Күзгі әскерге шақыру науқаны аяқталуға жақын. Атырау облысынан қарулы күштер қатарына 730 адам алынуға тиісті болды. Бүгінгі таңда жалпы алғанда Атырау облысындағы 42 700 тұрғын әскерге шақырылатын жаста (18-27 жас). Бұл цифр алдамауы керек: белгілі бір немесе басқа да себептермен әскерге шақыртудан босатылған немесе кейінге қалған 35 мыңнан аса адам бар.
Олардың 10 727-сі әскерге денсаулығына байланысты жарамсыз болып отыр. Жастар көбіне жүрек-қан тамырлары, тыныс алу жолдары сырқаттарымен ауырады және тістерінен зардап шегеді.
- Медкомиссияға келген 18-19 жастағы бозбаланың қазірдің өзінде 13-15 тісі жоқ. Бәрі уатылып кеткен. Бұл әсіресе, Құрманғазы және Исатай аудандарында кең тараған, аракідік Мақат ауданында да кездеседі, - дейді облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Андрей БЕЛЯЕВ. – Бұл ауыз су сапасының төмендігімен және нашар экологияға байланысты.
Осы мәліметтердің барлығы Атырау облысының әскерге шақырту комиссиясының төрағасы, облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Әлібек НӘУТИЕВКЕ жолданады. Алайда, әскерге шақыртылғандарды сауықтыру мәселесі әлі күнге дейін шешілмей отыр. Бәлкім, жастардың бұл мәселесіне Қазақстан емханаларында 15-17 жастағы бозбалалардың денсаулығына жауап беретін жасөспірімдерге қызмет көрсетудің қысқартылып қалғандығы себеп болар. Олардың онсыз да жұмысы көп және үнемі өзгеріске ұшырап отыратын терапевтік қызметке жүктелген, сондықтан да болашақ Отан қорғаушылардың денсаулығына лайықты түрде назар аударылмай отыр.
Әскерге барудан кейінге қалдырылғандардың негізгі санаты – колледж және жоғары оқу орнының (оқуын аяқтағанға дейін) студенттері. Сосын денсаулығына байланысты уақытша әскерге жарамсыз бозбалалар. Олар алты айдың ішінде және көп дегенде бір жылда өз денсаулықтарын түзетуге тиісті және медкомиссиядан қайтадан өтеді. Мен Андрей Беляевтан сол жастардың емделуін бақылайтын біреу бар ма немесе олар өз денсаулықтары туралы ойламастан әдеттегідей жүре бере ме деп сұрадым. Мен ойлағандай, олардың барлығы бірдей кезекті әскерге шақырту науқаны басталғанша емделіп үлгермейді, оған олардың жеке жауапкершілігінің, жергілікті орындарда тиісті мамандардың жоқтығы және қаржының тапшылығы да себеп. Бұдан басқа тағы бір мәселе бар, ол жастардың салмағының жетіспеушілігі. Бұл жерде әскерилердің пікірінше әскерге шақыртылғандарға талап барынша жоғары. Кейбір жасөспірімдердің 18 жасында әлі дене бітімі қалыптасып болмаған, ал енді бірінде тұқымқуалаушылық себептен жүдеулік басым, олардың дене салмағы 17-17,5 индексті құрайды. Соған қарамастан басқа көрсеткіштер қалыпты. Бәлкім, олар әскерде жүріп шынығып, салмақтарын жинап алу да мүмкін ғой. Бірақ, бұйрық айқын: әскерге шақырылғандардың дене салмағының индексі 18-ден кем болмауы тиіс. Ережеге сәйкес, жастарды әскерге шақыртудан медициналық көрсеткіш бойынша тек екі рет қана босата алады, ал үшінші кезекте оны запаста қалдырып, қолына әскери билетін береді. Әскери комиссариатқа күштік құрылымдарға, мемлекеттік органдарға және басқа мекемелерге жұмысқа тұру үшін әскерге бару міндетті болған жастар жиі келеді.
Андрей Беляев
- Бізде Привокзальныйдағы әскери-техникалық мектепте дайындықтан өтіп жатқан жастарымыз бар, онда дайындық мерзімі 40 күн. Бұл әскери қызмет өтумен тең келеді. Бірақ, оған жасы 22-ден асқан жігіттер ғана қабылданады. Сондай-ақ, дайындықтан ақылы негізде де өтуге болады. Мерзімді қызметтен әлдебір себептермен (негізінен, отбасылық жағдайына қарай кейінге қалдырылғандар) өте алмайтын, бірақ денсаулығы жарамды жастар 263 318 теңге төлеп, дайындықтан өтіп, әскери билетін ала алады, - дейді А.Беляев.
- Бүгінгі таңда бозбалалар нақты бір мамандық алу үшін қалай болғанда да әскерге бару үшін ақша төлеуге де әзір деген әңгіме бар.
- Жоқ, қазір әскерде мамандарды дайындамайды. Керісінше, біз нақты бір мамандығы бар мамандарды: жүргізуші, аспаздарды, кран жүргізушісі, трокторшылар, электр мамандарын алуға тиістіміз. Айталық, қазір бір бөлімшеге сегіз жүргізуші және жеті байланысшы жіберілуде.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор