Атырауда бүкіл Батыс Қазақстан өңірінің мамандарының басын қосқан «Мүгедек балаларды медициналық-әлеуметтік оңалту» атты апталық семинар өтті.
ТЫҢДАУШЫЛАРҒА ҚЫЗЫҚТЫ БОЛДЫ
Семинарды осы қауымға танымал адамдар: Татарстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері, профессор, нейрореабилитация және кинезотерапия жөніндегі көптеген ғылыми жұмыстардың авторы Валида ИСАНОВА және реабилитолог, «Қасиеттi жол» реабилитациялық орталығының директоры Айнұр НҰРХОЖАЕВА жүргізді. Сабақтар «Қасиетті жолдың» серіктесі болып табылатын «БолашақК» қоғамдық қорының базасында өтті. «БолашақК» қоғамдық қорының директоры Жібек БИСЕНОВАНЫҢ айтуынша, реабилитациялық орталық соңғы екі жыл ішінде БЦС (балалардың церебралды сал) ауруына, Даун синдромына шалдыққан, бас миына ота жасатқаннан кейінгі балаларды кешенді оңалтумен айналысады, өз тәжірибелерінде Исанованың инновациялық әдістерін белсенді түрде енгізіп, қолданады.
Татарстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері, профессор Валида ИСАНОВА
Қазақстанда бүгінгі күні балалардың церебралды сал (БЦС) ауруына шалдыққан 13 мыңнан астам бала бар. Өткен жылы олардың тек 20 пайызы ғана мемлекеттік мекемелерде оңалту курстарынан өтуге мүмкіндік алды, қалғандары өз кезектерін күтті.
– Біздің қорымыз аз қамтылған отбасынан, сәбилер үйінен шыққан нейроортопедиялық патологиясы бар балаларға көмектеседі. Көпжылдық жұмыстардың арқасында біз үлкен тәжірибе жинақтадық және бүгінгі күні оны бүкіл Қазақстанға таратуға әзірміз. Мұндай семинарлар еліміздің солтүстік өңірлерінде өтті, ал желтоқсанда біз оңтүстікке барамыз, - деп әңгімелейді «Қасиеттi жол» қорының президенті Гүлмира САПАБЕКОВА.
Сабақтар психологтарға, реабилитологтарға, невропатологтарға, емдік дене шынықтыру нұсқаушыларына, логопедтерге, дефектологтар мен эрготерапевттерге секциялар бойынша өткізілді. Оқыту тегін болды және осы күндердің барлығында тыңдаушылар саны азаймады. Тәжірибелі дәрігерлердің келгенін пайдаланып, біздің балалар оңалту орталығының, ақыл-есі кем балаларға арналған интернаттың, психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияның, облыстық балалар ауруханасының, емханалардың, коррекциялық кабинеттердің, перинаталдық орталықтың, Қазыбаев атындағы балалар үйінің мамандары өз біліктіліктерін көтерді.
Құрманғазы ауданынан келген логопед Сандуғаш ЖАРМҰХАМБЕТОВАНЫҢ айтуынша, тренингте ол БЦС ауруына шалдыққан балаларға арналған қызықты жаттығуды үйренген:
– Қарапайым жаттығу секілді көрінеді, алайда олар бұлшықеттер мен буындарды жетілдіруде үлкен рөл атқарады. Бір қозғалыстың өзі омыртқаны, иықты, жамбасты белсендіреді. Валида Исанова - білімнің қайнар көзі. Ол қолы алтын жан, баланы 20 минут қолына алса, нәтижеге қол жеткізе алады. Одан кейін бізбен Айнұр Нұрхожаева жұмыс жасады – ол да өте пайдалы, мазмұнды дәріс берді. Келгеніме өкінген жоқпын. Басқа да мәселелерді пысықтау үшін семинардың жалғасқанын қалар едім.
Семинарды ұйымдастырушылар қандай да бір қозғалыс туындайтынын көрнекі түрде көрсететін әдістемелер алып келген. Олар сәбиге ауыр тиетін ескі, дөрекі керу қимылдарынан алшақтауды үйретеді. Тыңдаушыларға қызықты болып отыр – бұл семинарға қатысушылар санының азаймағандығынан көрініп тұр. Әдетте, осындай семинарларда қатысушы келіп, белгіленіп, өз жұмыстарына кетіп қалатын. Дәріс берушілер мен тыңдаушылар арасында белсенді пікір алмасулар жүріп жатыр.
«СІЗДЕРГЕ ҚУАНА КЕЛЕМІН»
– Өте маңызды жайт – ата-аналарға жеткізу керек. Олар бейтарап бақылаушылар емес, өз сәбилері үшін басты реабилитологтар. Өйткені олар тәулігіне 24 сағат сәбилерінің жандарында болады. Біздің бір сағат ішінде жасағандарымызды ата-аналар бір күн ішінде бүлдіріп алуы мүмкін, - дейді А.Нұрхожаева. – Тұрмыстық нәрселер – баланы дұрыс жатқызу, тамақтандыру өте маңызды.
Валида Исанованың айтуынша, оңалту процесінде қозғалысты, ақыл-есті және коммуникацияны қалпына келтіруге бағытталған жоғары технологияларды қолдану өте маңызды. Осындай тиімділігі жоғары құралдардың бірі – оның қатысуымен жасалған арнайы «Атлант» пневмокостюмы. Ол тек денені биомеханикалық қолдауға ғана емес, дененің күйі мен бұлшықеттер тонусы арасындағы тепе-теңдікті ұстауға арналған.
– Әрине, ауыр науқастар үшін тек осы костюм ғана жеткілікті деуге болмайды, басқа да авторлық әдістемелерді қолдану керек, - дейді В. Исанова. – Осындай серпіліспен мен Қазақстанға әлденеше рет келдім. Қашан да қуана келемін, өйткені сауатты, кәсіби тұрғыда жұмыс жасау үшін шынайы қызығушылық бар екенін көремін.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор