Республикалық «Гәкку» телеарнасынан біздің қаламыздың бейресми әнұранына айналған танымал «Атырау-арман» әнінің бейнебаянының көрсетіліп жүргеніне бір айға жуықтады. Музыка авторы - композитор Болат ҚОХАМАНОВ, мәтін авторы - ақын Маржан ЕРШУ.
Бейнебаян телеэкрандарға жол тартқан бойда біздің редакциямызға қазір Астанадан тұрып жатқан және сонда жұмыс жасайтын ақын Маржан Ершудің атынан хат келіп түсті. Ол клипмейкерлер мен бейнебаянда осы әнді орындаған әншілерге қандай өкпе-назы бар болса, әннің соавторына да, яғни, композитор Болат Қохамановқа да сондай өкпе-назы бар екенін жазады.
Бейнебаян мамырдың аяғы мен маусымның басында Атырауда түсірілген болатын. Түсірілім тобы Алматыдан келді, бейнебаян режиссері Илья КУЗИРОВ, операторы Нұрсұлтан БАЗАРБАЙ (ол да Атыраудан, қазір Алматыда жұмыс істейді). Түсірілімге Бейбіт КӨШҚАЛИЕВ, «Заман» тобы - Ерген АЙТЫМБЕТОВ, Әсет ҚАРАБАЛИН, Ақмарал МАШИМОВА, Динара СҰЛТАН, Жанна ОРЫНБАСАРОВА, Бақыт ТҰРМАН секілді белгілі атыраулық әншілер, музыкант Ринат ГАЙСИН және алматылық танымал әнші Нұрлан АБДУЛЛИН шақырылған болатын.
«Атырау арман» әнінің өзі тура 20 жыл бұрын жазылған және оны Атыраудың әрбір тұрғыны біледі әрі сүйіп тыңдайды. Естеріңізге салып өтейік, 2004 жылы «Қазақтелеком» ААҚ Атырау филиалы екі («09» және «818») анықтамалық қызметтің күту режимінде ойналған осы әннің әуенін рұқсатсыз пайдаланған кезде композитор Болат Қохаманов Қазақтелекомның үстінен сотқа оның авторлық құқығының бұзылғаны үшін 50 мың минималды жалақы көлемінде немесе 330 миллион теңге өтемақы төлеу туралы талап-арыз берді. Ұзаққа созылған даулы іс 2006 жылы Атырау қалалық сотының Қохамановқа 6,6 миллион теңге төлеу туралы шешім шығаруымен аяқталды.
Енді бейнабаян телеарналардан жарық көрген кезде авторлар арасында келіспеушіліктер туындап отыр. Ақын Маржан Ершудің пікірінше, бейнебаян оның рұқсатынсыз түсірілген, ал бұл авторлық құқық туралы заңды бұзып отыр:
«Менің «Атырау арман» әнінің сөзін жазған автор ретінде айтар назым бар. Және Авторлық қоғамнан алған заңды түрде авторлық меншігімді айғақтайтын куәлігім бар. Маған түсініксіз жері, композитор Болат Қохаманов жалғыз өзі ғана бұл әнге иелік етіп жүр. Ол Қазақтелекоммен оның рұқсатынсыз әннің әуенін пайдаланды деп соттасқан кезде мен оған: «сен сотқа «до-ре-ми» деп бердің бе?» дедім. Ол: «жоқ, «Атырау-арман» деп бердім» деді. Кейін мен оған: «Ол сөз кімнің сөзі екен?» дегенімде, «сенің сөзің ғой» деген. Сонда мен оған: «Міне, түсіндің бе, енді, бұл әнге менің де құқығым сенімен бірдей. Екінші рет қадам жасағанда «өзім» деп алға шаба бермей, жақсылап ойлан» дедім. Бұл өткен оқиға.
