Атырау, 20 желтоқсан 23:07
 бұлттыВ Атырау -1
$ 524.02
€ 545.19
₽ 5.09

Евгений ЖОВТИС: «Конституциялық Кеңестің қажетіне жараған білімім Атырау судьясына керек болмады»

6 172 просмотра

9 қарашада «жер митингілері» туралы іс бойынша өтіп жатқан процесске төрағалық етуші судья Гүлнәр ДӘУЛЕШОВА қорғау тарапы шақырған Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөнiндегi Қазақстан халықаралық бюросының директоры Евгений ЖОВТИСТІ тыңдаудан бас тартты. «АЖ» тілшісі ол Алматыға ұшпас бұрын одан сұхбат алған болатын.

– …Бұл процестің саяси екендігіне күдігім жоқ. Шын мәнінде, бұл азаматтық белсенділер Макс БОҚАЕВ пен Талғат АЯНОВТЫ қудалау ісі. Мен ахуалға біздің өкіліміз Ерлан ҚАЛИЕВТЫҢ ақпараты бойынша бақылау жасаймын. Ол процесс басталғалы бері осында жүр және сот шешімі жарияланғанша осында болады. Әрине, Атырауда болған екі күнім ойлану үшін біраз азық болды. Бұл соттың басқа азаматтық белсенділерге, саяси оппозиция көшбасшыларына, оппозициялық БАҚ өкілдеріне қатысты процесстер сызбасы бойынша өтіп жатқанына көз жеткіздім. «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясының, кейіннен «Алға» партиясының көшбасшысы болған Владимир КОЗЛОВҚА қатысты процесті, «Республика» газетінің журналистеріне қатысты процесті еске алуға болады...

Осы екі күн ішінде естіген және көргендерімде криминалды ештеңе жоқ, ал сотталушылардың кінәлі екендіктерінің негізгі «дәлелі» сарапшылар арқылы - біздің заңымыз айтқандай, арнайы білімге ие болғандықтан ҚР Әділет министрлігі жанындағы «Сот сараптама орталығы» мемлекеттік мекемесінде жұмыс істейтін адамдар арқылы табылып отыр. Өткен саяси процестер арқылы да маған таныс осы сарапшылардың бірқатары Боқаев пен Аяновты біреулерді бір нәрсеге үндеді және бір нәрселерді тудырды деп растап отыр. Өз қорытындыларында олар «мүмкін» және «болжауға болады» деген етістіктерді жиі қолданады. Яғни, бұл болжамды қорытындылар, оларға ешқандай үкім беруге болмайды. Бұдан басқа, әсіресе кеше, әлеуметтік топтардың жаңа жіктемесі іспетті сарапшылардың бірқатар өзіндік «олжалары» байқалды. Сарапшылар жауап беруге құқықтары жоқ құқықтық сұрақтарға жауап береді. Яғни, біздің назарымызға дәлел жетімсіздіктері мен әлдебір филологиялық, психологиялық сараптамалар арқылы әлденені дәлелдеуге тырысу ұсынылды. Шамасы, біздің демократиялық ел құратынымызды және бізде оппозиция бар екенін ұмытқан секілді. Оппозиция қашан да билікті алмастыруға бағытталған. Боқаев пен Аянов билікті алмастыруға үндеді деп айыпталып отыр. Мұның қай жерінде криминал бар? Менің, мәселен, біздің қазіргі билікке көңілім толмайды және оның басқа болғанын қалар едім. Яғни, бұл жерде құқық пен халықаралық стандарттар азайып, саясат көбейген кезде саяси технологиялар қолданылады.

Айтпақшы, бүгін судья құқық саласындағы бейбіт жиындар еркіндігі жөніндегі халықаралық сарапшы ретінде менен жауап алудан бас тартты, бұл мені қатты таң қалдырды. Судья өзіне түсіндіру қажет еместігін – онсыз да бәрін білемін деген қызық тұжырым жасады. Оның нені біліп, нені білмейтінін мен білмеймін. Бірақ Қазақстанда бейбіт жиын еркіндігі жөніндегі құқық саласын менен көп білетін адамдар аз екенін нақты білемін, мен осы саланың сарапшысымын. Мен ҚР Конституциялық Кеңесіне бірнеше рет тұжырым бердім, ал ол жерде еліміздегі үздік заңгерлер отыр деп ойлаймын. Олар менің білімімді елемей қалған жоқ, ал Атырау қаласындағы судья өзіне менің білімім керек емес деп есептейді.

– «Жер митингілері» туралы іс бойынша сіздің болжамыңыз қандай?

– Болжам жасау өте қиын, өйткені, егер бұл тәуелсіз сот болса, онда кем дегенде Қылмыстық кодекстің екі бабы – 174-бабы («Әлеуметтік алауыздықты тудыру») және 274-бабы («Көрінеу жалған ақпарат тарату») бойынша айыптаулардың ешқандай заңдық келешегі болмас еді. Айыптауда Әкімшілік кодекске ілігетін тек рұқсат етілмеген митинг өткізу ғана қалар еді.

Алайда, әлденеше рет айтқанымдай, шешім сот залында емес, саяси шешім қабылданатын жерде қабылданады, содан соң ол сотта ресімделеді. Мен мұндай шешімдер Козловтың ісі бойынша да, МӘМБЕТАЛИН мен НАРЫМБАЕВТЫҢ ісі бойынша да, менің ісім мен СЕРГЕЙ ДУВАНОВТЫҢ ісі бойынша да қабылданды деп жорамалдаймын. Бұл менің пікірім, оны ақиқатқа жақын деп ойлаймын. Сондықтан күту керек деп ойлаймын. Осы іс бойынша әлі саяси шешім қабылданбағандай сезінемін, билік түрлі нұсқаларды таразылауды жалғастырады деп ойлаймын.

Жазып алған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
10 қараша 2016, 17:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.