Бүгін, 17 қазанда №2 Атырау қалалық сотында азаматтық белсенділер Макс БОҚАЕВ пен Талғат АЯННЫҢ ісі бойынша процесс жалғасты.
Бірінші болып Боқаевтың адвокаты Нұрбике ЕСКЕНДІРОВА сөз сұрады. Ол төрағалық етуші судья Гүлнар ДӘУЛЕШОВАДАН бас тарту туралы өтінішті оқып шықты. Қорғаныс тарапы процестің айқын айыптау жағына қарай жүргізіліп жатқанын, ал сотталушыны мәлімделген өтініштер бойынша жеке пікірін білдіру мүмкіндігінен айырып отыр деп, оның әрекетінен сот этикасының бұзылып отырғандығын мәлімдеді. Оның үстіне, Боқаевты сырқатының қауіпті екендігіне қарамастан, 5 ай бойына жете медициналық тексеруден өткізуден бас тартты, - деп атап өтті қорғаныс тарапы.
Бұл өтінішті басқа адвокаттар мен қорғаушылар қолдады, алайда үзілістен кейін ол қабыл алынбады. Осыдан кейін Астана қаласындағы Есіл аудандық сотының бейнебайланысы арқылы «жер митингілері туралы» іс бойынша куәгер болып өтіп жатқан, мемлекеттік төңкеріс әзірледі деп айыпталған шымкенттік кәсіпкер Тоқтар ТӨЛЕШОВТЕН жауап алынды. Ол «физикалық және моралдық шаршау салдарынан» Атырауға сотқа келе алмағандығын түсіндірді. Алайда «тек шындықты ғана айтатыны» туралы сергек күйде ант беріп, күлімсіреді.
Айыптау тарапының сұрақтарына жауап берген Төлешов хикаяны басынан бастады. Ұзақ уақыт бойына билік құрылымдарын зерттеп, республикаға заң шеңберінде жаңа вице-президент лауазымын енгізуді жоспарлағанын әңгімеледі. «Бұл жерде қарапайым сызба болды. Сызба әзір болғаннан кейін біз қоғам қайраткерлері арқылы, әлдебір жеке ұйымдар арқылы, бәлкім, депутаттық корпустар арқылы оны Конституциялық сотқа жолдауды жоспарладық (Қазақстанда бұл сот 1995 жылы Конституциялық кеңеспен ауыстырылды. Айтпақшы, судья да Төлешовқа осы мемлекеттік органның нақты тұжырымдамасын қолдануды меңзеуге тырысты. Алайда куәгер мұны елемеді – «АЖ»). Егер сот осы лауазымның енгенін мақұлдаса, онда кейін парламентке, сенатқа енгізіп, әрі қарай Президентке қол қоюға жіберілер еді. Тек егер Президент бекітсе, онда бұл лауазым енгізілуі мүмкін еді. Мен осыған жұмыс істедім және қоғам қайраткері ретіндегі танымалдылығым өте шектеулі екенін түсіндім. Тиісінше, маған қазақстандық алаңда өзімнің қоғамдық имиджімді көтеру керек болды», - деді Төлешов. Оның айтуынша, ол да жердің шетелдік ұйымдарға жалға берілуін және сатылуын қолдамаған және бұл сәтті өзін танытуға жақсы мүмкіндік ретінде қарастырған. «Еліміздің батысына мен кездейсоқ назар аударған жоқпын: ол жерде адамдардың анағұрлым қызуқанды, анағұрлым батыл екенін байқадым. Олар белгілі бір қадамдар жасай алар еді. Өңірді мұқият зерттегеннен кейін достарым маған Талғат Аян туралы әңгімеледі. Мен де лайықты адам осы деп шештім. Талғат Аянмен де, Макс Боқаевпен де өз басым ешқашан кездескен емеспін. Талғатпен менің бір жолдасым жұмыс істеді, бірақ мен оның есімін атай алмаймын. Ол Атырауда тұрады, қарапайым жұмысшы, оның басына проблема туындағанын қаламаймын». Талғат Аян 150 мың доллар алған деген тергеу жорамалын Төлешов растады. Алайда «жеке басым мұны көрген жоқпын және ол мақсаты бойынша жұмсалды ма, білмеймін. Ал мақсат – қоғамдық қызметті қолдау болатын». Төлешовтың айтуынша, биылғы жылдың сәуірінде ҰҚК тергеу изоляторында болған кезде ол митингтің өткені туралы газеттерден білген.
Содан кейін судья мен Макс Боқаевтың сұрақтарына жауап берген бұрынғы «Шымкентсыра» кәсіпорнының қожайыны 150 мың доллардың «конференцияларды, дөңгелек үстелдерді ұйымдастыруға, елді аралау сапарларына арналғанын, бұл істердің шығынды екендігін, олардың қатарында митингтердің де, бірақ тек бейбіт митингтердің бар екенін» нақтылады.
Осымен Төлешовтен бейнежауап алу аяқталды. Ертеңгі күнге куәгер ретінде Төлешовтың істерін басқарушы бас маман, оның жеке қаржыгері Владимир ВОЛКОВТАН жауап алу белгіленген.
Марат ТАКУЛИН
Суретті және бейнежазбаны түсірген автор