Бүгін, 21 қазанда «жер митингілері» туралы іс бойынша сот отырысы екі сотталушысыз басталды.
– Макс БОҚАЕВ пен Талғат АЯН тергеу изоляторындағы өз камераларынан шығудан бас тартты, осылайша тағы да сотқа құрмет көрсетпейтіндіктерін білдіріп отыр, - деп мәлімдеді судья Гүлнар ДӘУЛЕШОВА.
Еске салсақ, кеше Боқаев Талғат Аяннан кейін сот отырысы залынан кетіп қалған болатын. Ол өтінде тас болуына байланысты сырқат ұстамасы жиілеп кеткенін, өзінің түрмеден сотқа дейінгі жолды көтере алмайтынын түсіндірген еді. Қорғаушы Жанаргүл БОҚАЕВА төрағалық етуші судья Гүлнәр Дәулешовадан бас тарту туралы кезекті өтінішті оқып шықты, судья тағы да қабыл алмады.
Осыдан кейін адвокаттар судьяға әрі қарайғы қорғау жүйесін әзірлеуді және тергеу изоляторына Макс Боқаевтың хал-жайын біліп, кіріп шығу үшін дүйсенбіге дейін үзіліс жариялау өтінішімен жүгінді.
– Өзіңіз білесіз, тергеу изоляторының келушілерге қатысты жұмыс режимі дүйсенбіден жұмаға дейін, сотталушыларға сағат 17-ге дейін кіруге рұқсат беріледі. Бізге уақыт беруді сұраймыз, - деді олар.
Осыған қатысты процессті жалғастыруды сұраған прокурорларды тыңдаған Гүлнәр Дәулешова адвокаттардың өтінішін қабылдамауды ұйғарып, сағат 14.30-ға дейін үзіліс жариялады. Түстен кейін сотта шалғайдан хабар тарату арқылы куәгерлер ретінде ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің қызметкерлерінен жауап алынады.
Екі азаматтық белсендінің бес ай бойына қамауда болуына және олардың бүгін сотқа барудан бас тартуына келер болсақ: бір қылмыстық істегі айыпталушы тұлғаларды ереже бойынша тергеу изоляторының түрлі камераларында ұстайды. Демек, олар мұндай шешімге аяқ астынан келген жоқ, сот процесіндегі заң бұзушылықтарға қарсы наразылық белгісі ретінде алдын ала ойланып жасалған шешім.
Түстен кейін №2 Атырау қалалық сотында Астанадан бейнеконференция арқылы ауылшаруашылығы министрлігі мен ІІМ қызметкерлерінен жауап алынды. Адвокаттар мен прокурорлардың сұрақтарына ҚР АШМ жер ресурстарын басқару комитетінің бас сарапшысы Дәулет БИЖАНОВ, сол комитеттің сарапшысы Әлия СЕЙІТОВА және ҚР ІІМ Көші-қон полициясы комитетінің азаматтық және иммиграция басқармасы бастығының орынбасары Сабыржан СЕЙІТЖАНОВ жауап берді. «Ауылшаруашылығы министрлігінің мамандары мінберге еш дайындалмай шықты, жауаптары бойынша шатысты», - қорғаныс тарапы отырыстан кейін осындай пікір айтты. Әлия Сейітова өзін нашар сезініп тұрғандығына шағымданды, Атырау судьясы оған демалып алуды ұсынды. Тек сонау Астанадағы орынжайды желдетіп алғаннан кейін куәгер әрі қарай сұрақтарға жауап бере алды.
Айта кету керек, Жер кодекстеріндегі түзетулер туралы мәселелерден басқа адвокаттар қытайлық компаниялармен келісімшарттар жасауға қатысты сұрақтар қойды. Аспанасты елінің өкілдерімен Қазақстанның ауылшаруашылығы жерлерін жалға беру немесе сату тұрғысында жасалған меморандумдар туралы АШМ қызметкерлері қандай да болмасын цифрларды немесе басқа мәліметтерді ұсынбады. Бүгін азғана болса да нақты ақпарат айтылды. ІІМ өкілі Сабыржан Сейітжанов сотқа соңғы 10 жыл ішінде Қытайдың 78 мың азаматының біздің еліміздің төлқұжатына ие болғандығын айтты. Олар Қазақстан қазынасына салық төлемейтіндігімен қоса, осы жерде отбасын құрып, тамырын кеңге жайған. Келесі отырыс 24 қазанда, дүйсенбі күні өтеді.
Марат ТАКУЛИН
Суретті түсірген автор