Атырау, 24 қараша 07:12
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Атыраудың «хип-хоп» бишілері

7 957 просмотра

Енді Атыраудың да өз «хип-хоп дэнсерлері» бар. Ең қызығы жастар арасындағы қазіргі заман үлгісіндегі бұл би түрін біздің екі жерлес жеткіншек өз беттерінше үйреніп алыпты. 

11 жастағы Садырбек ӘЖІҒАЛИ (суретте) мен Мұхамеджан ҚОНЫСБАЕВ (суретте) Американың «Jabbawockeez» би тобының стиліндегі хип-хоп биін меңгеріп жүргендеріне бір жыл болыпты. Олар биді жеке үйірмеге барып емес, өз бетімен үйренеді. Алдыңғы қатардағы би топтарының билерін интернеттен мұқият тамашалап отырып, өз жандарынан да қиялдан туған би қозғалыстарын қосуға тырысады. Биді көшіре салуға ұмтылмайды. Тек, үлгі ретінде пайдаланады. Бұл екі достың үйге берілген оқу тапсырмасын орындап болған соң айналысатын сүйікті ісі, ортақ ермегі. Балабақшадан бірге келе жатқан биқұмар балалар қазір де бір сыныпта, №17 лицейдің 6-сыныбында оқиды. «Кішкентай кезімізден біргеміз, оның үстіне жан доспыз, содан да бір-бірімізді жақсы түсінеміз» дейтін Садырбек пен Мұхамеджан маскамен билейтін хип-хоп биінің қыр-сырын өз еріктерімен үйренгенді жөн санайды. Және осы өнерлерін шыңдау арқылы келешекте халықтың алдына шығып, кеңірек танылуды алдарына мақсат етіп қойған.

Айтпақшы, масканы Садырбек бір досына тапсырыс беріп Алматыдан әрқайсысын 2500 теңгеге алдыртқан.

Бірде біз Атырау мұнай және газ институтының «Позитив» КВН командасы ұйымдастырған қайырымдылық концертінде Садырбек пен Мұхамеджанның өнеріне алғаш куә болғанбыз. Жастардың қошеметін көріп, балалардың ырғақты биін көріп, олармен сол сәтте-ақ танысып та алғанбыз. Естеріңізде болса,бұл концерт ауыр науқастанып жатқан 9 жастағы Инамат Нұғымановтың еміне қаржы аудару үшін өткізілген болатын.

Кейін әуесқой биші балалардың бұл халық алдында бірінші рет өнер көрсетулері екенін білдік. Концерттен бұрын олар тек бір-екі тойда ғана билеген. «Біз ең басында менің ағамның тойында өзіміз үйренген биді билеп шықтық. Ешкімге ұнамайтын шығар деп жәй билеп көргенбіз. Бірақ, қонақтардың бәрі қол соғып, сондай ұнағандарын айтып жатты. Осы тойда құдаша болған апа да бізді өзінің тойына шақырды. Сол кезде біз өзімізге сене бастап, қызығушылығымыз одан сайын арта түсті. Ал концертке шығарда қатты қобалжығанбыз. Біраздан соң, бетімізде маска ғой деп өзімізді сабырға шақырдық» дейді Мұхамеджан. Садырбек болса, «Біз ақшадан бұрын өнерді алға қоямыз. Қалауымыз би болғасын, сол үшін еңбектенеміз. Қайда, үйренетініміз көп қой әлі» деп қояды.

Әрине, осы жастағы өрендердің міндетті түрде кемінде бір ермегі болғаны аса қажет. Ақылы үйірмелер мен секцияларға қатысуға ай сайын төлеп тұратын ақшаны ата-анаңыздың қалтасы көтермесе, еш мұңаймай-ақ, Садырбек пен Мұхамеджан секілді өз бала қиялыңызды іске қосып, сүйікті ісіңізді жүзеге асыруға асығыңыз!

Бір қызығы, осыдан біраз бұрын Садырбек пен Мұхамеджан өз билері арқылы сыналу үшін қазіргі заман биінен аулааралық жарыс өткізуді шешкен. Өздері қатарлас биші балаларға алдын-ала ескертіп, уақыт пен билейтін орынды да белгілеп қойған. Мұнымен олар екі топ биден жарысып жатқан кезде, көшеде өтіп бара жатқан кісілер қай биге тоқталып, қол соқса, сол жеңіске жетуі тиіс болған. Алайда, бәсекелестер жағы келмей қалыпты. Оны екі дос өздері үйреніп жүрген биін әлгі балалар ұялы телефон арқылы көрген соң, жарысамыз деген ойларынан тайғанға ұқсайдыға жорамалдайды.   

Еске сала кетсек,  мұндай би түрлерінен АҚШ-та, Еуропада, Африкада, Түркияда, Ресейде және елімізде де жарыстар дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Былтырғы жылы Атырауда да брейк, хип-хоп, электро секілді билерден сайыстар ұйымдастырыла бастады.       

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Суретті түсірген автор

13 қаңтар 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.