Атырау, 27 қараша 19:32
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Атырау алуан аурудың ордасы

3 329 просмотра

“Республикалық атмосфералық ауаны қорғау ғылыми-зерттеу орталығы» ЖШС және «Батысэкожоба» ғылыми-зерттеу институты ЖШС «АМӨЗ және басқа да өндірістік нысандардың Атырау қаласының қоршаған ортасына  және халқының денсаулығына әсерін кешенді зерттеу» жобасының кезекті бір кезеңінің  аралық нәтижелерін жария етті.

Естеріңізде болса, екінші жыл жүзеге асырылып отырған бұл жобаның бастамашысы облыстық әкімдік болды, ал, қаржыландыруды АМӨЗ өз мойынына алды. Ғалымдар ауа мен топырақтан сынама алып, анализ жүргізді, оның қорытындысы «АЖ» газетінде жарияланды. Қазір облыс орталығындағы тұрғындарды медициналық тексеруден өткізу жүргізілуде. Ақпараттарды алу және жинақтау емханалардың  2008-2010 жылдар ішіндегі есептері мен тіркелген құжаттары бойынша жүргізіледі. Сондай-ақ, статистика, әділет және әлеуметтік қорғау департаменттерінің мәліметтері қолданылады.

Алдын-ала алынған қорытындылар көңіл көншітпейді. Медициналық зерттеулер облыста барлық категориядағы адамдардың бірінші кезекте тыныс алу мүшелерінің ауруымен ауыратындығын анықтап отыр. Екінші орында жүктіліктің ауыртпалығы мен бала туудың қиындығы қанат жайса, жасөспірімдер арасында иммундық жүйені қамтитын қанайналым жолдарының және басқа да жұқпалы аурулардың артқандығы аңғарылады. Қатты бүлінген аймақтардағы балалар мен жасөспірімдер сырқатының талдауы  басқа аймақтармен салыстырғанда жалпы сырқаттың 2,9 есе артып отырғандығын көрсетті. Көз, құлақ аурулары, сүйек-бұлшық еттері жүйесі сырқаттарының жаңа бір түрлерінің өсіп келе жатқандығын аңғартады. Бұл ересектер бойында да кездеседі, дегенмен, деңгейі аса жоғары емес.

«Республикалық атмосфералық ауаны қорғау ғылыми-зерттеу орталығы» Атырау филиалының директоры Еламан ІЛИЯСОВТЫҢ айтуынша, толық және нақты ақпараттар алу үшін тағы да кең ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізу керек екен.

-Біздің алдымызда Атырау қаласы халқының денсаулығына әсер ететін химиялық заттектерді барынша егжей-тегжейлі зерттеу міндеті тұр. Қаланың картографиясы негізінде экологиялық ахуалдан туатын сырқаттардың даму тәуекелдігінің есе-бін жүргізу, қала халқының мүгедектік көрсеткіштерінің құрылымын зерттеу, яғни, мүгедектік тобына байланысты мүгедектікке әкелетін себептерді анықтауға тырысу керек. Сондай-ақ, адам өлімі, оның ішінде сәбилер мен балалар өлімінің себептерін мұқият зерттеу жоспарланып отыр.

Атыраудағы экологиялық ахуал және оның қала халқына әсері  жөнінде толық есеп беретін жобаны аяқтау үстіміздегі жылдың аяғына жоспарланған. Оның қорытындылары қоғамдық тыңдауларда жария етілетін болады.

Тамара СУХОМЛИНОВА

18 қаңтар 2012, 19:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.