Республикалық статистика агенттігі 2011 жылы азық-түлік тауарлары 9,1 пайызға қымбаттағанын жария етті. Өз қорытындыларын шығару үшін статистика күрделі есептеу жүйесін пайдаланатыны белгілі. Ал біз әр апта сайын жаңартылып отыратын өзіміздің баға кестесінің (жоғарыда) негізінде бүкіл жыл бойына тауарлар бағасының қалай өзгергенін бақылай аламыз.
Өткен жыл картоп пен пияз құнының қарқынды өсуімен басталды. «Идеалдағы» (Сарыарқа м/а) «екінші нанның» бағасы 145 теңге, ал «Динада» 150 теңге, «Атабада» (Авангард, 3 м/а) 157 теңге болды. Пияз бағасы да одан қалыспады. Жылдың екінші аптасында ол әжептәуір (60 теңгеге дерлік) қымбаттап, келісі 172 теңгеге жетті. Келесі аптада картоп бағасы тағы 10-30 теңгеге өсті. Содан кейін аздап төмендеп, 100-140 теңге айналасында болды. Көптен күткен жаз маусымы да жеңілдік әкелмеді. Шамасы, біздің аймақтағы көкөніс бағасы тек маусымға байланысты емес, жеткізу көлеміне де байланысты секілді. Өйткені маусым айының басында картоп бағасы тағы да өсіп, 140-150 теңгеге, ал екі аптадан кейін 150-175 теңгеге жетті. Баға тек тамыз айында ғана төмендеді. Әуелі ол 87-90 теңге аралығында болып, күзге қарай 80-89 теңгеге дейін, содан соң 57-69 теңгеге түсіп кетті. Жаңа жыл алдында оливье салатын жасау үшін картоптың келісін 57-80 теңгеге сатып алдық.
Қыркүйектің аяғынан бастап негізгі азық-түліктер тізіміне тауықтың сан еті де кірді. Олардың құны үнемі 390-450 теңге шамасында өзгеріп, жаңа жылдық дастархан үшін 400-460 теңге бағамен сатылды.
Сүйекті сиыр еті (төс еті) келісі 900-980 теңгеден бастап, біртіндеп 100-200 теңгеден қосылып, жылдың 8-ші аптасында (21 ақпанда) 1200-1500 теңге болды. Содан кейін бірнеше апта қатарынан өнім бағасы шамамен осы деңгейде қалып, базар мен супермаркеттердегі бағалар біресе 100-200 теңге айырмашылыққа, біресе бірдей бағаға ие болды. Жаз басталғанда ет бағасы 1000-1300 теңгеге дейін арзандады. Ал күзге қарай келісі 950-1200 теңгеге жетті. Жыл аяғына дейін осы мөлшерде тұрақталып тұрды.
Бір кездері балықшылар қаласы болған өлкеміз енді балықтың алуан түрімен мақтана алмайды. Көксерке мен қаракөз жеңсік тағамдар қатарына баяғыда-ақ енген. Көксеркенің бір келісі еттен қымбат, ал бұрын әрбір үйдің балконында әшекей боп ілініп тұратын қақталған қаракөздің бір данасы 450 теңге тұрады. Сондықтан біздің тізімде салыстырмалы түрде қымбат тұрмайтын сазан ғана бар. «Атаба» супермаркетіндегі азық-түліктер тізімінде өткен жылы сазан болған жоқ, «Дина» базарында оның келісі 250-260 теңге бағаны тұрақты ұстап тұрды. Ал «Идеал» супермаркетінде құны 200-ден 650 теңгеге дейін және кері қарай 390 теңгеге дейін үнемі өзгеріп отырды. Өткен жылдың соңғы аптасындағы балық бағасы 390 теңге болды.
Жұмыртқаның бағасы маусым мен мереке күндеріне байланысты үнемі өзгеріп отырды. Жыл басында он жұмыртқа 180-200 теңге, көктемде 220-240 теңге тұрса, жаздың аптап ыстығында бағасы 110-120 теңгеге дейін құлдырап, тамыз айынан бастап көтеріліп, өзінің бастапқы бағасына келді. Дегенмен де төменгі құн шегі 10 теңгеге өсіп, 190-200 теңге құрады.
Сары май (спред) бағасы жыл ішінде келісі 350-359 теңгеден 400-435 теңгеге дейін өсті. Сүт бағасы қуантты. Майлылығы 3,2 пайыз болатын «Айналайын» қорабы жыл бойына 200 теңге мөлшерінде (плюс-минус 10 теңге) қалды. Ал «Ассам» шайының (250 гр) бағасы тек «Дина» базарында ғана тұрақты (320 теңге) болды. Ал «Идеал» супермаркетінде ол жыл ішінде 338 теңгеден 350 теңгеге дейін, «Атабада» 300-ден 335 теңгеге дейін өсті.
Макарон бағалары да бұрынғы бағамен салыстырғанда әжептәуір қымбаттады. Жыл басында 400 граммдық «Сұлтан» макаронының қорабын 75-81 теңгеге сатып алуға болатын еді. Бағасы мың құбылған макарон жыл аяғында 86-91 теңгеге жетті. Осылайша, жыл ішінде макарондар 9-10 теңгеге қымбаттады. Ұсақ-түйек сияқты көрінгенмен, жағымсыз екені рас.
Тіпті қандай да болмасын тауардың, мәселен, картоптың бағасы түскенімен, біз бәрібір ұтыламыз. Қарапайым тұтынушылар өз болжамдары болмаса, статистика басқармасы секілді тауарлар құнының өсуін дәлме-дәл цифрмен белгілей алмайды. Тек білетініміз егер бұрын азық-түлік дүкеніне бір рет барғанда бес мың теңге жұмсасақ, енді 10 мың теңгенің қалай жоқ болғанын білмей дал боп отырғаның.
Зульфия ИСКАЛИЕВА