Соңғы кезде Атыраудың көшелерін «киік мүйізін сатып аламыз» деген жарнамалар басып кетті. Мұны қадағалап отырған біреу бар ма?
Былтыр күзде Астанада ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Орман-тоғай және аңшылық шаруашылығы комитетінің төрағасы Ерлан НЫСАНБАЕВ Байланыс және ақпарат министрлігінен республикалық БАҚ-тарда киік мүйізін сатып аламын деген жарнаманы ендігі жерде жарияламауды өтінген болатын. Себебі, мұндай жарнамалар браконьерлікке жол береді деп есептейді. Алайда, бұл жарнамаларды соңғы кезде біздің қаламыздың көшелерінен көптеп кездестіруге болады. Хабарландыру иесі киік мүйізінің біреуін 3000 теңгеге, ал екеуін бірдей 6000 теңгеге сатып аламын деп те тайға таңба басқандай жазып қойыпты.
Хабарландыру иесінің телефонына қоңырау шалып, әңгімеге тартып көріп едік, ертең өзім хабарласамын деп уәде бергенсіді. Бірақ бізбен сөйлеспек түгілі, телефоны өшірулі тұрды. Ал киіктің мүйізінен Қытайда түрлі дертке шипа болар қымбат дәрілерді даярлайтынын біз білеміз. Сол Қытайда да Қазақстаннан киік мүйізін қандай бағаға болса да сатып алуға дайын көрінеді. Мәселен, бүгінде елімізде киік мүйізінің құны 35-50 теңге болса, Алматыда ол 200 мың теңге тұрады деп жазады бір ақпарат көздері. Ал Қытайда киік мүйізінің әр килограмы кем дегенде 1000 доллардан асып түседі екен. Тіпті 4 мың АҚШ долларына да жетіп қалады.
Ойлап көріңіз, Қытай елі шикізатты бізден сатып алып, дәрі жасап, бізге онысын кері сатып, көп пайда тапса, біз елімізге сатқындық жасап, баға жетпес байлығымызды құлқынымыз үшін ғана сатып отырғандаймыз. Әрине, осыдан кейін киік мүйіздерін сату-сатып алу жолы бір бизнестің көзіне айналған ба деген ойға қалатыныңыз сөзсіз. Бүгінде киік мүйізінің саудасын міндетті түрде қадағалау қажет секілді.
Киік мүйізін жарнамалауға қатысты облысымызда қандай шара алынып жатқанын білу үшін Атырау облыстық орман және аң аулау шаруашылығы аумақтық басқармасы бөлімінің меңгерушісі Сақтапберген ӘЛІПҚАЙЫРОВҚА хабарластық.Оның айтуынша, комитет тарапынан ішкі істер органдарымен бірлесе киік мүйіздерін сатып аламын деген жарнамалар иесіне рейдтік тексеру шарасын жүргізуге нұсқау берілгені рас. Ал ресми түрде бекітілген тапсырма болмаған, сол себепті қазір киік мүйізін жарнамалауға тыйым салуға қатысты ешқандай шара алынып отырған жоқ дейді. Десек те, осындай жарнамаларды тағы да жиі көретін болса, ішкі істер бөлімі қызметкерлеріне ресми хат жолдап, бірлескен жұмыс түрінде киіктер мүйізін жарнамалаған хабарландыру иесін тауып, оның қандай кәсіп иесі екенін және киік мүйіздерін қандай шаруашылықтарға пайдаланатынын анықтау мақсатында тексеру жүргізуді бастамақ екен.
Алайда, қазіргі күні киік мүйіздерін сатып аламын деген хабарландырулар легінің толып кеткенін жергілікті телеарнаның жүгіртпе жолдары мен көшелерде ілінулі тұрған жарнамалардан-ақ байқаудың өзі киын емес...
Еске сала кетсек, бүгінде Қазақстанда киіктер саны бар болғаны 85 мыңнан жоғары. Ал соңғы он жылда еліміздегі киіктердің саны 100 мыңға кеміпті. 2008-2010 жылдары елімізде киікті заңсыз атып алудың 31 оқиғасы тіркелген. Және, оның мүйізін көздеген мақсатта 312 киік атып алынғаны анықталған. Соның 182-сі 2010 жылы шығын болғандары. Былтыр мамыр айында Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданы аумағында 12 мыңға жуық еліктің өлігі табылғаны есімізде. Жалпы киік мүйізін алу үшін де браконьерлер киіктің аталығын атып алуға тырысады екен. Сондықтан, қазіргі күні киіктердің тұқымы құрып бара жатқан қауіп бар.
Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