Атырау, 10 қазан 16:40
 бұлттыВ Атырау +15
$ 489.06
€ 536.21
₽ 5.05

Ит ату да бір кәсіп

10 612 просмотра

Дәл қасымнан құлақ тұндырар оқ атылған кезде жүрегім  зырқ ете түсті. Ағаш бастарында қонақтап отырған құстар дүр етіп ұшып кетті. Оқ атылған кезде қыңсылаған дыбыс қатар шыққан еді. Ғимараттың бұрышынан айналып барып, жерде жарақатын ауырсына дәрменсіз қимылдап жатқан сарғыш жүнді итті көрдім. Сұмдық көрініс еді. Мен көзімді тарс жұмып алған едім. «Көзіңізді ашыңыз, ит өліп қалды, - деді бес секундтай уақыт өткеннен кейін аңшылардың бірі. – Сәлеметсіз бе! Мен – Юриймін. Юрий Ким».

...Бір жарым сағаттан кейін аяушылық сезімімді ұмытып, аңшылармен бірге қаңғыбас иттерді іздеуге белсенді түрде қызыға көмектесіп кетермін деп кім ойлаған.

ТӨБЕТТЕР АЖАЛДЫ СЕЗЕДІ

Сары нөмірі бар ескі ақ «четверка» көлігі қала ішінде қаңғыған иттерді іздеуге аттанды. Кәріс жігіті Юрий мен оның көмекшісі Максим қаңғыбас иттерді атып тастайды немесе олардың тілімен айтқанда, «жойып жібереді» екен. Біздің алған бағытымыз – АМӨЗ жақ, әрі қарай Химпоселке, Перетаск, Құрсай мен Авангард.

- Сізде мына итке деген ешқандай аяушылығыңыз болмады ма? Сіз өзіңізді тас жүрек, мейрімсізбін деп санамайсыз ба? – деп сұрадым олардың машинасына отырып жатқан кезде. Көз алдымда болған көрініс жадымда өмірдегі ең ауыр көрініс ретінде мәңгіге сақталып қалатын шығар. Сол кезде Юрийдің төбесінен әлдебір ауыр нәрсемен қойып қалғым келгенін    білсеңіз ғой. Тамағыма кептеліп тұрып қалған өлген итке деген аяушылық сезімімді әзер таратып, өз-өзімді қолға алдым. Сол кезде Максим жүксалғышты ашып, сол жерге иттің денесін лақтырып жіберді. Жүксалғышқа көз салып нем бар еді! Ол жерде қанға боялған линолеумге оралған тағы бірнеше өлі иттер жатты, бәрінің де оқыстан болғандықтан және жандарына батқандықтан ауыздары ашылып қалыпты.

- Иә, мен шамасы арсыз жанға айналған шығармын, - деді сәл ойланған Юрий. – Жұмысымыз осындай. Бірақ мен тас жүрек емеспін. Мүлдем олай емес. Ал иттерге аяушылық сезімімді айтар болсам, олардың бәрін де аяймын. Бірақ мені ақтап алатын нәрсе бар ғой. Сіз айтқан жаңағы итті ертеңгі күні мектептен келе жатқан баланы қауып алатынын нақты білемін, - деген ол сәл үзілістен соң: - Осы лас жұмыспен кім болса да біреу айналысу керек қой. Неге маған айналыспасқа? – деп қосып қойды.

- Сіздің оғыңыз ешқашан мүлт кетпей ме?

- Арасында болады, бірақ сирек. Макс, әне-е-бір жерге қарашы.

Біз Макс екеуміз аңшының күсті саусағы көрсеткен жаққа жалт қарадық. Қоқыс багына алдыңғы аяқтарымен шығып алған арық, жүні түсіп қалған төбет қоқыстан әлденені түртінектеп алмақ болды. Біз екі метрдей жерге тоқтадық. Бізді көрген төбет құйрығын сенімсіздікпен бұлғаңдатып қойды. Тұмсығымен ауаны иіскелеген ол шамасы қауіпті сезінген болар, көзден таса болуға тырысты. Бірақ үлгермеді. Юра  мылтығын шапшаң көтеріп, көлігінен түспестен, шүріппесін басып қалды. Төбет ауада айналып барып жерге гүрс ете түсті. Бұл жолы оқ самайына тиіпті. Қайтадан қыңсылаған аянышты үнді естімегенім сондай ғанибет болды.

«Мен атпас бұрын, ауаны иіскелегенін көрдіңіз бе? Осы сәтте олардың нені сезетіні мені қызықтырады. Менің жүксалғышымдағы иттердің өлігін бе әлде жай иттің иісін сезе ме екен? Егер жай ғана иіс болса, онда неге қашуға әрекеттенеді екен? – деп аңшы пәлсапалық ойға кетті. Ал Макс жүксалғышқа түстеніп үлгермеген төбетті лақтырып жатқан еді.

- Бәлкім, оның қожайыны бар шығар? Егер оның иесі әлдебір егде тартқан апай болса, ол сүйіктісінің өлгенін әне-е-еу бір үйдің терезесінен қарап тұрған болар? – дедім мен.

- Ол ешкімдікі де емес! Өзі жүдеу болса, құрғақ теміреткіге шалдыққан болса, өзінің қарғыбауы жоқ болса иесі қайдан болсын және өз асырандысының қоқыс арасында жүруіне қандай қожайын жол береді дейсіз? Күтімі бар иттерді, олардың қарғыбаулары жоқ болса да атпаймын. Бізді сөмкесімен ұрғысы келген бір қыз бала айтқандай, мен жауыз да, қасапшы да емеспін. Есіңде ме, Макс? – Макс енжар ғана басын изеді. – Мен ешқашан буаз немесе күшіктерін емізіп жүрген иттерді атпаймын. Жалпы оларды жақсы көремін. Өзімнің де екі овчарка иттерім бар: біреуінің аты Ингус, екіншісінің аты Черныш».

АЖАЛДЫ ҚАСҚАЙЫП ҚАРСЫ АЛҒАН ИНГУС

Юрий әңгімелегендей, Ингусқа қожайын болғанына бірнеше жыл болыпты. Осынау ерекше иттің хикаясы мынадай еді.

Бір кездері Юрий шекаралық бөлімшеден есептен шығарылған иттерді атуға тапсырыс алады. Сол жерге келген аңшы аянышты көрініске тап болады. Аштан бұралған, ызалы, бір кездері құрмет тұтқан шекарашы иттер бөлімшенің аумағын жабырқаңқы күйде кезіп жүр. Кейінірек әскерилер түсіндіргендей, овчаркалар бір айдан бері «зейнеткерлікке» шығып, басшылықтың көз алдында күйік боп жүрген жайлары бар екен. 

Үшеуін Юрий кірпік қақпастан атып тастаған, ал төртіншісіне мылтық аузын кезене берген кезде, сілейіп қатып қалған. Өзінің өлі «әріптестерінен» айырмашылығы – бұл төбет мүлдем қорықпапты. Бұл аңшыны таңдандырып, жұмбақ күйге түсірген. «Білесіз бе, иттер өздеріне немесе олардың қандастарына зұлымдық жасағандарды естеріне жақсы сақтап қалады. Егер мен олардың үйіріндегі мүшелерінің бірін өлтірген болсам, онда иттер мені естеріне өле-өлгенше сақтап қалады. Келесі күні машинаны көрсе немесе менің иісімді сезсе, ешқайда жалтақтамастан қашып кететін болады», - деп түсіндірді Юрий.

Сөйтіп, төбет бәрін түсінген. Өзінің жүдеу, тарамыстанған кеудесін жазып, қос аяқтап тұра қалыпты. «Көрмеде тұрғандай еді, - деп нақтылайды аңшы. –Ешқандай үрейсіз, ешқандай күдіксіз, еш абаламай, еш қыңсыламастан, кірпігін де қақпай, тіке мылтықтың аузына қарап тұрды. Тіпті құйрығын да қысқан жоқ. Оның жанарында ешкімге қажетсіз болудан жалыққаны, ажалдың ол үшін оңтайлы жол екені жазылып тұрғандай болды. «Мен мұндай төбетті қалай атайын?» - деді сұраулы жүзбен қараған Юрий.

МЫСЫҚ – КИЕЛІ МАҚҰЛЫҚ

Перетаска маңындағы жуынды құйылған шұңқырды қазып жатқан спаниэльге, Құрсай селосындағы кімді қорғап абалағаны белгісіз алабайға және АМӨЗ төңірегіндегі бір мекеменің аумағында демалып жатқан иттер тобырына аңшы, неліктен екені белгісіз, тиіскен жоқ. «Неге?» деген сұрағыма, текті тұқымды иттердің қожайындары болуы мүмкін екендігін, ал иттер тобырын сол кәсіпорынның әкімшілігі иттердің күзететіндігін, оларға тиіспеуді өтінгендігін айтты.

Арнаулы автобазада иттің бе, әлде мысықтың ба, қай мақұлықтың денесі тапсырылса да бәрібір екен. Алайда қала бойынша жұмыс істейтін бес адамнан аспайтын аңшылардың бірде бірі мысыққа тиіспейтін көрінеді. Бір қызығы – олардың барлығы кәріс ұлтынан. Алайда, аңшының өзінің мойындауынша, қалада олар өте көп екен, итке қарағанда оларды құрту оңай дейді. Аңшылар осы мақұлықты қасиетті деп санайды. «Мысықты өлтіру күнә деп есептеймін. Олар қарадан қарап ешкімді тырнап, тістеп алмайды,- деген Юраның жүзі түнеріп кетті. – Осы жұмыста жүрген төрт жыл ішінде тек бір рет қана осы ережені бұздым. Егер білген болсам, осы тапсырысқа бармас едім. Қала орталығындағы бір жерден қоңырау шалынып, сіздің көмегіңіз қажет деп өтінді. Мекен-жайы бойынша келдім. Сөйтсе, олардың үйлерінде бірнеше сағат бұрын мысық балалаған екен. Шаршаңқы ана мысық пен көздерін ашып үлгермеген кішкентай безектер сүп-сүйкімді көрініс еді. Эх, үй қожайыны алған бетінен қайтпады ғой. Жұмысым болған соң мен де бас тарта алмадым. Міне солай... Бұл туралы мүлдем сөз қозғағым келмейді».

ҰЙЫМДАСҚАН ИТТЕР ТОБЫРЫ

Біз кезекті нысананы іздеп, арасында тоқтап келе жатқан кезде Юрийдің ұялы телефоны шырылдай жөнелді. Салон ішінде Авангардтағы төртінші ықшам ауданда тұратын зейнеткер әжейдің «Ауламызда қаңғыбас иттер толып кетті!» - деп абыржыған дауысы қатты естілді. – Бізге маза беруден қалды. Бүгін немеремді мектепке апармақшы болып едім, осы иттердің біреуі қарадан қарап аяғымды тістеп алды. Мен тіпті оның маған қалай жақындап келіп қалғанын да байқамай қалдым. Аяғымда етік болғаны мұндай жақсы болар ма еді. Тек қорқынышпен оңай құтылып кеттім деуге болады. Ол немеремді емес, мені тістеп алғанына Құдайға мың да бір шүкір. Көмектессеңіздер екен, біз өзіміз үшін де, балаларымыз үшін де қорқамыз!».

Айта кетелік, таяу күндері редакция телефонына Авангардтан бірнеше шағым түскен болатын. Тұрғындар иттердің бір тобыры туралы таңқаларлық әңгімелер айтып берді. Бұлар тіпті тобыр емес, жақсы ұйымдасқан бандалар дерсіз. Иттер сол жердегі супермаркеттен шыққан адамдарды күтіп тұрып, біреуі жүгіріп келіп тісімен пакеттерді жыртып жібереді. Екіншісі пакеттен түсіп қалған нәрсені іліп алады да, зыта жөнеледі екен. Кейбіреуі ызалы иттерден құтылу үшін қорыққандарынан азық-түлік салынған пакетті лақтырып тастауға мәжбүр болады екен.

Юрий көлігінің жылдамдығын үдетіп, сол жаққа қарай бет алдық.

