Атырау, 24 қараша 10:39
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Маршрут үшін төленетін ақы қалай белгіленеді?

4 674 просмотра

Жақында редакциямызға бүкіл қаланың маршруттарының кассирлері мен көлік жүргізушілері атынан келіп тұрмын деп Гуля Сұлтанғалиева есімді әйел келді. Ол қаладағы жолаушылар көлігінде кассир болып жұмыс істейді екен.

- Маршрутты ұтып алу үшін бес жылға тендер ойналады. Тендерден маршрут (жолаушыларды тасымалдауға құқық алғандар-А.А.) ұтып алғандардың әрбіреуі әртүрлі талаптарын қояды. Біріншіден, маршрутқа жаңадан жұмысқа кірген адамнан 10-20 мың теңгеден ақша алады. Екіншіден, күніге маршрут иесіне жолдан түскен ақшаның бір мөлшерін төлейміз. Ол ақшаның өзі әр маршрутта әр түрлі шығады. Біреулері айына 20-25 мың теңгеден алса, енді біреулері күн сайын 2500-3500 теңгеге дейін алады. Күн сайын алғанда есептесеңіз, айына 20 күн жұмыс істеген адам 2500 теңгеден төлесе, 50 мың, 3500 теңгеден төлесе, 70 мың теңге төлейді екен. Енді білейін дегенім, маршруттың иесіне төлейтін ақшамыздың заң бойынша проценті бар ма, әлде не сұраса, соны беруіміз керек пе? – дейді Гуля.  

Сондай-ақ, ол күніне 60-70 литр бензин толтыру үшін 5000 теңге жұмсалатынын айта келе, одан бөлек, диспетчерге күніне 300 теңге, қақпаға тұрғаны үшін 300 теңге төлейтінін жеткізді.

Біз бұл жөнінде №59 маршруттың соңғы аялдамасы - теміржол вокзалының алдына келіп, автобус жүргізушілерімен, кассирлермен сөйлесе келе Гуля есімді кассирді ешкім танымайтынын білдік. Бірақ мәселе онда емес. Өйткені, бүркеншік атпен келген әйелді де түсінуге болар. Жұмысынан айырылып қалмауы керек деген сияқты

Бірақ жел соқпаса шөптің қимылдамайтыны рас. Мәселен,  №54 маршруттың жүргізушілерінің бірі күніне 1500 теңге төлейтінін және одан бөлек ай сайын 12 мың теңге төлейтінін жеткізді. Дәл осы әңгімені  №59 маршруттың аға диспетчері мен №54 маршруттың диспетчері Ақжан ШАРИМОВА  да растады.Оның айтуынша бұл ақша

диспетчер, медбике, бригадирі бар әрқайсысына күнделікті төленеді.

-«Өзіңіз білесіз, екі диспетчер маршруттың екі ақырғы аялдамасында тұрады.  Мен күніне 300 теңге алу үшін жұмысқа таңғы сағат 6-да шығамын. Диспетчер болып жұмыс істегеніме 10 жыл болды. Біздің үстімізден не айтылмайды десеңізші. Қараптан-қарап балағаттап кететін кассирлер де бар. Оларға біз не дейміз? Біз жолдың уақытын реттеп қана қоймай, оларға талап та қоямыз. Арнайы форма кисін, балаларды қалдырып кетпесін деп айтып жатамыз. Сол ақыл айтқанымыз жақпай жатады.

Аталған маршруттардың иесі «Әнуарбек-Транс» ЖШС-нің директоры Тарғын ЕСЕНИЯЗОВ (суретте) жұмысқа кірген кассирлерден ұсталатын ақшаның киімге, сертификатқа, тағы да басқа өздеріне кететін шығындарға жұмсалатынын айтып, күнде төленетін жолақыдан жиналған пайыз мөлшері маршруттың кісі жинауы мен тасымалдау жолының жағдайын ескеріп қойылатынын түсіндірді. Және төленген ақшаның бәрі де заңды түрде чекпен соғылатынын көрсетті.

Жалпы, қаламызда жолаушыларды тасымалдайтын сегіз мекеме болса, соның ішіндегі ең ірі мекеме саналатыны – «БатысТранспорт-СИМ» ЖШС екені белгілі. «БатысТранспорт-СИМ» ЖШС-нің өкілі Құрмет БАЗАРБАЕВ олардың маршрутындағы кассирлер мен көлік жүргізушілері ештеңе төлемейді деп отыр. Бұлардан басқа жолаушыларды тасымалдау мекемелеріндегі кассирлер мен көлік жүргізушілері күн сайын жұмыс берушісіне 1500-2500 теңгеден төлейтінін растады. 

Біз қарапайым арифметикаға жүгіндік. Егер жүргізушілер мен кассирлердің айтқаны рас болса олар әр ай сайын жалпы сомасы 57-75 мыңға жуық ақшаны жұмыс берушіге төлейді. Сонда олар үйіне не апарады, әлде кісі тасымалы шынымен пайдалы табыс көзі ме?

Ал қалалық көлік, энергетика және байланыс секторының меңгерушісі Қуаныш ИБРАГИМОВТЫҢ айтуынша, олар шағын және орта бизнес иелері саналатын мекемелердің қаржы жағына еш кірісе алмайды.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Суретті түсірген автор

13 қаңтар 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.