Облыстық әкімдік кеңесінде «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Сағын ЛҰҚПАНОВТЫҢ есебі тыңдалды.
«Атырау ӘКК» 2010 жылдың сәуір айында «Каспий ӘКК» құрамынан бөлініп шығу арқылы құрылған. Бір жылдан кейін корпорация өз акцияларын шығарғаннан кейін Атырау және Маңғыстау облыстарының әкімдіктері бағалы қағаздарға алмастырулар жүргізді. Сөйтіп, біздің облыс әкімдігі «Атырау ӘКК» АҚ-ның жеке акционеріне айналды.
Өткен жазда облыстық әкімдік ӘКК акциясының қосымша эмиссиясы туралы шешім қабылдады. Акция мөлшері 120 пайызға дейін көбейіп, 6,3 млн данаға жетті. С. Лұқпановтың айтуынша, өткен жыл ішіндегі корпорация табысы бар болғаны 6,6 млн теңгені құрады.
Өткен жылы корпорация облыс пен елден тысқары жерлерден төменгі баға бойынша азық-түліктер сатып алумен танылды. Онымен оның бөлімшесі – Асқар БИСЕНОВ басқаратын «Атырауагросервис» ЖШС айналысады. Осы компанияның көмегімен бір жыл ішінде «Атырау ӘКК» облысқа 162,7 млн теңге сомасында 762 тонна арзан азық-түліктер сатып алып жеткізді. Өткен жылдың қазанында тұрақтандыру қорын құру үшін ӘКК «Продкорпорация» АҚ-мен келісім жасап, жылдық 3 пайыз мөлшерлемемен 229,1 млн теңгеге қарыз алған.
Бағаны тұрақтандыру жөніндегі комиссия шешімімен осы ақшаларға 3,6 мың тонна азық-түліктер мен көкөністер сатып алу жоспарланыпты. Оның бүгінде 150 млн теңгеге 3 мың 83 тоннасы сатып алынған. Бұлар: картоп – 1,5 мың тонна, пияз – 818 тонна, сәбіз – 496 тонна, орамжапырақ – 200 тонна, қызылша – 10 тонна, қарақұмық жармасы – 30 тонна, сары май – 22 тонна, бидай жармасы – 10 тонна. Комиссия шешімімен тұрақтандыру қоры 2011 жылдың 23 желтоқсанынан бастап ашылып, азық-түліктер қаланың сауда нүктелерінде сатыла бастады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Сурет "АЖ" мұрағатынан алынды