Атырау, 23 қараша 18:49
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Итальяндық колонияға кетпей, изоляторда қалды

2 611 просмотра

Есірткі заттарын тасымалдағаны үшін қатаң режимде алты жылға сотталған Аджип ККО менеджері Флавио СИДАНИ ақыры Атырауда қалып қойды. Ол белгісіз себептермен қатаң режимдегі колонияда емес, Химпоселкедегі -УГ157/1 тергеу изоляторында отыр. Оған шығарылған сот шешімі де әсер еткен жоқ.

Естеріңізге салсақ, Аджип ККО-ның қаржылық бақылау жөніндегі менеджері, 56 жастағы итальяндық Флавио Сидани 2010 жылдың 14 қыркүйегінде Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен ҚР Қылмыстық Кодексінің 259-бабы, 3-тармағының «б» және «в» тармақшалары (әлденеше рет көп мөлшерде есірткі заттарын заңсыз сақтау) бойынша алты жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарылды. Шетелдік компанияның жоғары шенді менеджерін Атырау облыстық ҰҚКД қызметкерлері 2010 жылдың сәуірінде ол тұрақты тұрып жатқан «Ривер Палас» қонақ үйінде ұстаған. Жедел тергеу шараларын жүргізу барысында оның апартаментінен ірі мөлшерде – 112,73 гр гашиш пен 57,53 гр канабис шайырын тапқан. Тергеу барысында Сидани есірткіні жеке өзі пайдалану үшін әкелгенін мәлімдеген еді. Флавио әлсін-әлі мейманхана нөмі-рінде жезөкшелердің қатысуымен интим-шоу өткізіп, болып жатқан көріністерді бейнетаспаға түсіргенді ұнататыны анықталды. «Процесс» кезінде ол тарту үшін есірткі дайындап, оны қыздармен бірге пайдаланған.

ИТАЛЬЯНДЫҚГАЗЕТТЕР НЕ ТУРАЛЫ ЖАЗДЫ?

Интернетті  кезіп жүріп, Атырау сотының шешімінен кейін итальяндық газеттердің шалғай Қазақстандағы отандастарының тағдырын елеусіз қалдырмағанын анықтадым. Мәселен, елдегі «La Repubblica» жетекші газеті сол кезде Сиданидің өзінің немерелес қарындасы Симона Кутиге ұялы телефонға смс арқылы газетке жіберген хатын жариялапты. Онда былай деп жазыпты: «Менің аты-жөнім Флавио Сидани, мен Eni компаниясында 30 жыл жұмыс жасадым. Соңғы 10 жыл ішінде Қазақстанда қаржы департаментінің менеджері ретінде жұмыс істеп, 2 концернді – КПО мен Аджип ККО-ға бақылау жасадым. 2010 жылдың 20 сәуірінде қазақстандық полиция менің пәтеріме тінту жүргізіп, жеке өзім пайдалану үшін сақтап жүрген болмашы есірткіні тауып алды. Сол кезде есірткіні менің үйімде достарыммен бірге шегіп отырғанбыз. Есік қоңырауы басылған кезде кім екенін қарамай, есікті бірден ашып жібердім. Тінту жүргізуге жол бермес едім, менің оған құқығым бар болатын. Бірақ бұл туралы тек ұстағаннан кейін ғана хабардар етті. Бірнеше уақыттан кейін мені аса қатаң режимдегі колонияға ауыстырады, мен одан тірі шықпаймын. Мен бұл жердегі жалғыз шетелдік болғандықтан, олар үшін құдды алтын жұмыртқа басып шығаратын тауық секілдімін. Бұл жерде кез-келген заттың өз бағасы бар. Мені Семейге ауыстырған кезде, мен ендігі еліме өзім туралы хабар жеткізе алмаймын. Иә, мен қателестім, бірақ мен есірткі сатушы емеспін. Мен енді қорқамын».

Сондай-ақ, «La Repubblica» оның күйеу баласы Паоло Горланидің сөзін келтіреді. Ол Флавионың 81 жастағы анасының ұлының өмірі үшін қорқатынын, өйткені қазақстандық түрмеде оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрғанын айтқан. «Ол сол жерде ақшаның жақсы көзі деп есептеледі. Оны нашақорлармен бірге отырғызған және ол соларды есірткімен қамтамасыз етуге мәжбүр. Жалпы, Флавионың жағдайы мүшкіл», - депті Паоло Горлани.