Енді міне, тұяғымен жер тарпыған фонограммашы, біздің қалталы жұлдыздар клип түсірдік деп кеудесін ұрып отыр. Біріншіден, бұл клипті түсіруге менен рұқсат сұраған жоқ, екіншіден клипте менің аты-жөнім аталмайды, - деп жазады ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық Түркітілдес халықтар поэзия фестивалінің лауреаты Маржан ЕРШУ. - Бұл клиптің идеясы жоқ, Атыраудың келбеті көрінбей қалған. Атыраудың тыныс-тіршілігі, кескін-келбеті түгілі ойнап тұрған бір деталь жоқ. Жайықтың толқыны ойнамаған жерде елдіктің исі сезілмес. Атыраудың кең көшесінде жым-жырт тыныштық. Саусақтарын шошайтып ыржалақтаған әншілер... Клиптен әнұран емес, жай ән сияқты көрсетіп, қызылды-жасыл көйлектерін тамашалап, өз-өздерін қызықтап жүрген әншілер шеруін көресіз. Әншілер әнді жүрегімен емес, саусағымен шырқап жүр. Атыраудың келешегі қара түн бе, әлде ат төбеліндей әншілер мен олардың отбасы мен туған-туыстары ма?! Осы ма, бүгінгі Атыраудың жарқын келбеті?! Құрманғазы мен Динаның, Хиуаз бен Жұмекеннің отаны неткен сорлы еді. Клиптің бір жерінде әншілер Фариза апайдың ескерткішіне гүл шоқтарын қояды. Авторы жазылмаған клипті көрген кісіде «е, бұл әннің сөзін жазған Фариза Оңғарсынова екен ғой» деген пікір қалыптасады. Қысқасы, бұл клип Атыраудың абыройын асқақтатуға немесе қаламызды көрмеген елге таныту-таныстыру бағытында емес, әншілердің өздері мен олардың туыс-туғандарына жарнама жасау болып шыққан».
Біз ақынмен байланысқа шығып, одан хатында жазғандай, сотқа талап-арыз беретінін-бермейтінін сұрадық. Мынадай жауап алдық:
- Мен газет бетінде өз пікірімді айтқым келеді. Соттасып жүретін уақыт та, нерв те жоқ.
Ал бұған қатысты композитор Болат ҚОХАМАНОВ былай дейді:
- Сәуір айының ортасында маған әнші Нұрлан Абдуллин телефон соқты. Ол маған: «Бәке, атыраулық кәсіпкерлер өздерінің ақшаларына Атырау туралы клип түсіргісі келеді. Сіз қарсы емессіз бе?» деді. Мен ешқандай қарсылығым жоқ. Тек сен мәтін авторы Маржан Ершуға телефон соғып, одан рұқсат сұра деп, телефон нөмірін бердім. Клип түсіру үшін кәсіпкерлер ақшаны өз қалталарынан шығарды, бюджеттен бір тиын да шыққан жоқ.
Бірнеше күндерден соң Бейбіт Көшқалиев фейсбуктегі өзінің парақшасына студияда «Атырау арман» әнін жазу үстінде екенін, таяу уақытта осы әнге бейнебаян түсірілетінін жазды. Егер Бейбіттен бастасақ, ол Маржанды танымайды, әншілер ән авторы ретінде мені ғана біледі. Ал өз басым кез келген пост жазғанда да, сұхбат бергенде де Маржанды ұмытпаймын, айтып жүремін.
Кейін маған Маржан телефон соқты. Ол маған мен сендерді сотқа беремін деді. Мен оған әніміз бүкіл республикаға таралады деп айттым. Тыңдармандар клипке өздерінің жақсы деген бағасын беріп жатыр. Мүмкін Маржан мен клиптен қандайма бір табыс тапты деп ойлайтын болар. Жоқ, мен бір тиын да алған жоқпын. Мен әннің насихаты үшін клипті түсіруге рұқсат бердім. Егер оның аты аталмай қалған болса, мен әншілердің атынан одан кешірім сұраймын. Бірақ, оған мен кінәлі емеспін. Мен үнемі және әр жерде Маржан Ершудің сөзіне жазылған әнім деп айтып отырамын. Өзім кәсіпкерлерді танымаймын және клиптің идеясы менікі емес. Мен ешкімге менің ағайындарымды немесе жолдастарымды түсір едп айтқан емеспін. Сондай-ақ, мен үнемі қаланың зәулім үйлерін, өндірісін түсіріп керек емес деп есептеймін... Онсыз да бізде балық пен мұнайдың бар екенін бәрі жақсы біледі. Одан да клиптен бәрі Атырауда ақжарқын, мейірімді, жақсы адамдардың өмір сүретінін көрсін. Бұл менің жеке пікірім және ол клипті мазмұнымен сәкес келіп отыр.
Болат Қохамановтың жауабына қарағанда, Атырауда танымал әннің авторларының арасындағы даудың ушығуына енді себеп жоқ. Алайда, клипмейкерлердің жұмысы мен олардың авторлық құқық туралы түсінігіне қатысты қалай әрекет етемін десе де өз еріктерінде.
Айнұр САПАРОВА