Үлкен аула, ортасында қоқыс жәшіктері мен аулаға шашылған қоқыстар жатыр. Сәл әрігірек тормен қоршалған ашық жасыл түсті футбол алаңы орналасқан. Дәл сол алаңда күн көзінде маужырап жатқан иттер тобыры жайғасыпты. «Сайтан алғыр! – деді Юрий өкінішпен, - Бұл жерде атуға болмайды. Қолайсыз жер екен. Бұл жерден алдап шығарып алуымыз керек». Машинаның артқы орындығында отырған Макс терең күрсініп, көліктен түсті де, кесек тас іздей іздей бастады. Алайда оқиға басқаша сипат алды.

Біз жақындап бара бергенімізде, тобырдың ішіндегі біреуі шекарашы ит секілді тұмсығын көтеріп, ауаны иіскеді де үріп жіберді. Команда берілгендей, тобыр орындарынан тұрып кетті. Алайда нағыз көсемдерін басқалардан айырудың еш қиындығы болған жоқ.

Юрий әңгімелегендей, кейбір төрт аяқты қаңғыбастар – кезінде адамдардың қалауымен көшеде қалған түрлі тұқымды иттерді будандастыру нәтижелері. Бұл мақұлықтар – қала ішінде көп нәрсені үйренген нағыз мутанттар. Олар айлакер, төзімді, ақылды, адуын және ызақор боп келеді. Осы төбеттің бойында бірнеше тұқымның қаны бар болуы мүмкін. Баскетбол добы секілді басы бар әдемі үлкен қара-сұр ит. Тіпті қашықтан-ақ, түгінің арасынан бұлтылдап ширатылған бұлшық еттері көрініп тұрды. Осы иттің басшылығымен болып жатқан барлық жүгенсіздікке қарамастан, мен оған тіпті құрмет тұта қарадым. Барлығы қаша жөнелгенде, Бандит (мен оған осындай ат қойдым) баяулатып, ауыр көзқарасымен біздің асыға басқан тобымызға көз тастады. Ештеңе болмағандай, әдейілеп ақырындап басып бұрылып кетті де, содан соң бұрыштан көрінбей кеткен тобырды бетке алып бүлкілдеп жорта жөнелді.

«Сен бұл жерден қателік жібердің, - деді мұрнының астынан сөйлеген аңшы, шүріппені басып.

Бах! Бах! Аңшы екеуін атып үлгерді. Араға бірнеше секунд салып, иттер жан тәсілім етті.

Олардың арасында Бандитболған жоқ.

ЖОЛЫ БОЛҒАН РЕКС

Авангард-Жилгородок көпіріне кірер жерде бізді тағы бір төбет қарсы алды. Сыртқы түрінен қаңғыбас па, жоқ па, айыра алмайсың. Қысқа кеңестен кейін, оны атуды ұйғарды. Қолайлы орынға тоқтаған Юрий машинаның әйнегінен мылтығын алып, нысанаға ала бастады. Кенет, әдеттегідей көзімді жұмып алмас бұрын, көзімнің қиығыммен жол бойымен қияр салынған пакетін бізге бұлғап, жүгіріп келе жатқан шашы ұйпаланған ер адамды байқадым. Құлап-сүрініп жүгіріп келе жатқан ол саусағымен итті көрсетіп келеді. Мен Юрийді әрең тоқтатып үлгердім. Жақындап қалған ер адамның дауысы анық естіле бастады. «Бұл Рекс! Рекс! Ол менің итім. Атпаңыздар!» - деп келе жатыр екен.

Рекстің жолы болып кетті.

Сол күні таңертең аңшы он шақты итті атып тастады. Олардың өлшемі бойынша бұл жақсы көрсеткіш екен.

…Өз басым үшін бұл аңшылардың – жануарларды өлтірушілер ме әлде адам өмірін қорғаушылар ма, кім екендігі туралы бір шешімге келе алмадым. Бәлкім, екеуі де шығар. «Осы лас жұмыспен кім болса да біреудің айналысуы тиіс қой».

Анастасия ПАСТУХОВА

Суретті түсірген автор

 

Жер бетінде жыл сайын 50000 адамның құтыру ауруынан өлетіні белгілі. Аурудың негізгі себебі ауру иттің қапқандығынан болады. Ауру иттің бір тістегенінің өзі өте қауіпті екенін атап өткен жөн. Егер жануарда немесе адамда құтырудың алғашқы белгілері пайда болса, оның 100 пайыз өлімге апарып соқтыратындығын білдіреді.

19 қаңтар 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.