Көшеде аяз, демек тұмау және өткір респираторлық вирусты инфекция өршитін уақыт жетті деуге болады. Алайда, мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті облыстағы эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екендігіне сендіреді.
Оның мәліметтері бойынша, Атырау аймағында 2011 жылдың қазан айынан бастап күні бүгінге дейін (індет маусымы қазан айынан сәуірге дейін созылады. – С.Т.) өткір респираторлық вирусты инфекция (ӨРВИ) туындаған 6 мыңнан аса факті тіркелді.
- Өткен жылғы індет маусымымен салыстырғанда аурудың төмендеуінің тұрақты үрдісі байқалады, - дейді облыстық департаменттің эпидемиологиялық бөлімінің бастығы Айсұлу ДОСҚАЛИЕВА.
-Бұдан басқа, ағымдағы маусымда тұмау жұқпаларының ешқандай жаңа формалары анықталған жоқ.
- Осы індет маусымында біз тұмаудың А тобының (Н3N2) соңғы бес жылда біздің еліміздің аумағында болмағандығын ескере отырып, оның жедел таралуын болжап отырмыз. Тұмаудың А (Н3N2) вирусы штаммдарының індет маусымының аяғына қарай тұмаудың В тобымен қосылу ықтималдылығын жоққа шығаруға болмайды , - дейді А.Досқалиева.
- А вирусы қаншалықты қауіпті?
- Әдеттегідей ол орташа немесе аса салмақты ауырлықтағы сырқаттарға соқтырады. Адамдарға және кейбір жануарларға да: жылқы, шошқа, сасық күзен, құстарға да жұғады. Тұмаудың дәл осы А вирусы пандемия және ауыр эпидемияның пайда болуына жауапты болады.
Балаларға келетін болсақ, соңғы уақыттарда көптеген ата-аналардың бақылауы бойынша, тұмау сырқаты көбіне сұйық нәжіс және іштің ауруы арқылы байқалады екен. Алайда, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының емдеу жөніндегі орынбасары Нұрпия ҚИЗАТОВА ондай ештеңе байқамаған.
- Балалар көбіне ӨРВИ белгілері бойынша түседі,-дейді ол. – Бұл жоғары дене қызуы, тұмау, жөтел және мұрынның бітіп қалуы.
- Ата-аналарға қандай кеңес бересіз?
- Тұмаудың белгілері байқалған кезде міндетті түрде баланы жиі-жиі емшек сүтімен қоректендіру керек, сұйықтықты көп беріп, жұқпалы вирусқа қарсы «Интерферон», «Виферон» дәрі-дәрмектерін және С тобындағы дәрумендерді қабылдау керек. Егер дене қызуы 38,5 градустан жоғары болса, парацетамолмен түсіреді.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА
Биылғы жылы облыстық бюджеттен тегін иммундау үшін 4,4 млн теңге бөлінді. Бұл қаржыға 6285 адамға екпе салынды. Облыс бойынша барлығы 51 204 адам тұмауға қарсы егілді (2010 жылы– 31 647). Оның ішінде 17113 – ақылы негізде, 27806 – жұмыс берушінің есебінен.