Басқа итальяндық «Corriere della Sera» басылымы Флавио Сиданидің қамауға алынуында саяси-экономикалық астар бар дейді. «Бұл, бәлкім, 1,35 триллион текше метр газ бен 1,2 миллиард тонна мұнайы бар ірі Қарашығанақ кенішін басқаратын концернге кіргісі келген қазақ үкіметінің Eni-ге жасаған  «хабарламасы» шығар. Атырау түрмесінде жатқан оған күн сайын барып тұратын итальяндық әріптестері Сиданидің әлденеше рет өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын әңгіме етеді».

СИДАНИ ӘЙЕЛМЕНТАНЫСПАҚ НИЕТТЕ

Өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын қайдам, бірақ кейбір мәліметтер бойынша Флавио Сидани атыраулық тергеу изоляторына жаман орналаспаған секілді. Ол жерде, мәселен, оның Интернетке кіру мүмкіндігі бар екен. Осыдан тура бір апта бұрын Сидани мырза badoo.com танысу бетшесіне кіріп, «46-дан жоғары жастағы әйелмен танысқысы келетінін» жазған.

Бейресми дереккөздер УГ-157/1 мекемесінде оған жақсы жағдай жасалғанын хабарлайды.

ОҒАН КІМ «КРЫША»БОЛЫП ОТЫР?

Қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеуі тиіс Аджип ККО қаржы менеджерінің Атырау тергеу изоляторында болуы қаншалықты заңды? Сот шешімін өзгертуге кімнің батылы барды? Біз бұл туралы Атырау қылмыстық-түзету жүйесі департаментінің бастығы Дидар РАХЫМБЕРДИЕВТЕН сұраған едік. Ол қысқа ғана жауап берді: «Иә, Флавио Сидани осы жерде. Ол жаза мерзімін тергеу изоляторында өткізіп жатыр. Біз ҚР қылмыстық-атқару Кодексінің 72-бабының негі-зінде оны тергеу изоляторында материалдық-шаруашылық қызметін орындау үшін қалдыруға толықтай құқығымыз бар».

Бірақ оның мұнысы дұрыс емес, өйткені ҚР қылмыстық-атқару Кодексінің 72-бабының 1-тармағында («Бас бостандығынан айыруға сотталғандарды тергеушiлiк оқшаулау орнында немесе түрмеде қалдыру»): «Жазасын өтеу жалпы режимдегi түзеу колониясына тағайындалған, бес жылдан аспайтын мерзiмге бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталған адамдар ерекше жағдайларда өздерiнiң келісі-мiмен шаруашылық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды орындау үшiн тергеушiлiк оқшаулау орнында немесе түрмеде қалдырылуы мүмкiн» делінген (курсив менікі – С. Т.).

Оның үстіне, Д. Рахымбердиев заңның бұзылғанын өзі де біледі. Өйткені өткен жылдың желтоқсанында ҚР ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Б. БЕРДАЛИНГЕ қылмыстық-атқару Кодексінің 72-бабына сілтеме жасай отырып, Сиданидің тергеу изоляторында болуы заңсыз екендігін көрсетіп (хаттың көшірмесі редакцияда бар), оны этап бойынша қатаң режимдегі колонияға жіберуге рұқсат сұраған хат жолдады. Онда ол Сидани шетел азаматы болғандықтан оны шаруашылық жұмыстарына рәсімдеуге мүмкіндік жоқ екенін, өйткені оған салық төлеушінің тіркеу нөмірін және әлеуметтік жеке код рәсімдеу мүмкін еместігіне қынжылыс білдірген. Хаттан Б. Бердалиннің өзінің жазбаша нұсқаунамасына сәйкес, Ф. Сиданидің тергеу изоляторына шаруашылық жұмыстарына бөлінгені мәлім болды. Итальяндыққа осыншама (заңды бұзғанын еске салайық) бүйрегі бұрудың себебі неде екен деп сұрақ қоюдан басқа амал қалмайды. Әрине, мұның шетел азаматына деген аяушылық сезімі екенін де жоққа шығаруға болмайды. Өйткені біздің лагеріміз, оның үстіне ол қатаң режимдегі колония болса, еуропалықтар үшін өліммен пара-пар.

Сәния ТОЙКЕН

 

Суреттер автордікі

10 қаңтар 2012, 18:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.