8 қыркүйекте Атырау облысына Германия мен Швейцариядан 70-тен астам турист келді. Бұл соңғы кездері біздің өңірімізге келген көп құрамды делегацияның бірі.
Топтың басым бөлігін зейнеткерлер мен бизнесмендер құраған. Ұлы Жібек жолы елдерінің сұлулығы туралы көп естіген олар Орта Азия өңірлеріне аяқ басуды ұйғарған. Олар бізге Өзбекстаннан, Самарқанд қаласынан ұшып келіпті. Олардың көпшілігі Астанада өтетін «Экспо-2017» туралы естіген және осы көрмеден кейін Қазақстанның әлемде анағұрлым танымал ел болатындығына сенімді. Шетелдік қонақтардың келу мақсаты – біздің еліміздің тарихымен және мәдениетімен танысу болатын.
Алдымен тарихи-өлкетану музейіне бас сұқты. «Алтын адам» туралы меймандар: оның костюмы шынымен де алтыннан жасалған ба, қазу кезінде ол қандай күйде болған – отырған ба, әлде жатқан күйде табылды ма деген сұрақтар қойды. Немістер мен швейцариялықтарды қазақтардың баспанасы да – киіз үй қатты қызықтырды. Оның ішкі құрылымы туралы музей қызметкерлері толық әңгімелеп берді. Барлығы оның алдына суретке түсті.
Юрген ШТАБЕНАХ Қазақстанға алғаш келіп отыр. Сондықтан мұндай баспана оны қатты таң қалдырған, бірақ таза неміс іскерлілігімен оның қолайлы екендігін бағалады.
- Бәрі өте атқарымды, мен, тіпті, көшпелі халықтарда осындай «ақылды» баспана болған деп ойламаппын да. Киіз үйдің әр бөлігі қолайлылықтан өзге, мағыналылыққа да ие.
Нәзік жандыларды құдағи жүзік қызықтырды. Бұл қалыңдықтың анасының күйеу жігіттің анасына тарту ететін жүзігі. Бірақ барлық құдағиға бірдей мұндай дәстүрлі тарту жасалмаған. Тек келініне аналық мейірім шуағын төге білген, оны өз қызындай жақсы көрген құдағиға тартылған.
Мұндай жүзік күмістен жасалады. Жүзікте екі отбасын білдіретін екі шаңырақ, ортасында екі жастың некесін сақтап қалуды білдіретін символ бейнеленген. Қос саусаққа бірдей киілетін жүзік ортаншы және аты жоқ саусаққа киіледі. Неміс әйелдерінің әшекейге көздері тоймады. «Қайдан сатып алуға болады, кімге тапсырыс беруге болады?» - деп аудармашы гидке туристер сұрақ жаудырды.
Германиядан келген Сильвия ВАЙСХАРДЫҢ айтуынша, олар біздің еліміз туралы эмигранттардан естіген. Олар Қазақстанда өздерінің қонақжайлылықтарымен даңқы шыққан өте бейбіт тұрғындар тұратынын әңгімелепті.
Меймандар үшін қала бойынша шолу экскурсиясы ұйымдастырылды, оларды Сарайшық музей кешеніне апарды, ұлттық тағамдардан ауыз тигізді. Орта Азия елдері бойынша 14 күндік тур аясында туристер ТМД-ның басқа да республикаларына бармақшы.
Атырау облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының мәліметтері бойынша, бүгінде бізде әлемнің 50-ден астам елдері бойынша шетелдік қатысы бар 700-ден астам компания жұмыс істейді. Бұл іскерлік туризм мен мейманхана бизнесінің дамуына айтарлықтай ықпал етеді. «Ішкі туризм» бағыты бойынша келушілер саны жыл басынан бері 43 903 адамды, көшпелі туризм бойынша 17 682 адамды құраған. Спорттық-әуесқойлық туризм (аңшылық және балық аулау) Құрманғазы ауданында кең дамыған. Жайық жағалауын бойлай «Мекен», «Алтын сазан», «Баклани», «Сарайшық», «Атамұра» демалыс базалары орналасқан. Бұл жерде демалушылар атқа мініп, арқан баспалдақпен көтеріліп, скалодроммен өрлей алады. Ал облыстағы далалық кеңістіктер экстремалды туризмді дамыту үшін қолайлы. Біздің облысымыз арқылы Италиядан, Франциядан, Қытайдан, Ресейден және басқа елдерден түрлі автоэкспедициялар өтеді.
Атырауға келетін туристер ағымының ықтимал көбеюін ескере отырып, «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық аясында жергілікті гид-экскурсия жетекшілерін оқыту ұйымдастырылды. Оқыту курсы 60 академиялық сағатқа арналған, тәжірибелік және теориялық бөлімдерге бөлінген. Бірінші топта 40 адам оқи бастады, олардың қатарында туристік фирмалардың басшылары мен менеджерлер, еріктілер, музей қызметкерлері мен жұмыссыздар бар. Алайда, өкінішке орай, оқу аяғында олардан бар болғаны 10 адам қалды. Таяу және қиыр шетелден туристер келген кезде біз әңгімелескен жергілікті туроператорлар осы оқыту бағдарламасы музей және экскурсиялық салада кадрлардың қатты жетіспеу проблемасын шешуге көмектеседі деп үміттенеді. Айтпақшы, Қытай мен Ресейден келген туроператорлар үшін су экскурсиясын жүргізген гид Александра осы курстардан өткен. Облыс қонақтары мен тұрғындары үшін өлкеміздің көрнекі жерлері туралы әңгімелейтін ақпараттық http://atyrautourism.kz интернет-портал әзірленген. Ол қай жерге тоқтауға болатынын, қай жерге демалып, міндетті түрде қандай жерлерге бару керектігін әңгімелейді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА