Индерлік егіншілер суға төленетін субсидияға қол жеткізе алмай отыр.
Аудан бойынша 15 егінші бау-бақша еккен еді. Өткен жылы дала диқандары суға төлем төлеудің қиындығына тап болып, оны да жеңіп шыққандай болған. Үкіметтің қолдауымен суға жұмсалған шығынның 80 пайызы бюджеттен өтелсе, ал 20 пайызын егінші өз қалтасынан төлеуі тиіс болатын. Бұрын бюджеттен шығатын қаржы сумен қамтушы «Атыраусушар» РМК-нің есепшотына тікелей түсетін. Өткен жылы бүйректен сирақ шығарғандар сол бюджеттен шығатын қаржы егіншінің есепшотына түсіп, ол сушарға кейін аударылатын ережені ойлап тапты.
- Шындығында бұл қыруар жүрісті талап ететін болып шықты. Оның үстіне ережеге сай суға жұмсалған шығынның елу пайызын егінші ай сайын төлемесе онда бюджеттен шығатын қаржы аударылмайды, - деп қорқытты. Біз ол талапты қиналсақ та орындадық. Енді үкіметке кеткен отыз пайыз ақшамызды қайтара алмай сорлап отырмыз,-дейді егіншілер.
«Атыраусушар» мекемесіндегілер болса күнде ертеңмен шығарып салудан танбай келеді. Егіншілер болса сабылып, сарыла үміт күтуде.
-Бұл жерде біздің еш кінәміз жоқ. Егіншілерге де қиын болды. Сексен пайыз қаржы облыстық бюджеттен шығуы тиіс. Құзырлы орындар қаржы ертең, бүгін түседі деп осы күнге дейін жеткізді. Шындығында өтірікші біз сияқтымыз. Енді жоғарыдағылар аудан әкіміне өздерің кіріп, жағдайды шешіңдер деп жатыр. Сондықтан субсидия күні ертең қолда болады деп айта алмаймын. Ауданда егінге бет бұрушылар онсыз да көп емес еді. Ал мынадан кейін ынталанушылар күрт азайып кете ме деп отырмыз,-дейді «Атыраусушар» РМК-нің Индер ауданындағы филиалының гидротехнигі Лена МАСАЛИМОВА.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА