Атырау, 21 желтоқсан 03:12
 бұлттыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

«Жер митингілері туралы» іс: сот алдындағы пикеттер және оқымастан қол қойылған хаттамалар

5 209 просмотра

25 қазанда таңертең Макс БОҚАЕВ пен Талғат АЯННЫҢ ісі бойынша процесс жалғасып жатқан №2 Атырау қалалық соты азғана дүрлігіспен басталды. Азаматтық белсенділер Шаттық ТӘЖКЕНОВА мен Елена СЕМЕНОВА Боқаев пен Аяновты қолдау үшін сот ғимараты алдында біркісілік пикеттер өткізді. ІІД қызметкерлері бұл әйелдерді ұстап, плакаттарын тартып алып, акцияны болдыртпады. Кейінірек құқыққорғаушылар белсенділерге 20 АЕК көлемінде айыппұл белгіленгенін хабарлады.

Ал митингтер туралы іс бойынша куәгер болып табылатын басқа азаматтық белсенді Ринат РАФХАТТЫ өткен түні белгісіз біреулердің сабап кеткендігі белгілі болды. Осыған байланысты қорғаушы Жанаргүл Боқаева процесске қатысушыларды қорғауды қамтамасыз ету жөнінде өтініш жасады. Бұл мәселені судья Макс Боқаевтың өтініші секілді ашық қалдырды: сотталушы сырқатының жиілеуіне байланысты сот отырысының кестесін белгілеуді өтінген болатын. Қысқа үзілістен кейін куәгерлердің үлкен тобынан – Қарабатан жобасындағы мердігер компаниялардың қызметкерлерінен жауап алу басталды. 24 сәуірде олар алаңға шығып, сол күнгі оқиғаларға қатысқан еді. Сотта жауап алу кезінде куәгерлер жауаптарынан жаңылысып, жарты жыл бұрын болған оқиғаның мән-жайын еске түсіруге тырысты. Төрағалық етушіге және қорғаныс тарапына сұрақтарды әлденеше рет қайталап қоюға тура келді. Оның үстіне, судья сотта берілген жауаптар мен жазда ҰҚК тергеушілері жүргізген жауап алу хаттамаларындағы жауаптардың айырмашылығын байқады. Айырмашылық себептері куәгер А.Тәжіғалиевтан жауап алу кезінде анықталды. Ол Қарабатан жұмысшыларынан «вахтада», жатақханаларда жауап алынғанын айтты. Бірнеше күннен кейін Қарабатанға ҰҚК-нің басқа қызметкері келіп, жұмысшыларға бұл парақтарда олардың жақында берген жауаптары жазылғандығына, олардың тек қолтаңбалары ғана керек екендігіне сендіріп, хаттамаларға қолдарын қоюды өтінген. «Мен хаттамаға көз тастап, фамилиямды көрдім де, қолымды қойдым», - деді куәгер. Оларға куәгерлердің құқықтары түсіндірілді ме деген адвокаттардың сұрағына А.Тәжіғалиев жоқ деп жауап берді және қалған 200 адам секілді өзінің де адвокатқа құқықтары бар екені туралы білмегендігін айтты...

Елена СЕМЕНОВА. Фото: facebookШаттық ТӘЖІКЕНОВА. Фото: facebook

Сотталушы Талғат Аянов тергеу ісі әзірлеген Қарабатандағы жұмысшылардан (200 адам) жауап алу хаттамаларын жарамсыз деп тануды талап етті. Өйткені олар сол адамдардың соттағы жауаптарына қарама-қайшы келеді.

Айтпақшы, «Ақ Жайықтың» үш журналисі (З.Байнекеева, А.Сапарова және С.Қайырханов) дүйсенбі күні, 24 қазанда №2 сот кеңсесіне судья Г.Дәулешованың атына өз өтініштерін тапсырды. Өтініштің мәнісі: тергеу ісінің айыптау актісінде «күдіктілер Боқаев Макс Кебенұлы мен Аянов Талғат Төлепқалиұлының айыпталып отырған қылмыстарды жасауға кінәлі екендігі келесі дәлелдер тізімімен: төменде көрсетілген куәгерлердің жауаптарымен... расталады» деп бекітілген. Әрі қарай жауап алынған үш жүздей куәгерлердің тізімі жазылған, солардың ішінде біздің басылымның үш журналисінің аты-жөні де бар.

Шындығында тергеушілер жауап алған осы үш журналистің ешқайсысы да Макс Боқаев пен Талғат Аяновтың айып тағылып отырған қылмыстарды жасауда кінәлі екендігін растайтын ешқандай жауаптар берген жоқ. Бұл осы куәгерлердің әр параққа қол қойған жауап алу хаттамаларымен расталады. Журналистер З.Байнекеева, А.Сапарова және С.Қайырханов өз өтініштерін қылмыстық іске біріктіруді және фактіні сот отырысы хаттамасына тіркеуді талап етті.

Сот отырысына Алматыдан танымал құқыққорғаушы Бақытжан Төреғожина мен жер комиссиясының мүшесі Мұхтар Тайжан келді. Соңғысы қорғау куәгері ретінде сөз сөйлемек болған, алайда оның өтінішін сот қабыл алмады.

Келесі отырыс 27 қазанда өтеді.

Марат ТАКУЛИН

Суретті түсірген автор

26 қазан 2016, 10:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.