Атырау, 23 қараша 23:25
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жетім жатақхананы жарылқар жан бар ма?

2 950 просмотра

Түрлері қаңғыбасқа келің-кірейтін екі жігіт орталарындағы бір шөлмек арақтарын сарқып ішіп, бір-бірімен қатты дауыстап әңгімелесіп отыр.

- Не болды, бітіп қалғаны ма?

- Иә, бәлкім жалғастырармыз?...

Мұндай көріністерді Молдағалиев көшесіндегі №28-ші үйдің лас подъездерінен жиі көруге болады. Бұл жерлерге айналадағы маскүнемдер қожайын. Бұл жатақхана. Есіктен кіргеннен, сіз есіктер қаптаған қараңғы ұзын бір дәлізге тап боласыз. Сол есіктердің бірінде өз балаларымен бірге Назымгүл ҚОБЫЛАНОВА (суретте) тұрады. Мен есіктің алдында қараңғыға көзім үйренбей біраз тұрып қалдым. Үйдегілердің бар-жоғына сенімді болу үшін алдымен үй иесінің ұялы телефонына қоңырау шалдым. Ол сенімсіздеу кейіппен есігін жәйлап ашты. Табалдырықтан аттамастан-ақ, сыздың иісі қолқаны алып кетті. Бар-жоғы 15 шаршы метр болатын кішкене бөлменің электр шамы ілінген төбе тұсынан кеткен су еденге қойылған шылапшынға тамып тұр. 

- Төбеден ылғи су кетеді,- деп түсіндірді Назымгүл. 

Оның төрт баласы бар, тұңғышы Айсұлу 13 жаста, ал кенжесі Назардың жасы 4-те. Назымгүлдің өзі өкпесі ауратын балаларға арналған балабақшада тәрбиеші болып жұмыс жасайды. Жалақысы – 27 мың теңге. Жұмыс күні таңертеңгі сағат сегізден кешкі 8-ге дейін. Күйеуі қайтыс болғаннан кейін ерте есейіп кеткен балалар үйдегі тірліктің барлығын өздері атқарады, кішкене қарындастарын балабақшадан өздері әкеледі.

- Соңғы кездері жұмыста жүріп үйдегі балаларыма қатты алаңдайтын болдым, токқа тартылып қала ма деп қорқамын, айналаның бәрі су, -дейді Назымгүл. 

Қобылановтар отбасы мүл-дем баспанасыз қалған кезде «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалындағылардың қолдауымен осы жатақханадан алға қарай пәтер алуға көмектесеміз деген уәдемен бір бөлме берілген екен. «Бөлме берілген соң мен балаларымды интернаттан шығарып алдым. Мен оларды баспанасыз қалған кезде орналастырған едім. Бұл жерге орналасқанымызда ол есік пен терезеден жұрдай еді. Несие алып, есік, терезе қондырып, жеңіл-желпі жөндеу жүргіздім. Одан артыққа менің мүмкіндігім келмеді».

Н.Қобыланованың пәтері осы ғимараттағы көпшілік тұрғындар секілді тұрғын үй-шаруашылық бөлімінің балансында. Соған қарамастан, шатырды жөндеу және басқа да жалпы үйге қатысты проблемаларды шешуді тұрғындардың өз мойындарына жүктеп қойған. Алайда, оны мекендеушілердің басым бөлігі пәтер жалдаушылар болғандықтан, оларға бәрібір. 

- Бір кездері бұл жерде пәтер иелері кооперативтері құрылмаған болатын және бұл үй иесіз қалған үйлер тізіміне енгізілді. Бірақ, біз қазір бұл жерде ПИК құруға дайындалып жатырмыз,-дейді қалалық тұрғын үй-шаруашылық бөлімінің бастығы Жұмабай ҚАРАҒАЕВ. Жалпы бұл жерде шын мәнінде де «пәтер иелері кооперативі» жоқ. Молдағалиев көшесі, 28 үй мекен-жайындағы жатақхана 1988 жылы «Гурьевмұнайхимияқұрылыс» тресінің қызметкерлері үшін тұрғын үй ретінде салынған еді. Өз кезінде бұл мекеме облыс орталығындағы негізгі құрылысты жүргізуші мекеме болды. Онда өз істерінің хас шеберлері еңбек етті. Олардың қатарында Айжан ОМАРОВА секілді сылақшы мамандар болды. Ол сол жатақханада сонау 88-ші жылдан бері тұрады.

- Сол кездерде егер сенің отбасың, балаларың болса, алдымен жатақхана ұсынатын, кейін пәтердің кезегіне қоятын. Біз күйеуіміз екеуміз сол кезде отау құрып, осы жатақханадан бөлме алдық,-деп әңгімелейді А.Омарова. – Бұл жатақханада Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген шеберлер, монтаждаушылар, прорабтар мекен етті. Әрине, біз жатақхананы уақытша тұратын тұрағымыз деп есептедік, өйткені, сол кезде құрылысшылар  мемлекеттен пәтерді басқа мамандық иелеріне қарағанда барынша тез алып жататын еді. Бірақ, артынша елімізде не болғанын білесіздер, тұрғын үй кезегі быт-шыт болды, ал, ақша жинап пәтер сатып алуға мүмкіндігіміз болмады. Осылайша жатақханада қала бердік. Қазір мұндағы пәтерлердің нағыз иелері саусақпен санарлық. Қалғандарының барлығы пәтер жалдаушылар. Жатақхананың халі мүшкіл. Жертөлелер суға толы. Өткен жылы дәліздегі электр қалқаны өртеніп, абырой болғанда ешкім жапа шеге қоймады.

Тұрғындардың қала әкімі Мереке ЕСМҰРАТОВҚАжатақхананы күрделі жөндеуден өткізуге қатысты жолданған хатына жауап келді. Онда «үйдің сыртқы бөлігі, шатыры, төбесі, балконы, подъездері, жертөле, жалпы инженерлік жарақталуы кондоминиум болып табылады, сондықтан да тұрғындар оны өз күштерімен жөндеп алуға тиісті» делінген.

Алайда, бұл хатты тұрғындардың бірі түсінсе, бірі түсінген жоқ. Өйткені, жатақхананың тұрғындары үшін «кондоминиум» деген беймәлім ұғымның еш маңызы жоқ еді. 

P.S.Бет қатталып жатқанда редакцияға Н.Қобыланова тағы қоңырау шалды. Ол  төменгі қабаттардағы  бөлмелеріне канализация суы кетіп жатқан көршілерінің  пәтер қожайыны ретінде өзін кінәлап отырғанын жеткізді. «Олар мені сотқа бермек. Бәлкім  канализация тұрбаларының бірі жарылған болар. Оған мен не істей аламын?» деп шарасызданды ол.

Сәния ТОЙКЕН

Суретті түсірген автор

11 қаңтар 2012, 19:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.