11 қазанда Қазақстанда шетелдік қаржыландыру мониторингі енгізіледі. Басым тұрғыда бұл жаңалық үкіметтік емес ұйымдарға қатысты болып отыр.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Мәди ТАКИЕВ хабарлады. Жаңа ереженің мақсаты – шетелдік қаржыландыру көздерінен түсетін қаржыларды қолданудың ашықтығын қамтамасыз ету.
- Бүкіл қаржыландыру көлемі мен көздері жұртшылық үшін қолжетімді болуға тиіс. Мониторинг кәсіпкерлердің қаржылық ағымдары мен олардың шаруашылық қызметтеріне қатысты емес. Әңгіме тек үкіметтік емес секторды мақсаттық қаржыландыру туралы болып отыр, - дейді М.Такиев. Оның айтуынша, мұндай мониторинг көптеген елдерде қолданылады, соның ішінде АҚШ-та, Қытайда, Ұлыбританияда. Бірақ егер ол жерде мониторинг үшін арнайы рұқсат қажет болса, біздің жағдайымызда ол қажет етілмейді.
Ең алдымен әңгіме заңды көмек көрсету, қоғамдық пікірді зерттеу (коммерциялық мақсатта өткізілетінді қоспағанда), ақпарат жинау, талдау және тарату туралы болып отыр. Мемлекеттік кірістер органдарының есептеуінше, бұл тек шетелдік қаржы көздерінен қаржы алатын 5 пайыз тұлғаларға қатысты. Бұл заң ережесіне адвокаттар, нотариустар, жеке сот орындаушылары, дипломатиялық өкілдер және т.б. ілінбейді.
Шетелден қаржы алатын тұлғаларға белгілі бір талаптар қойылады. Атап айтқанда, жеке және заңды тұлғалар келісім жасалғаннан кейін 10 күн ішінде мемлекеттік кірістер департаментіне хабарлама ұсынуға міндетті. Бұдан басқа, тоқсан қорытындысы бойынша олар салық қызметкерлеріне шет мемлекеттен, халықаралық және шетелдік мекемелерден, шетелдіктерден, азаматтығы жоқ тұлғалардан ақшаның және басқа мүліктің алынғаны және жұмсалғаны туралы мәліметтер ұсынуға тиіс. Есептемені аяқтай келіп те, электронды түрде де ұсынуға болады. Заң бұзғаны үшін айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған (қылмыстық жауапкершілік жоқ).
Шетелдік қаржы көздерінен қаржы алушылар, оларды ұсынған тұлғалар, алынған қаржы сомасы және басқа мәліметтер туралы бүкіл осы ақпарат мемлекеттік кірістер комитетінің сайтына орналастырылатын болады.
Бұдан басқа, 2014 жылы Қазақстан салық істері бойынша өзара әкімшілік көмек туралы конвенцияны ратификациялады. Соған сәйкес, салықты әкімшілендіру мәселелері, соның ішінде жекелеген операциялар бойынша ақпарат алмасу қарастырылған. Яғни, кез келген ел Қазақстанға шетелдік жеке және заңды тұлғалар жүргізген операциялар туралы сұраныс жібере алады. Тиісінше, біз де біздің азаматтарымыз бен ұйымдарымызға қатысты осындай сұраныстар жолдай аламыз.
Зульфия ИСКАЛИЕВА