Атырау, 13 қараша 09:22
 ашықВ Атырау +2
$ 494.95
€ 525.49
₽ 5.05

Оппозиция Алматының орталық алаңында жиын өткізді

2 842 просмотра

Оппозиция белсенділері парламент сайлауының алдын-ала ресми нәтижесін мойындамайтындарын мәлімдеп, наразылық білдірді. Жарты сағаттан сәл астам уақытқа созылған шара тыныш аяқталып, жұрт тарап кетті.

Қаңтардың 17-сі күні сағат 13.00-де Алматының орталық алаңындағы Тәуелсіздік ескерткіші алдына келген Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) жетекшілері Қазақстанда жексенбі күні өткен кезектен тыс парламент сайлауының алдын-ала ресми нәтижесін мойындамайтындарын мәлімдеп, жұрт алдында сөйледі.

«БҰДАН КЕЙІН БИЛІК ЕРЕЖЕСІМЕН ЖҮРМЕЙМІЗ»
Оппозициялық партия жетекшісі Жармахан Тұяқбайдың айтуынша, бұл жерге партияның саяси бюро мүшелері ғана келген. «Халықты қанға бөктіргіміз келмеді» деген Тұяқбай:

– Сайлау деген сайқымазаққа, біздің партиямызға жасаған әділетсіздікке наразылығымызды білдіру үшін келдік, бұдан кейін биліктің ережесімен жүрмейміз, – деді.
Партияның тең төрағасы Болат Әбілев «митингіге жиналғандарға қарсы күш қолданылатыны туралы ақпарат алғандықтан бүгін жақтастарын түгел ертіп әкелмегенін, бірақ жуықта тағы да митингі өткізетіндерін» айтты.
Ол «сайлау кезіндегі заң бұзушылық фактілердің барлығы жинақталып салынған Guljan.org cайтын биліктің жауып тастағанын» айтты.
– Біз бұл сайлаудың қорытындысын мойындамаймыз. Билік 20 жылдан бері заңсыз отыр. Жемқорлар мен мылжыңдардың партиясын қуу керек. Саяси тұрғыдан да, тарихи тұрғыдан да Назарбаев біздің елімізді тығырыққа, апатқа апара жатыр – басқа жол жоқ. Біз бұл парламентті таратуды талап етеміз! – деп аяқтады сөзін Болат Әбілев. 

«ДЕМОКРАТИЯ ӨЛДІ»
ЖСДП бас хатшысы Әміржан Қосанов «осыған дейін халықта да, біздің партиямыздағы кейбір адамдарда да Назарбаев халықпен санасар деген үміт болған еді, бірақ ол үміт кеше толық үзілді» дей келе:
– Сол үмітпен бірге халықтың президентке, билікке деген сенімі де үзілді. Қазақстанда осыдан екі күн бұрын, яғни 15 қаңтарда демократия өлді. Оны билік өлтірді, – деді.
Митингіге жиналған жұртшылық та осы тұста «Ол үміт баяғыда өшкен!» деп қосыла айғайлап жатты.
Бұл жиында ЖСДП мүшелері Болат Әбілев, Гүлжан Ерғалиева, Балташ Тұрсынбаев, Маржан Аспандияровалар да сөйледі.
Жиын соңында ЖСДП жетекшілері сайлау комиссиясы берген хаттамаларды жұрт көзінше өртеп, қарсылығын білдірді. Бас-аяғы жарты сағаттан сәл астам уақытқа созылған жиын бейбіт түрде тарады.
Оппозиция белсенділері «алаң маңынан тасалау жерде ішінде полиция жасағы бар бірнеше автобустар тұр» деген еді, бірақ ескерткіш маңына полиция киімін киген бірен-саран адам мен прокурор ғана келді. Алаң жанындағы көпқабатты үйдің бірінің үстінде арнайы аппарат қойған беймәлім 4-5 адам ғана тұрды.

«КЕМІНДЕ ЕКІ ПАРТИЯ ӨТКІЗУ НИЕТІ»
Бұған дейін Жалпыұлттық социал-демократиялық партия жетекшілері Қазақстанда жексенбі күні өткен кезектен тыс парламент сайлауының алдын ала ресми нәтижесін мойындамайтындарын мәлімдеп, қаңтардың 17-і күні сағат 13.00-де Алматының орталық алаңына наразылық жиынына шығатыны туралы хабарлаған еді.
Дүйсенбі күні ЖСДП-ның тең төрағасы Болат Әбілев сайлаудағы заң бұзу фактілерінің барлығын тексеріп, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті.
– ЖСДП сайлауды бұрмалағандардың аты-жөндерін жариялай бастайды. Олардың арасында билік өкілдері де болады. Біз оларға демократиялық елдерге бара алмайтын мәртебе беруді талап етеміз, – деді Болат Әбілев.
Ресми мәлімет бойынша, парламент мәжілісіне билікке жақын «Нұр Отан», «Ақ ​​жол» және Қазақстан халықтық коммунистік партиясы өткен.

Сайлауға бақылау жасаған ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясы «Қазақстандағы парламент сайлауы демократиялық талаптарға сай өткен жоқ, билік шынайы плюралистік сайлау өткізуге жағдай жасамады» деген баға берді.
– Біз парламентке кемінде екі партия өкілін өткізу ниетінің бар екенін байқадық. Бірақ билік шынайы плюралистік сайлау өткізуге қажетті жағдай жасамады, – деді мәлімдеді ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясының төрағасы Жоао Соареш дүйсенбіде.
ЕҚЫҰ-ның парламенттік ассамблеясының миссиясы кейбір саяси партиялардың сайлауға қатыстырылмай қалғанын және бірқатар үміткерлердің қандай да бір заңдық негізі болмаса да сайлаудан шеттетілгенін айтқан.
АҚШ мемлекеттік департаменті халықаралық бақылаушылардың Қазақстандағы парламент сайлауы халықаралық стандарттарға сай өтпеді деген пікірімен келісетінін білдіріп, арнайы мәлімдеме таратты. Онда «Қазақстанда 15 қаңтарда өткен парламент сайлауы демократиялық ұстанымдарға сай келмейді және сайлау барысына оппозициялық партиялардың араласуына кедергі жасалды» деп жазылған.
Қазақстан қоғамы «көппартиялы парламентке мұқтаж екенін» айтқан президент Нұрсұлтан Назарбаев былтыр қарашаның 16-сы күні парламент мәжілісін таратып, 2012 жылы қаңтардың 15-інде елде мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізу туралы жарлық шығарған.

Дереккөз: "Азаттық радиосы"

17 қаңтар 2012, 14:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.