Он төрт баланың анасы Гүлкашима ҚАБИЕВА (суретте) өзін далада қалғандай сезініп жүр. Осылайша бұдан бес жыл бұрын қаладан орын тепкен үлкен әулет бала- шағасымен әр босағада күндерін өткізіп жатыр.
Гүлкашиманың кеудесінде «Алтын алқа» медалі жарқырайды. Он төрт балаға берген үкіметтің сыйы. Бірақ ол алқадан қайыр көріп жатқаны шамалы. Медалін жарқыратып, облыс әкімдігіне сан барғанымен, ішке кіргізбейді. Облыс әкімі Бергей СӘУЛЕБАЙҰЛЫНА кіріп, жағдайын айтқысы келеді. Оны естігендер есіктен ары бас сұқтыртпайды. Тауы шағылып, талай рет салы суға кетіп оралған.
-Осы кезге дейін жағдайымды айтып, биліктің табалдырығын аттаған емеспін. Амал жоқ, балалардың күйін ойлағандықтан өзім де сол «ақ үйге» әрең барамын. Біреу үшін туғаным жоқ. Міндетсін-беймін. Бірақ «жыламаған балаға емшек берілмейтін» заманға тап болдық қой. Үй кезегіне тағы тұрғызбайды. Ауданнан анықтама керек дейді, оны да ала алмай жүрмін, біздегі бюрократизмнің түрі. Былтыр жинаған құжаттарым босқа кетті. Енді тағы жинау керек, оған кім жүреді, қазір аурумын,-дейді Г. Қабиева.
Атырауға Қабиевтер отбасы еріккеннен келмеген болатын. Индер ауданы, Елтай ауылының тумасы Гүлкашима мен Қайрақ бұрын совхозда малшы болып еңбек етіп, кейін тарағасын далада қалғанын айтады. Көтерем қойдан үлес алғанымен олар мал болып жарытпады, ауылға келгесін қырылып қалған. Осылайша жұмыссыздыққа душар болған Қайрақ пен Гүлкашима кедейліктің қамытын шындап киген болатын. Ауыл құлдырап, күнкөріс қиындаған еді. Елдегі жаппай жұмыссыздықтан қажығандар әр күнін қорқынышпен өткізіп жатқан. Көп адам үй, күйін тастап, тентіреп, қалаға шұбырды. Солардың бірі Қабиевтер отбасы еді.
-Менің жасым қазір 51-де, жолдасым Қайрақ өзіммен түйдей құрдас. Біз 18 жасымызда үйленіп, он төрт бала дүниеге келді. Бес жыл бұрын бала-шағаның қамымен қалаға келуге тура келді. Еріккеннен келген жоқпыз, амалсыздан. Сарыауыз балаларымыздың қамымен, аштан өлтіріп алармыз деп қорыққаннан. Біз жартылай көшіп келдік. Елтайдағы үй үш бөлмелі, ескі болатын,-дейді Гүлкашима.
Қалаға келіп, көшпенді қазаққа айналған отбасы әр босағаны бір сағалады. Жұмыс табу да оңайға соқпады, қиындықты қатты көрді. Бірақ кейін қайтса «Қорқыттың көрі» болатынын ойлағандықтан қиындыққа шыдауға тура келді. Жұмыс болғанымен тапқаны таянғандарына жетпейді. Сонда да қолға азын- аулақ ақша түскенін медет тұтқан. Соңғы екі жылдан бері тұрақтады, көшуді қойды. Бұлардың аңқылдаған адалдығына сенген қожайын машина дөңгелегін жамап, жасқап беретін «шиномонтажды» бұларға сеніп тапсырды. Сол ғимараттың бір бөлегін жалдап тұрып жатыр.
-Осы күнімізге де риза едік, азын- аулақ нәпақаға тоқ едік. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, аяқ астынан қан қысымым көтеріліп кетіп, ақырында инсульт алдым, қант диабеті қоса бар. Бұрын күйеуіме жәрдемдесіп, көмектесетінмін, ауырғалы одан қалдым,-дейді Гүлкашима мұңайып.
Айына отбасы бюджетіне Қайрақтың жұмысы мен бала-шағаға төленетін жәрдемақыны қосқанда 100 мың теңге түседі екен, оның 30 мыңы пәтерақыға кетеді. Екі бала ақылы колледжде, әрқайсысына тоқсан мың теңге төлейді. Алты бала мектеп жасында, үш қыз тұрмыста, тағы бойжеткен екі қызының бірі жұмыссыз. Ал бала, келіні екі баласымен осы қалада пәтер жалдап олар жүр қаңғып. Оның үстіне Гүлкашима сырқаттанғалы ауруханаға жиі түсетін болды, дәрі-дәрмек керек. Ол да қыруар қаржыны талап етеді. Қазіргі күйлері осы, шықпа жаным шықпаның кебі.
Үкімет қазақ санын 20 миллионға жеткізу керек дейді. Екі бірдей алқаға ие болатындай балаларды дүниеге келтірген ананың қазіргі сиқы. Бұдан кейін туу көбейер ме екен?!
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор