Солтүстік Каспийдің қорықтық аймағына «Қазмұнайгаздың» еншілес компаниясы - «КМG Systems & Services» ЖШС Жолаушылар терминал құрылысын салмақ. Компания әуе жастығындағы кемелермен Солтүстік-Каспий экологиялық мұнай төгіндісіне әрекет ету базасынан (әрі қарай - СКЭӘБ) тайыз сулы жермен Қашағанға және кері қарай қызметкерлер мен бірінші қажеттіліктегі жүктерді тасымалдауды жоспарлап отыр. Жұртшылық жобаны мақұлдамады. Алайда тыңдауды өткізілді деп таныды.
ТІКҰШАҚТАР СЕНІМСІЗ БЕ?
Тыңдау «Теңіздегі мұнай операцияларын өткізу кезінде СКЭӘБ аумағынан жолаушылар терминалын орналастырудың ТЭН-і бойынша қоршаған ортаға әсерді алдын ала бағалау» бойынша жүргізілді. Жобаны «Терра» Дистанциялық зондтау және географиялық ақпараттық жүйелер орталығы» ЖШС әзірлеген. Терминалды Жайық сағасындағы Солтүстік Каспий экологиялық мұнай төгіндісіне әрекет ету базасына (СКЭӘБ) салуды жоспарлап отыр.
Қазіргі кезде Атыраудан Қашағанға тек әуе қатынасы ғана бар. Жүктер, адамдар, жабдықтар – барлығы ол жерге тікұшақтармен жеткізіледі. Формальды түрде, СКЭӘБ-ны жолаушылар тасымалы үшін айлақ ретінде пайдалану идеясы - тікұшақтарды нашар ауа райында пайдалануға болмайтын Солтүстік Каспийдің климаттық ерекшелігіне байланысты қиындықтардың салдарынан туындаған деп есептеледі. Мұнда қызметкерлердің вахталық ауысыммен шығу мерзімдері бұзылады және т.б.
Формальды емес түрде – залда отырғандардың кейбіреуі НКОК-қа жалға берілген қолданыстағы СКЭӘБ-нан консорциумға тасымал қызметін жүзеге асыруға тапсырыс алу идеясы біреулерге тыныштық бермей отыр деп жорамалдады. Егер осылай болса, онда базаға қызмет көрсетуші меншік иесі үшін жыл сайын жүздеген миллион теңгелік келісімшарттар туралы сөз қозғалуы мүмкін. Сол кезде теңіз суын сөзсіз отынмен ластау, ауаға тасталатын шығарындылар мен қозғалтқыштардың шуы, құстарды, итбалықтар мен уылдырық шашу жолы осы қорықтық жерлерден басталатын балықтарды жылы орнынан қуу мәселесі маңызсыз болып қалады.
«БАЛЫҚШЫЛАРДЫ ОЙСЫРАТҚЫЛАРЫҢЫЗ КЕЛЕ МЕ?»
«Глобус» экологиялық-құқықтық бастамалар орталығының жетекшісі Галина ЧЕРНОВАНЫҢ ұйымдастырушыларға қойған бірқатар сұрақтары жауапсыз қалды:
- Бұл қоршаған ортаға трансшекаралық әсер ету жобасы, ал біздің еліміз ЭСПО конвенциясын ратификациялады. Онда локалды экологиялық жүйе шекарасынан шығатын кез келген жобалар халықаралық деңгейде талқылануға тиіс деп айтылған. Әрі қарай, «Ақжайық» табиғи резерватының қорық аймағына шу әсері, шумен ластау және вибрация нормативтері әзір болмағандықтан, қандай талқылау туралы сөз етуге болады? Біз әуел бастан осы жобамен келіскен жоқпыз, тіпті СКЭӘБ жобасын жүзеге асыру заңдылығына қатысты «ТеңізСервис» компаниясымен соттастық. Сол кезде, естеріңізге салсам, 111 гектарды қорықтың буферлік аймағынан алып тастау ұйғарылды. Ал бұл бүкіл экожүйе дүниеге келетін орындар. Алайда ол жерге жұртшылықтың талаптарын бұзып, базаны орналастырды. Қазір бұл заң бұзушылықтар жалғасуда. Шу мен вибрация бойынша нормативтік база жоқ, бұл кемелердің қауіпсіздігі туралы мәселе шешілмеген, алайда кемелерді пайдалануды жүзеге асырмақшы.
Чернова сонымен қатар, Атырау тұрғындарының жанды жеріне тиді:
- «Кәсіпшілік маңыздағы балыққа ғана» әсер етеді, ал Қызыл кітапқа енген түрлеріне әсер етпейді деген сіздің мәлімдемелеріңіз не сөз?! Жағалау бойындағы поселкелер, балықшылар отбасы немен күнелтеді? Ол жерде бізде балық аулайтын тоғыз кооператив бар! Олар не аулайды, жалпы кәсіпшілік маңыздағы бұл балықтарға қатысты не болады? Сіздер осы балық аулайтын кооперативтерді ойсыратқыларыңыз келе ме? Әлеуметтік дүмпуге қол жеткізгілеріңіз келе ме? Біз құстар өсіп-өнетін бірегей өңірміз, ол Рамсар конвенциясына кіреді. Кемелер жүретін жерлерде құстар, соның ішінде қызыл кітапқа енген құстар ұя салып, түлейтін аймақ орналасқан. Сонымен қатар, бұл жерде негізгі жол дәлізі бар. Құстар бұл жерден Африкаға, Үндіқытайға, Сібірге ұшып кетеді. Егер осы экожүйеге нұқсан келсе, әлемдік қоғамдастық бұған қалай қарайды? Сіздер жасыл экономиканың жолын ұстанатындықтарыңызды ресми мәлімдеп отырсыздар. Бірақ біз бұл жобаның жасыл экономикаға қандай қатысы бар екенін көрмей отырмыз.
ОЛАР БАЗАДАН КЕТПЕЙДІ
Әуе жастығындағы кемелер үшін терминал орналастыру мәселесі ең көп талқыланған мәселе болды. Баяндамашылар олар ойлап тапқан «баламалар» туралы хабарлады – олардың авторлары терминалды базаға жалғау бойынша 4 нұсқасын ұсынды. Чернова бұл ұсыныстарды «барып тұрған манипуляция» деп атады:
- Балама басқа жолдарды білдіреді, ал сіздер бір алаңнан «хоровод» жасап, біресе ана жақтан, біресе мына жақтан орналастырамыз дейсіздер.
Чернова балама ретінде басқа орынды – НКОК-тың суасты құбырының кіру және шығу нүктесін ұсынды
Бұл ұсынысқа «KMG Systems & Services» ЖШС бас директоры Шерхан СҮГІРБЕКОВ комментарий берді:
- Біздің компанияның меншігінде тек СКЭӘБ ғана бар, осыған байланысты біз тек СКЭАБ жобасын ғана қарастыра аламыз.
Ведомостволық министрлікке және тіпті үкіметке тікелей шығу мүмкіндігі бар ұлттық компания «еншілесінің» өкілі үшін бұл өте қарапайым позиция еді. Өйткені, Қашаған жобасын басқару мәселесінде үкімет саясатының жетекшісі ҚМГ болып табылады.
Осы жағдайда ҚМГ, егер қаласа, бұл мәселені кез келген деңгейде көтере алады. Алайда нағыз баламалар тіпті қаралмағанға ұқсайды. Қарауындағы ресурстарды тездетіп пайдалану ниеті ғана тұр. Сонымен қатар, тапсырыс беруші мен оның мердігерлері өңір мен оның тұрғындары алдында үлкен жауапкершілікте екендіктерін түрлі мәнмәтінде үнемі еске салумен болды. Бұл қандай тұрғыдағы жауапкершілік екені туралы сұрақ қойылғанша, көңілге жылы әсер етумен болды.
- Жауапкершілік – бұл біздің бүкіл ақпаратты адалдықпен ұсынуға тырысқандығымыз. Біз цифрларды бұрмалаған жоқпыз, бәрін қаз-қалпында көрсеттік, - деп жауап берді ҚОӘ алдын ала бағалауды әзірлеуші «Терра» Дистанциялық зондтау және географиялық ақпараттық жүйелер орталығы» ЖШС бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары Наталья ОГАРЬ.
Сонымен қатар, қоршаған ортаға әсерді алдын ала бағалау бойынша жыл бойына пайдалануға есептелген әуе жастығындағы кемелерді (ӘЖК) пайдалану кезеңдері белгісіз болып отыр. Алайда егер қазақстандық экологиялық заңнамаға сүйенсек, жалпы Каспийде жыл бойына теңіз кемелерін пайдалануға болмайды. Өздеріңіз төрелік етіңіздер – 1 сәуірден бастап балықтардың барлық түрлері уылдырық шаша бастайды. Солтүстік Каспий акваториясы мен Жайықта 15 шілдеге дейін экологиялық кодекс бойынша кез келген қызметке тыйым салынған. Қарашадан наурызға дейін Каспийде, әсіресе, оның тайыз сулы жерлерінде мұз құрсанған кезең болады. Мұзқатқы – Солтүстік Каспийдің мұздарында қаңтардан наурызға дейінгі аралықта қыста көбейетін Каспий итбалығының күшіктері үшін міндетті жағдай. Популяция шоғырланған жерден теңіз милі (бұл 2 км-дей) қашықтығындағы кез келген қызметке тыйым салынған. 3,5 ай қалады. Бұл жағдайда мұндай жобаға инвестиция салудың мәнісі бар ма?
- ӘЖК-ні жыл бойына пайдалануға келер болсақ: егер пайдалану режимін шектеу кезеңінде пайдалануға тыйым салынса, ӘЖК бұл кезеңде пайдаланылмайды, - деді Сүгірбеков.
Бірақ ол қорық аймағындағы шу мен вибрация бойынша әсер етудің шекті рұқсат етілген деңгейінің нормативтері бүгінгі күні әзірленбегенін хабарлады. Және факт бойынша, рұқсатты экологияны бақылаушы жергілікті атқарушы органдар беретін болады.
«БҮКІЛ ТІРШІЛІКТІ ҮРКІТЕСІЗДЕР»
Жобаның басқа да тармақтары сынға алынды.
Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі аналитикалық зертхана директоры Ғалия ҮМБЕТАЛИЕВА:
- Менің фондық зерттеу бойынша сұрақтарым бар: шекті рұқсат етілген концентрация (ШРК) фенол бойынша 450 есеге, фосфор бойынша 1000 есеге асып отыр. Талдау жүргізу әдістемесі бойынша ақпарат беріңіздер. Су түбіндегі шөгінділер бойынша сұрақ: су түбіндегі шөгінділер бойынша ШРК жоқ, сонда бұл мәліметтерді сіздер қайдан алдыңыздар?
«Терра» Дистанциялық зондтау және географиялық ақпараттық жүйелер орталығы» ЖШС маманы А.Байболов фенол бойынша бірлі-жарым станцияларда жоғары концентрациялар көрсетілгенін айтты:
- Бұл фенол бойынша барлық жерде ШРК жоғары деген сөз емес. Кестеде максималды мәндер келтірілген. Факт тіркелді. Келесі кезеңдерде фондық зерттеулер жүргізген кезде біз нәтижелерді салыстыра аламыз, өйткені сол кезде қазіргі осы нүктелерден сынама алынатын болады.
«БатысЭкоҚоры» ҚБ жетекшісі Қали ӘУБЕКЕРОВ терминал құрылысына үзілді-кесілді қарсы екенін айтты:
- Сіздер ұсынған Жайық өзенінен шығатын екі маршрут та Ракушечная Шалыга аралына жақын орналасқан. Тарихи тұрғыда бұл жерде ұрпақтарын өрбітетін өте үлкен, мыңдаған құстардың мекендері бар. Олардың арасында Қызыл кітапқа енген құстар көп. Мен ҚР ЭК-нің 257-бабына («Пайдалану режимін шектеу») сәйкес, әуе жастығындағы кемелердің осы аралдарға жақын өтуіне жол берілмейді деп есептеймін.
Екіншіден, тартылған зертханалардың аккредитация туралы бүкіл қажетті куәліктері бар ма? Егер бар болса, оны қазір бізге көрсете аласыздар ма?
Сіздер өздеріңіздің фондық зерттеулеріңіз туралы айттыңыздар. Алайда, әуе жастығындағы бұл кемелердің қатты шу-дыбыс шығаратынын неге айтпай отырсыздар? Бұл кемелердің қозғалтқыштарының қандай қатты дыбыспен жұмыс жасайтынын білемін. Реактивті ұшақтардан да қатты. Оның үстіне, сіздерде үлкен жолаушылар кемелері болады. Егер бұл кемелер Қашаған мен Атырау арасына үнемі қатынайтын болса, онда бұл жерде бірде-бір құс, бірде-бір жануар, бірде-бір балық қалмайтындығына сенімдімін. Өздеріңіздің қорық аймағында отырғандарыңызды ұмытпаңыздар. Ол аз болса, сіздер «Ақжайық» табиғи резерватының аумағындасыздар. Сіздің бұл идеяларыңыз кезекті экологиялық апатқа әкеліп соғады. Сіз мұнымен біздің өлкеміздің бүкіл бірегей жануарлар әлемін жойып жіберулеріңіз мүмкін. Бұл біздің Жайық-Каспий бассейнінің өлі бассейнге айналуына әкеледі. Егер жақсы жағын қаласаңыздар, онда сіздерге жағалаудан Қашағанға дейін жол-эстакада салуды ұсынамын. Техникалық тұрғыда бұл әбден мүмкін болатын нәрсе. Бұл эстакадамен түрлі жолаушылар, жүк көліктері және арнайы техникалар жүре алады. Мұз жарғыш кемелер мен табиғатқа орасан зиян келтіретін басқа кемелердің қажеті болмайды.
«БІЗ ТЕК ТЕРМИНАЛ САЛАМЫЗ, АЛ ШУ ЖАСАЙТЫН НКОК»
Ұйымдастырушылар алынған сынамаларға талдау жүргізген бүкіл зертханалардың қажетті аккредитациясы бар екендігіне сендірді. Және қажет болған жағдайда бүкіл құжаттардың көшірмелерін ұсынуға әзір екендіктерін айтты.
- ӘЖК кәдуілгі көлік қозғалтқышын пайдаланады, шу бар, біз жоққа шығармаймыз, бірақ ондай қатты емес. Жоғарыда айтып өткенімдей, ҚОӘБ әзірлеу кезінде біз жануарлар әлеміне, құстар мен балықтарға дыбыстық әсер етуді зерттейтін боламыз.
Егер жүргізілген зерттеулерден кейін бақылаушы органдар уылдырық шашу кезеңінде ӘЖК пайдалануға тыйым салса, бұл кезеңде біз ӘЖК-ні пайдаланбайтын боламыз.
Біздің терминал салатынымызды, ал кемелерді НКОК компаниясы бөлек жұмылдыратынын, яғни, кемелердің біздікі еместігін нақтылағым келеді. ҚОӘБ материалдарында біз жануарлар әлемі мен итбалықтарды қорғау шараларын жоспарлайтын боламыз, - деп жауап берді «KMG Systems & Services» ЖШС атынан А.ҚОСПАЕВ.
Заңнама талаптарын орындау үшін ғана өткізілетін мұндай тыңдаудың формальды екені баяғыдан белгілі. Егер облыс тұрғындарының пікірлері ескерілмейтін болса, оны өткізудің не мәнісі бар? Облыстың азаматтық белсенді тобы экология мен денсаулық үшін көрінеу зиянды болса да, тұрғындардың қалауы бойынша қабылданбаған бірде-бір жобаны еске түсіре алмады.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті түсірген автор