Атырау, 2 қараша 19:41
 бұлттыВ Атырау +11
$ 488.11
€ 530.09
₽ 5.01

Жалақысы жоғары мамандықты таңдаңыз

14 715 просмотра

ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВТЫҢ айтуынша, бүгіннің ең маңызды ақшалы мамандықтары-  дәнекерлеуші, краншы, құрылысшы, сантехниктер. Бірақ біздің менталитет басқалау. Олардың ойынша, мамандық алу үшін жоғары білімді диплом болуы керек. Ал аталған мамандарды даярлайтын кәсіптік білім беру орындарының хал-ахуалы нешік? 

Осы жылдан бастап елімізде кәсіптік білім беру жүйесіне өзгеріс енгізілгелі отырғаны белгілі. Енді кәсіптік-техникалық лицейлер шетелдегідей колледж атанбақ. Бұл біріншіден, халықтың арасындағы кәсіптік білім беретін лицейлерге, яғни бұрынғы училищелерге деген пікірін өзгертіп, оқу орындарына бедел алып беру болса, екіншіден, сол колледжде жақсы оқыған студент әрі қарай білімін жетілдіріп, оқуын жоғары оқу орындарында жалғастыра алады.

“БІЗДІ ТӨМЕНДЕУ КӨРЕДІ”

- Қазір жастардың көбі кәсіптік лицейден гөрі, бірден колледжге, институтқа, университетке оқуға түсуді қалайды. Колледжге қанша жерден барғысы келсе де, әлеуметтік жағдайы көтермейтін отбасылар бар. Соған қарамастан, ата-ана банктен несие алып, қайткенде баласын ақылы оқу бөліміне түсіреді. Себебі, жастар бізге келуге намыстанады. Біз бір төмен деңгейдегі оқу орындары секілдіміз. Ал шындығына келгенде, нағыз нанды тапқызатын біз даярлап шығаратын мамандықтар. Себебі, жұмысшы мамандығын алғаннан кейін, әрі қа-рай тәжірибе жинап, біліктілігін арттыра түссе, жұмыс жетеді, - дейді №2 кәсіптік лицей директоры Халидолла ТАЙПАНОВ (суретте).

Директордың айтуынша, Атырау облысына қазіргі таңда тұрбамонтаждаушы, сантехник, кран машинисі, бетоншы, арматурашы, строптаушы және дәнекерлеуші мамандықтары қажет. Жергілікті шетелдік және отандық компаниялардан да осы мамандықтарға талап бар екен. Осыған сәйкес, алдағы уақытта аталмыш кәсіптік лицейде кран машинисі, строптаушы, сантехник мамандықтарына оқыту көзделіп отыр. Кран машинисіне даярлау үшін Челябинск қаласынан арнайы кран да сатып алынған. Жалпы, біз жолыққан №2 кәсіптік лицей мен №6 кәсіптік лицейдің басшылары ішкі материалдық-техникалық базалары бұрынғы жылдарға қарағанда айтарлықтай толыққандығын айтады. «Мәселен, «Аджип», «ТШО» секілді ірі мұнай компанияларында тұрған дәнекерлеу құрал-жабдықтары бізде де тұр» деген олар сөздері дәлелді болуы үшін бізді оқу-өндірістік цехтарымен таныстырып, компьютерлендірілген оқу кабинеттерін аралатты. Біз барғанда №2 кәсіптік лицейдің оқу өндірісі шеберлері қызу жұмыс үстінде еді. Олар ағаштан бесіктер жасап, темірден тұрба және балабақшаларға арналған күркелер дайындап жатты.

 

ЕҢ ҚАЖЕТТІ МАМАНДЫҚТАР

Ал №6 кәсіптік лицейде пластик терезелер дайындалып, оқушыларға электрмонтаждау, дәнекерлеу салаларынан оқу-өндірістік тәжірибе сабақтары өтіп жатқан болатын.

Кәсіптік лицейдің ішін аралау кезінде ұстаздар кәсіптік лицейлерге мектепте оқу үлгерімі төмен, тәртібі нашар, отбасылық жағдайы онша емес балалардың келетінін әңгімелеген болатын. Десек те, олардың арасында саналы түрде оқуға түскен, өз алдына мақсат қойып, кәсіпті меңгеру жолында жетістіктерге жетуге тырысып жатқандар да кездеседі. Бүгінде бұрынғыдай емес, кәсіптік лицейлерге көп жыл бойы ірі компанияларда жұмыс істеген білікті де тәжірибелі мамандар тартылуда. «Өз саласын практикалық тұрғыда терең меңгерген мамандардың білімімен жастар да асыға сусындап, бір нәрсе үйренсем екен деген талап-тілектері артқанын байқап отырмыз», - дейді Х.Тайпанов. Ал осы №2 кәсіптік лицейдің тұрбамонтаждау жұмысының шебері Мағзом ДІЛМАҒАМБЕТОВ (суретте) оқушы жастардың тәжірибе жинақтаудан бұрын бірден жалақысы жоғары жұмысқа орналасуды армандайтынын түсінбейді. «Оң-түстік өңірлерден келген жастар олардың орнын басып алады. Біздің жастар өздері игеріп жатқан кәсіптің қадірін біле бермейді», -  дейді ол.

№6 кәсіптік лицейдің оқушысы, 17 жастағы Алексей 9-сыныптан соң дәнекерлеуші боламын деп шешкен.

– Мен дәнекерлеушілердің 150 мың теңгеден жоғары табыс табатынын естідім. Онда да қай жерде жұмыс істейтініңе және нешінші разряд алғаныңа байланысты. Өзім шетелдік компаниялардың біріне жұмысқа тұрсам деймін. Дәнекерлеушілердің алатын ақшасы көп болғанымен, жұмысы денсаулыққа зиян екендігін де білемін. Оның алдын алу үшін де қауіпсіздік техникасын ұмытпауға тиіспіз, - деп ой бөлісті Алексей.

Аталмыш кәсіптік лицейдің дәнекерлеу жұмыстарының шебері Виктор БОНДАРЕНКО (жоғарыдағы суретте) дәнекерлеуші мен тұрбамонтаждаушылар ең ауыр әрі жалақысы жоғары жұмыс екендігін айта келе, бұл мамандықтар әсіресе, Қашаған кенішінде сұранысқа бай екендігін атап өтті. Оған қоса, дәнекерлеу жұмыстары қазіргі кездегі талаптарға сәйкес, күрделеніп бара жатыр деп отыр. Мамандардың айтуынша, бүгінде дәнекерлеушінің жалақысы - 150 мың теңгеден 800 мың теңгеге дейін барады.   

№6 кәсіптік лицей директоры Нұрғали ТЕМІРТАШЕВболса, оқушыларды жұмысқа орналастыру мәселесі соңғы екі жылда оңтайлы шешіліп отырғанын айтып отыр. Оның сөзіне сүйенсек, әлеуметтік серік-тестік мекемелерінде өндірістік тәжірибеден өткен жастың жұмысына риза болған басшылар оларды жұмысқа да шақырып жатыр.

- Қазір біз әлеуметтік серіктестеріміздің бірі - «Жайық лифт» ЖШС-мен келісім-шартқа отырдық. Таяу арада біздің кәсіптік лицейде лифт шаруашылығын монтаждаушы мамандығы ашылмақ. Қалада көпқабатты тұрғын үйлердің салынуына байланысты осы мамандықтарға деген сұраныс артты. Монтаждаушылар мен дәнекерлеушілерден бөлек, сантехниктерге де сұраныс басым. Сантехниктерге де қазір көзқарас жақсарды. Олар бұрынғыдай далада арақ ішіп, аз ақша алады деген пікір дұрыс емес. Оның үстіне, қазір сантехникалық өнімдер жаңарды. Баяғы ваннадай емес, қазір көп моторлы ванналар, жакузилер пайда болды. Душтар да қарапайым емес, онда қазір радио да, телефон да орнатылған. Сол себепті бүкіл механизм жаңарып, қазір сантехниктерге деген талаптар да өзгерген, - дейді Н.Темірташев.

Ал №6 кәсіптік лицейдің аға шебері Ерболат ЖҰМАҒАЗИЕВ еңбек нарығындағы ең қажетті мамандықтар ішінде құрылысшылардың беделі төмен түсіп кеткеніне қынжылады.

- Соңғы жылдары құрылысшы мамандығына оқығысы келетіндердің саны азайып кетті. Ал шындығына келгенде, құрылысшы жақсы табыс таба алады, - дейді ол. - Мәселен, 1 шаршы метрге сылақ жасау жұмысы 300-500 теңге болса, 20 шаршы метрді сылағаны үшін құрылысшы 10 000 теңге табады.

Ал ағаш есікті құр қондырудың өзі - 3000-8000 теңге тұрады. 1 шаршы метрді кафель төсеу – 600 теңгеге шығады. Іргетасы құйылып тұрған орташа мансард үйдің құр тасын қалап беру бағасы – 1,5 млн теңге. Бұл бағаға төбесін жабу, сылақ жасау жұмысы кірмейді. Өзбектер болса, тасын қалау үшін үш есе төмен бағаны - 500 мың теңге сұрайды. Сондықтан, құрылысшы болам деген жастардың қызығушылығы жоқ. Қазір құрылыс шеберлері хабарландыру беру арқылы күніне төрт есік қондырса да, күнделікті табыс көзін көріп отыр.

Е.Жұмағазиев №6 кәсіптік лицейде 20 жылдың үстінде жұмыс істеп келеді. Оның негізгі мамандығы құрылысшы. Сондықтан, бұл мамандық үшін алаңдауы бекер емес. Алайда, мәселе санда емес, сапада болуы тиіс. Сондықтан, еңбек нарығында бәсекеге түскен мамандар жұмыстарының жемісі түбі бәрін өз орнына қояды деп сенеміз.

АМЕРИКАЛЫҚТАР ДА БІЗДЕН ҮЙРЕНІП ЖАТЫР

Жуырда АҚШ елінен келген ұстаздар тобы  осы  №6 кәсіптік лицеймен танысып қайтты. Американдық қонақтар - Халықаралық білім жөніндегі американдық елші, аумақтық директор Леонард ДЖЕССИКА, американдық кеңестің және маркетингтің вице-президенті Кирстан БРЕЧАТ, халықаралық бағдарламаның желілік директоры, Техас штатындағы Lone Star колледжінің директоры Нити СЕВАНТИНАТАН кәсіптік лицейдің оқу шеберханасы мен кабинеттерін аралады. Олар үшін біздің  кәсіптік лицейлер тәжірибесі қызық әрі маңызды.

Алдағы уақытта Техас штатында лицейдің арнайы тәртіп пәнінің оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлерінің сынақ мерзімінен өтуіне, лицей оқушыларының сол елде оқуға мүмкіндік алуына қатысты екі жақты келісімге келмек.

Өткен оқу жылы «Кәсіптік-техникалық білім беру және білікті жұмысшы кадрларды даярлауды жүзеге асыру жүйесі» атты мемлекеттік бағдарлама шеңберінде бірқатар жергілікті орта арнаулы оқу орындарының басшылары тәжірибе алмасу үшін АҚШ еліне барып қайтқан болатын. АҚШ пен Қазақстан арасындағы кәсіптік білім беру жүйесі бойынша тәжірибе алмасу жұмыстары әлі де жалғаспақ.

Айнұр САПАРОВА

Суреттерді түсірген автор

12 қаңтар 2012, 15:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.