алдық. Жағдайымыз тәуірленді. Өзбекстанда жұмыс жоқ, қиналдық. Қазақ кластары жабылды. Осы балаларымыздың қамымен Қазақстанға көштік. Барлық ағайындар Қазақстанның әр жерінде тұрып жатыр. Әрине мұнда да жұмыссыздар бар екенін білемін. Ерінбесең, жалақысын азырқанбасаң еңбек етіп, табыс табуға болады,-дейді Гүлжан бізбен әңгімеде.

Оралмандар үкіметке өкпе артпайды, өздеріне деген сенімділік бар.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

25 қаңтар 2012, 23:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.